«АЖ» бұрын хабарлағандай, биыл сәуірде Атырау облысы мәслихатының депутаттары құны 10 миллиард теңге тұратын «Сергек» ақылды бейнебақылау жүйесін мұнайлы астанада орнату үшін бір ауыздан дауыс берген болатын. Бұл камераларды орнату жаз айларында басталып та кеткен еді. Бүгінде әлеуметтік желілерде жүргізушілер әрбір қадам сайын (шынында да бұл оғаш көрінеді екен: ереже бұзбаса, кімге зиян?) орнатылған камераларға қатысты күні бұрын наразылық танытып жатыр. Қазақстан қалаларында, соның ішінде Атырауда, «Сергекті» орнатумен айналысатын «Көркем Телеком» ЖШС директоры Әсет АХМЕТОВ «АЖ»-ға берген сұхбатында көп нәрсеге тоқталып, 10 миллиардтың аса көп сома емес екенін түсіндіріп өтті.
- «Сергек» тек жол ережесін бұзғандарды ғана тіркеуге арналған ба?
- Жоқ, тек оны ғана емес. Қазір айтып беремін. Атырауда барлығы 2748 камера орнатылады: олар жолдың желілік учаскелері мен қиылыстарға орнатылатын 204 жиынтық (1224 камера), жалпы бақылауға 774 камера және 750 біріктірілген бұрылыс камералары. «Сергек» жүйесімен сауда орындары мен басқа адамдар көп жиналатын жерлердегі бейнебақылау камералары біріктіріледі. Демек, барлық камераның жартысынан көбі қаланың түрлі аудандарында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін болады. Мәселен, Нұр-Сұлтанда біздің жүйеміз қосылғаннан кейін қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейі 44% төмендеді.
«Сергек» Қазақстандық мамандар жасаған қоғамдық және жол қауіпсіздігі саласындағы фотобейнетіркегіш пен бейнесараптама жобасы. Бүгінде ол жоба Қазақстанның астанасында жақсы нәтижелер көрсетті. Қазір Өскемен, Атырау және Алматы қалаларында осы жобаны жүзеге асыру үшін келісімшарттар жасалды. Пилоттық жобалар Шымкент пен Түркістан қалаларында да басталды.
Жол қауіпсіздігіне келетін болсақ, «Сергек» аппараттық-бағдарлама кешені Атырау жолдарында жылдамдықты асыру, қызыл шамға өтіп кету, бағдаршамның тыйым салу белгісінде тоқтау сызығын кесіп өту, жол белгілері мен таңбаларының талаптарын сақтамау, тоқтау сызығына дейін 15 метрден басталатын қатарды реттеуші тұтас жолақты қиып өту секілді жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркеп отырады.
Барлық камералардың орналасу орындарын Атырау облысы полиция департаменті белгілейді.
- Бұрын пилоттық режимде 5 «Сергек» камерасы жұмыс істейді деп хабарланған болатын. Қандай да бір нәтиже бар ма?
- Бейбарыс даңғылында төрт аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылған еді, қазір көшенің жөнделуіне байланысты тоқтатылды. Қазір Атырауда жоспар бойынша орнату-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
ТҮНДЕ КҮНДІЗГІДЕЙ
- «Сергек» қараңғыда «көре» ала ма және жазба қанша уақыт сақталады?
- «Сергек» жүйесі түнгі режимде де жұмыс жасайды. Бұл жағдайда камерадағы инфрақызыл көмескі жарық және көшедегі жарық маңызды рөл атқарады. Жазбалар серверлерде 30 күн сақталады. Оны қарауға өкілетті органдардың ғана рұқсаты бар.
«Көркем Телеком» ЖШС – отандық IT-компания. Негізін қалаушы ағайынды Әсет пен Қайрат Ахметовтар. Атырауда жергілікті деңгейде әкімшілік мәселелерді шешу үшін оның «Көркем Жайық» атты еншілес ЖШС құрылды. Филиал осы жылдың маусым айында тіркелген, директоры - Марат Аманов.
- Тіркелген бұзушылықтар үшін айыппұлды рәсімдеу қалай жүргізіледі?
- Әрбір тіркелген бұзушылықты аттестациядан өткен полиция қызметкері тексереді және «Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізіліміне» тіркейді. Содан кейін полиция қызметкерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылып, ереже бұзушыға жолданады. Шешіммен келіспеген жүргізуші ұйғарымдағы көрсетілген өкілетті органның телефонына хабарласа алады.
- Кейбір жүргізушілер жол камераларына жақындағанда, мемлекеттік нөмірін ауыстыратын «төңкерілген нөмірлер» қондырып алады немесе «нано-жапсырмалар» қолданады. «Сергек» мұны анықтай ала ма?
