2020 жыл Қытай күнтізбесі бойынша - тышқан жылы. Осындай ерекше жануарды үйде күтіп ұстаған қалай екенін мен жақын досым Анастасия Алиевадан сұрадым.
- Жалпы, мен ақ тышқанды алғым келген, бірақ зоодүкенде маған ондай тышқандарды көптен бері әкелмегенін айтты. Мүмкін сұраныс жоқ болар. Бірақ мен аса өкінбедім, өйткені дүкенде осы керемет жігітті байқап қалдым. Бұл сириялық атжалман екен және оның есімі Пупосик, - дейді Настя.
- Пупосиктен басқа сізде екі мысық бар. Олар сіздің отбасыңыздың жаңа мүшесін қалай қабылдады?
- Алдымен қызыға қарап, кейін ұрғашы мысық оны қолға түсіру үшін аңди бастады. Мен оны дер кезінде байқап қалдым. Ал еркегі көп мән берген жоқ. Тек тордың жанында орналасып алып, ұзақ уақыт бойы зерттеп, бақылайтын. Кейде Пупосикты қолыма алғанда, мысығым сәл қызғанатын секілді.
- Үйде оларды оңаша қалдыруға қорықпайсың ба?
- Әрине, Пупосикті торымен бірге басқа бөлмеге апарып қоямын, бәледен аулақ (күледі).
- Көбі атжалмандардың жағымсыз иісі бар деп жатады...
- Егер жануарларды дұрыстап күтсеңіз, ондай келеңсіз мәселенің орын алуы екіталай. Әрине, егер олардың денесі мен жатын орындарын үнемі таза ұстап отырмасаң, жағымсыз иіс болады.
- Оған күтім жасау қиын ба? Көп уақыт кете ме?
- Жоқ, қиын емес. Аптасына бірнеше рет астындағы ағаш үгінділерін ауыстырып, суарғыштарын жуып, суын жаңартып отыру керек. Жемін беруді де ұмытпаған жөн.
- Мұндай кеміргішті бағудың шығыны қандай?
- Мысықтарға көп шығын кетеді (күледі), мысалы, атжалмандарға арналған арзанқол азықтың бір қорапшасы 1,5 айға жетеді.
- Кеміргішті не үшін алдың? Осы кішкентай досыңмен «қарым-қатынас» саған не береді?
- Мен жануарларды жақсы көремін және ұлыма оларға ұқыпты қарауды үйретуге тырысамын. Сосын оларға қарап менің көңілім тынышталатын секілді. Жұмыстан шаршап келгенде оны алақаныңа алсаң, ол акробат сияқты саусақтарыңда ілініп, әр түрлі пируэттерді жасап, күлкіңді келтіреді, көңіліңді көтереді. Кейде оған қарап отырып, жәй ғана босаңсып, демалып қаламын.
- Ол адамдарға жақындаудан қорықпай ма?
- Алғашқы кездері торға әлдекімнің үлкен қолы кіріп келе жатқанда, қатты қорқатын (күледі). Кейін үйреніп кетті, қазір өзі алақанға секіреді.
Анастасия АЛЮШИНА
Суретті түсірген автор