Атырау, 23 қараша 19:24
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жылу берушілер ақшамызды қалай игеруде

2 398 просмотра

5 қарашада «Атырау жылу желілері» АҚ журналистерді тұрғындардың қаржысына жасақталған инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен таныстырды. Кездесудің бастамашысы табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік департаменті болды. 

ЖАМАУДАН ЖАҢҒЫРТУҒА

«АЖЖ» АҚ президенті  Нұрадин ШАМШАТОВТЫҢ айтуынша, кәсіпорынның инвестициялық бағдарламалары 2011 жылы бекітілді. Ол үш жылға есептелген. Жылу тарифтерін көтеру есебінен алынған инвестицияның жалпы құны 909 млн теңгені құрайды. Осы соманың 260,2 млн теңгесі 2012 жылы игерілуі тиіс.

Өткен жылы жылу берушілер қалалық әкімдіктен сенімді басқаруға иесіз қалған 28 шақырым жылу желілерін қабылдап алған болатын. Облыс орталығында тағы да 18,5 шақырым иесі жоқ жылу желілері бар.

Бүгінгі күні Атырауда 4 үйден басқа үйдің барлығы жылу алып отыр: Абай көшесі, 19 үй және терможаңғырту жүргізіліп жатқан Авангард 2-ші ықшам ауданындағы №14 үй, жаңа қоныстанған тұрғындар жылу орталықтарымен келісім-шартты енді ғана рәсімдеп жатқан Ерниязов көшесіндегі №16 үй, «Казкоммерцбанкте» кепілде тұрған және әлі тұрғындар қоныстанбаған Сәтбаев көшесіндегі  41 үй, - деп хабарлады  «АЖЖ» АҚ президенті  Н.Шамшатов.

- Біздер тұрғындарға жылу беру үшін құбырларды жамап-жасқап отырмыз, бірақ, сапалы жөндеу жүргізуге құқығымыз жоқ, өйткені, оларға кететін шығын қазіргі қолданыстағы тарифтерге енгізілмеген. Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік департаментінде инвестициялық бағдарламалар бекітілгенге дейін біздің қызметіміз қала бойынша барлық жылу желілерінің тесіктерін жамау болды, ал, енді біз оларды жаңғырту және кеңейтуге қаржы алдық, – дейді Шамшатов. – Бұрын біз қаланың оң жақ бөлігіндегі жаңа тұрғын үйлерге қызмет көрсетуден бас тартқан болатынбыз. Құрылысшылар ол үйлерді шағын жылу қазандарымен жабдықтауға мәжбүр болды (Нұрсая мөлтек ауданы, Сәтбаев даңғылы және Авангард мөлтек ауданындағы жеке үйлер М.С).Оған орталық көпірдегі диаметрі 50 сантиметрлік бір ғана тұрба себеп болды және ол арқылы ЖЭО-ның  жылуы барлық Самар бетке жетпейді. 2012 жылы инвестициялық бағдарлама бойынша көпірдің ішкі жағынан диаметрі 40 сантиметрлік екінші тұрба төселді. Бұл арқылы жылу проблемасы шешілген еді.  

«АЖЖ» АҚ тете-президенті Әлібек Темірғалиевтің айтуынша, жылу маусымы басталғалы бері кәсіпорынның жылу инспекциясына жылуға қатысты 15 шағым түскен. Алайда, олардың барлығы да ПИК-мен арада қайта жоспарлау және пәтерлердегі жылу сызбасының өзгеруіне байланысты келісімге келмегендерінің салдарынан орын алды.

Привокзальный және басқа да тұрғын үй массивтері жылуды қаланың орталық бөлігінен ескі сызба бойынша алады. Сондықтан да орталықтағы жылу желілеріне шамадан тыс күш түсіп кетті. Осы бағдарлама бойынша айналма желі құрылысы қарастырылған және ол келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. 2012 жылы ЖЭО-нан СМП-136 бағытына қарай тартылған магистральды құбырдың өткізу қабілеттілігі арттырылды. Диаметрі 30 сантиметрмагистраль бұрын жер астында болды, ал, қазір оны диаметрі 50 сантиметрлік жаңа құбырмен ауыстырып, теміржол желілерінің үстінен өткізіп отыр. «Біз осы жарақтандыру жұмыстарының техникалық негізі үшін «Қазақстан теміржолына» анықтама жинаумен бір жылдан астам уақыт айналыстық, ал, ол тұрбаны бір күнде орнатып тастадық», - дейді  «АЖЖ» АҚ күрделі құрылыс жөніндегі тете-президенті Әлібек ТЕМІРҒАЛИЕВ.

 

ТЕЛЕФОНМЕН БАСҚАРАДЫ

Бүгінгі күні «АЖЖ» АҚ диспетчері толығымен телефон байланысы бойынша жұмыс атқарады – ол телефон арқылы 44 қалалық жылу қосындарының операторларынан құрал мәліметтерін сұрап алады және оларға қандай режимдер бойынша беру керектігіне команда береді. Бұл қандай да болмасын апаттардың шұғыл арада жойылуына тиімді ықпал етеді. Инвестициялық бағдарлама қаржысына диспетчер тетігіне ақпараттарды автоматты түрде беру үшін аппаратты монтаждау жүзеге асырылатын болады. Мердігер анықталып, сатып алулар жарияланды, сөйтіп, жылдың аяғына қарай автоматты жұмыс ырғағы іске қосылуы тиіс. Атыраудағы жер асты арқылы жүргізілген оқшауланған жылу құбырлары Сәтбаев көшесінен финдік жылу қазанына дейінгі шағын алаңды алып жатыр. Жылу құбырларын жер астынан жүргізу қалалықтар үшін қолайлы, жылу энергиясын аз жоғалтады. Алайда, біздің топырағымыздың құрамы бұл идеяны орындауға қиындық туғызуда. Ал, оқшауланған тұрбалар жылу тарифтерін 10 есеге арттырған болар еді. Сондықтан да АЖЖ  оқшаулау үшін минералды мақтаны және пенополиуретанды қолданады.

 

«БҰЛ- СІЗДЕРДІҢ ПРОБЛЕМАЛАРЫҢЫЗ»

Қалалық ПИК ассоциациясы төрағасының орынбасары  Гүлнар САЛИХОВАНЫҢ  айтуынша,  1995 жылдан бері қаладағы бірде-бір үйде жылу жүйелерін шаю жұмыстары жүргізілмеген екен. Осы себепті үйлердің құбырлары темір қақтар мен басқа да қалдықтарға толы. Жылу берушілер жыл сайын ПИК-ке жолданатын ұйғарымдарда үйлердегі жылу жүйелерінің ақаулары көрсетілген тізіммен бірге шаю жұмыстарын жүргізу қажеттігін де көрсетеміз деп жауап берді. Және онымен ПИК-тің өздері айналысуы керек.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

8 қараша 2012, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.