Атырау, 29 наурыз 00:40
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

2011-дің қаралы желтоқсаны

5 683 просмотра


Осыдан тура сегіз жыл бұрын «Жаңаөзендегі қанды қақтығыс» болды. Сол қаралы күндерде «Ақ Жайық» еліміздегі санаулы БАҚ-тармен бірге оқиға орнынан тікелей репортаж беріп отырды. Сол кездегі тілшіміз Сәния Тойкеннің мақалаларын шолып шығып, қалай болғанын қайтадан еске түсіріп көрелік. Өз атымнан айтарым, «АЖ» мұрағатын ақтарып отырып, мұнайшылардың талабына жауап ретінде оқ атқанды оқығанда сол күндердің суық ызғарын бойымнан қайта өткеріп, денемді қорқыныш пен үрей алып кетті.    

БАРЛЫҒЫ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ

Маңғыстау облысындағы мұнайшылардың ереуілі 2011 жылғы мамыр айының ортасында жұмысшылардың еңбекақы төлеу жүйесіндегі өзгерістер мен коэффициенттер төленбеуіне байланысты құқықтарының бұзылуынан басталды. Алғашқы болып «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Арғымақтранссервис» ЖШС және «ТұлпарМұнайСервис» ЖШС жұмысшылары жалақыны көтеру туралы талаптар қойды, кейіннен оларға «Өзенмұнайгаз» ӨФ мұнайшылары қосылды. Жұмыс берушілер, өз кезегінде, олардың талаптарын заңсыз деп есептеп, мыңдаған адамды жұмыстан босатты.  Жазда полиция қызметкерлерімен мұнайшылар арасында текетірестер орын алды, содан кейін Жаңаөзен қаласының орталық алаңы бірнеше айға созылған митингілер өткен тұрақты орын болды.


15 желтоқсанда алаңға киіз үйлер әкелініп, келесі күні Тәуелсіздік күнін тойлау үшін сахна мен аппаратура қоя бастады.

Алайда 16 желтоқсанда мерекелік концерт кезінде тәртіпсіздіктер басталып, орнатылған шырша өртенді, автокөліктер мен полиция автобусы қиратылды. Қарусыз адамдарға қарсы арнайы бөлімшелер жасағы шығарылды. Жұмысшылардың айтуынша, билік алаңдағы ереуілшілер тұрған жерге оқушылар мен студенттерді жалаушалармен жіберген. Олар мерекелік шеруді тоқтататқан бойда полицейлер шабуылға шықты.  


«16 желтоқсан күні кеште Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздіктер жалғасып жатты. Ал Ақтауда полицейлер әріптестеріне ниеттестік білдіру белгісі ретінде орталық алаңға жиналған мұнайшыларды жаппай қамауға алды. Ереуілге шығушылардың айтуынша, 16 желтоқсанда кешкісін Жаңаөзендегі қаза болғандар мен жаралылар саны көбейген. Түрлі бейресми ақпарат көздері түрлі цифрларды атайды, сондықтан қаза болғандар саны 10-нан астам деп жорамалдауға ғана болады. Күш құрылымдары тарапынан да жапа шеккендер бар: 6 полицей ауруханаға жеткізілген, оның біреуі аса ауыр халде. Әзірге көрші облыстардан күш құрылымдарын тарту жөнінде расталмаған ақпарат бар. Атыраулық омондар тобы Жаңаөзенге жетіпті», - деп жазды «АЖ» 2011 жылғы 17 желтоқсанда.

Сол күні Ақтауда жаңаөзендіктерді қолдау үшін «Қаражанбасмұнай» АҚ жұмысшылары кеңсенің жанына жиналды. Сол күндері біздің тілшіміз жұмысшылардың ішінде белсенді болған Еркін Озғанмен байланыста болды. Сол жерде де жаппай ұсталғандар бар.

Сол күні ҚР Президентінің Жарлығымен Жаңаөзенде 2012 жылдың 31 қаңтарына дейін төтенше жағдай енгізілді.