- «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенде камераның объективі емес, жүйенің «миы» маңызды. Бұл қазақстандық әзірлеушілер жазған алгоритмдер. Камера кескінді серверге береді, онда ол компьютердің көмегімен өңделеді. Біздің кескінді нейронды желі әрбір символдың он мыңнан аса мағынасын танып-білуге қабілетті және адам көзіне көрінбейтін нәрсенің бәрін оңай айыра біледі.
«ӘРБІР ӨҢІРДЕ ӨЗДЕРІНІҢ ҚАРЖЫЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕРІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ»
- 10 миллиард - бұл үлкен сома неден құралады?
- Жобаның құнына барлық қауіпсіздік жүйесі кіреді: жалпы бақылау камералары мен жол жиынтықтары. Қазір біз ұсынып отырған бағалар мен ұсынатын шарттар – бәсекелестерімізден бірнеше есе төмен. «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенінің (АБК) құны желілік учаскеде – шамамен 4 миллион теңге, қиылыста – 10 миллион теңге. Кешен деп атауымыздың себебі бұл тек камералар ғана емес, сонымен қатар үздіксіз қуаттау көздері бар шкафтар және конфигурациясына байланысты басқа да жабдықтар. Сонымен қатар, кешендерді қондыру және келісімшарттың аяқталу мерзіміне дейін жоба бойынша қызмет көрсету де осы бағаның ішіне кіреді. АБК – сыртқы жабдықтар, сондай-ақ деректерді өңдеу мен сақтауға арналған серверлер, бағдарламалық жасақтама, ӘҚБТ процессингтік орталығымен байланыс арналарын біріктіру модулі қамтылатын біртұтас жүйенің бір ғана бөлігі.
- Тағы да жоба құны туралы: 270 мың тұрғыны бар Атырау үшін осыншама камералар саны көп емес пе?
- Әр қалада жергілікті билік өз бюджетінің мүмкіндіктеріне сүйеніп отыр. Жобаның құрамын полиция департаменті мен облыс әкімдігі Атырау қаласының криминогендік картасы аясында, террористік тұрғыдан осал нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды және Ұлттық экономика министрлігі бекіткен шектемелер шеңберінде бюджетке түсетін болжамды жүктемені ескере отырып ұсынды. "Сергек" жол кешендерін орналастыру орындарын белгілеу - жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негізделген. Камералардың мұндай орналасуының мәні жүргізушілерге көбірек айыппұл салуда емес, оларды көлікті сабырмен жүргізіп, жолда жүру мәдениетіне үйретуді көздейді. Өйткені өлім-жітімнің ең көбі жылдамдықты арттыру себебінен болады.
«БАРЛЫҚ АЙЫППҰЛДАР ЖЕРГІЛІКТІ БЮДЖЕТКЕ ТҮСЕДІ»
- Жақында Youtube-да «Сергектің» қажетті сертификаттары жоқ деп мәлімдеген блогердің бейнеролигі пайда болды...
- Азаматтардың қауіпсіздігі туралы сөз болған кезде, қажетті сертификатсыз жұмыс істеу мүмкін емес. Атап айтсақ, біздің жобамыз да осы бағытты көздейді. Бақылау-өлшеу құралының сертификаты ҚР ӘҚБК 31-бабына сәйкес ашық жарияланымда (https://kazinmetr.kz). Бұдан басқа, АБК-нің әрбір данасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тексеруден өтеді. Тексеру сертфикаттары жоқ АБК-ні пайдалануға мемлекеттік органдар жол бермейді.
- Атырауда «Сергек» камералары мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында орнатылуда. Бұл қалай жұмыс істейді? Айыппұлдан түскен ақша 50/50 пайызбен бөліне ме?
«Сергек» жүйесінің әрекет ету қашықтығы орташа шамамен 50 метр, бірақ бұл көрсеткіш әр түрлі факторларға байланысты өзгеруі мүмкін. Қашықтықтың ең жоғарғысы 80 метр, ең төменгісі – 30.
- Заңнамаға сәйкес, ереже бұзғаны үшін барлық айыппұл тікелей жергілікті бюджетке түседі. Жеке серіктестің бұл айыппұлдарға ешқандай қатысы жоқ. «Көркем Телеком» ЖШС-не жоба бойынша кестеге сәйкес төленетін төлемдер облыс әкімдігіндегі бір басқарманың құзыреттілігіндегі бөлек бюджет бағдарламасымен қарастырылады. Бұл ретте компания жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізу актісіне қол қойылғаннан кейін бюджеттен өтемақы төлемдерін алып отырады. Бұл төлемдер расталған инвестициялық және операциялық шығындардың өтеуі. Жеке серіктестің табысының жалғыз көзі – жүйені басқарғаны үшін сыйақы алу. Біз оны нысан толықтай облыс әкімдігінің теңгеріміне берілгеннен кейін аламыз.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор және «Көркем Телеком» ЖШС баспасөз қызметі ұсынған.