БОС ҚАЛҒАН ҚАЛА

21 желтоқсан. Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктерден келген шығын есептелді - бұл сан 2 миллиард теңгеден асты. Ұсталғандардың тағдыры әлі анықталған жоқ.  Ұялы байланыс және интернет бұғатталған. Ереуілшілер үкіметтік комиссия мүшелерімен  бір келісімге келмеді. Наразылық білдірушілер мен полиция арасындағы қақтығыс жалғасуда. Ақтау қаласының кіреберісі жауынгерлік іс-қимыл аймағы секілді - барлық жерде бетперде киіп, автомат асынған полиция қызметкерлері, БТР-лар және әскери машиналардың керуені. Қаланың орталығындағы «Ынтымақ» алаңын толығымен полиция қызметкерлері және арнайы жедел әрекет ету жасағы қоршаған.

...17 желтоқсанда оқ  атылып, бір адам қаза тапса да, жергілікті билік Жаңаөзен мен Шетпедегі жағдай тұрақталды деп хабарлады. Үкімет комиссиясының құрамына кіретін кіші комиссияның басшылары өз қызметінің алғашқы нәтижелерін жария етті. Оның мәліметі бойынша, Жаңаөзендегі бүлінген әкімшілік және азаматтық нысандар саны – 41.

Сол күні журналистер Жаңаөзенге шықты. Қалаға кірер кезде толған әскери көліктер мен мен БТР-лар, барлығының жеке заттары мен құжаттарын тексерді.

ҚІІБ есігінің алдында кезекте тұрған орта жастағы әйел көшеде оның 16 жастағы ұлын алып кеткенін және оның жағдайы туралы білу үшін келгенін сыбырлап айтты.

Әйтеуір, рұқсат алғаннан кейін журналистер екі полицей мен әкімдік қызметкерінің ілесуімен қалаға шықты. Жаңаөзен көшелері қаңырап бос тұр, полиция қызметкерлері мен ішкі әскер сарбаздарынан басқа ешкім көрінбейді. Базардың жанында автобус күтіп отырған бірнеше әйелді әңгімеге тартып көрген едік, олар қатты үрейленіп, сұрақтарымызды естіп, бірден жауап беруден бас тартты.

22 желтоқсан. Маңғыстау облысына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ келді. Барлық кен орындарынан наразылық білдірген мұнайшылар әдетте вахталық автобустар шығатын Ақтау автостанциясына жиналды. Алайда Президент олармен кездесе алмады – Жаңаөзенге ұшып кетті.

Бұған дейін Президент Ақтау қаласында облыс активімен кездесіп, облыс әкімі Қырымбек КӨШЕРБАЕВТЫ орнынан босатып, жаңа әкімі Бауыржан МҰХАМЕДЖАНОВТЫ таныстырды. Ереуілге шыққан мұнайшылар бұл кездесуге шақырылған жоқ.

"КІМ АТТЫ? БІЗ АТТЫҚ!»

24 желтоқсан. Тілшілерге ІІЖБ бастығы подполковник Серік ҚОЖАЕВ берген баянат бойынша, Шетпе станциясында жағдай тұрақты. Барлық жолдарда әскери қосындар орнатылған, патрульдік көліктер жолда жүр.

С.Қожаев 17 желтоқсанда бір топ жастар  пойыздардың жолын бөгеп, тепловозды өртеп жібергенін, бірақ өрт тез сөндірілгендігін хабарлады. Оның айтуынша, полицейлер ереуіл тобымен келіссөз жүргізуге тырысты, бірақ олар келісімге келуден бас тартты. Темір жолды тез арада босату туралы айтылған бірнеше өтінішке пысқырып та қарамады. С.Қожаев наразылық білдірушілер өз іс-әрекеттерімен полиция қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіргеннен кейін оқ атуға мәжбүр болғанын хабарлады. Бір адам қаза тауып, 11 адам жарақат алды, барлығына медициналық көмек көрсетілді.

Сонымен қатар Қожаев қаза тапқан адам, БАҚ-та хабарланғандай, өрт сөндіруші емес, рұқсат етілмеген митингке қатысушы болғанын атап өтті.

Бұл жерде Маңғыстау облысы Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Хайдар САРИН әңгімеге қосылды (бұдан әрі - сөзбе-сөз).

- Сен бәрін түгел айт, - деді ол Қожаевқа.

- Бұл анықталған фактілер. Қаза тапқан адамның аты-жөні Төребек Төлегенов. Ол ТЖМ өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істеді. Бірақ наразылар жағында болды.

- Оны кім атты?

- Кім атты? Біз аттық!

- Неге аттыңдар? Кім бұйрық берді?

- Қалай неге? Біздің өмірімізге қауіп төнгенде табельдік қару қолдануға құқымыз бар. 

- Ал қаза болған адам оған қарсы қару қолданатындай қандай әрекеттер жасады?

- Мұны білмеймін, оны топтың ішінде байқау мүмкін емес. Ешкім адамдарды көздеп оқ атқан жоқ. Ескерту ретінде ауаға оқ атылды, - деп жауап берді подполковник Қожаев.

-Сіздерде көзден жас ағызатын газ, суатқыш сияқты арнайы құралдар жоқ па?

- Бізде арнайы құралдар жоқ, тек каскалар, қалқандар мен қару. Арнайы құралдармен аудандық әкімдіктер жабдықтауы тиіс.

- Егер «Гонг» жоспары жарияланбаса, полицейлердің табельдік қаруды қолдануға құқығы жоқ екенін Ішкі істер министрі Қасымов айтты. Сіздерде осы жоспар болды ма? Кім енгізді оны?

- Бізге қақтығыс басталған кезде 16 желтоқсан күні облыс орталығынан жария етілді.

- Тәртіпсіздікке қатысушылардан тәркіленген қару бар ма?

- Олардың қаруы болған, бірақ бізде тәркіленген қарулар жоқ. Біздің бір қызметкерімізді атқан туралы факті бар, кім екенін айта алмаймын. Ол офицер, оған оқ тиді, бірақ тірі қалды.

ӨЛІМНЕН КЕЙІН ӨЛІМ

Жаңаөзендегі оқиғалардың белсенді қатысушыларына қатысты сот 2012 жылдың 27 наурызында басталды. Іс бойынша 37 сотталушы, 45 куәгер өтті. Сотталушыларға жаппай тәртіпсіздікке қатысу, қасақана өртеу, мүлікті жою, билік өкілдеріне қарсы зорлық-зомбылық көрсету, тонау және ұрлық жасау айыптары тағылды.

Құқық қорғаушы Әсел НҰРҒАЗИЕВА өткен жылы «АЖ»-ға берген сұхбатында сол кезде іс бойынша сотталған мұнайшылар да, 5 полиция қызметкері де (өкілеттілігін асыра пайдаланғандары үшін сотталған) бостандыққа шыққанын айтты. Бас бостандығынан айыру орындарында ешкім қалған жоқ.

Бұл оқиғаның кейін болған тағы да бірнеше қанды дақтары бар. 2011 жылғы 2 тамызда жұмысшы будкасында бейтаныс адамдар кәсіподақ белсендісі Жақсылық ТҰРБАЕВТЫ өлгенше сабаған. Үш аптадан кейін кәсіподақ комитетінің төрағасы Құдайберген ҚАРАБАЛАЕВТЫҢ қызын зорлап, өлтіріп кеткен. 20 жастағы Александр БОЖЕНКО алдымен сотта мұнайшыларды айыптау тараптан куәгер ретінде сөз сөйледі. Кейін ол өзін күштеп осылай жасауға мәжбүрлегенін мәлім етті. Сот өткеннен бірнеше айдан кейін оны да өлтіріп кеткен. Полицияның болжамы бойынша, бұл қылмысты мас бұзақылар жасаған.

...Жаңаөзен оқиғаларының нәтижесінде ресми түрде 17 адамның қаза болғаны хабарланды. Бірақ ешкім бұл мәліметтерге сенбейді; куәгерлер мен қатысушылардың айтуынша, құрбан болғандар одан да көп. 

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

16 желтоқсан 2019, 16:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.