Атырау, 23 қараша 18:53
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Желтоқсан куәгері: «Көлікке малша тиеп, далаға тастады»

10 756 просмотра


- Мені сүйреп келе жатқан екі сарбаздың бірі «соғысып болдың ба?» деді мысқылдап, «мен әлі бастаған жоқпын» деуім мұң екен, қолындағы сойылмен басымнан бірнеше рет ұрды,- деп еске алады Жылыой аудандық ветеринария инспекциясының басшысы Мұрат МҰҚАН. Жылыой ауданы Тұрғызба ауылының тумасы 1986 жылдың суық желтоқсанында Алматы зооветеринарлық институтының студенті еді.

- 16 желтоқсанда сабақтан шыққан соң Колбиннің Орталық комитеттің бірінші хатшысы болып сайланғанына наразы жастардың Брежнев алаңына қарай бара жатқанын көріп, курстастарым Қожағалиев Рақым, Қожабаев Өркен үшеуміз соларға қосылдық,- деп сөз бастады Мұқан. – Сол кезде орталық биліктің бұл шешіміне қарсы шықпаған қазақ жоқ шығар. Бұл әсіресе студент жастардың зығырданын қайнатты. Сол күні күш көрсетілмеді. Ертесіне таңертең орталық алаңға қайта бардық. Алаң толған жастар, үкімет үйін қоршап тұрған қалың әскерді көрдік. Сол жерде жастар үкімет саясатының дұрыс еместігін ашық, анық жеткізе, мінберге шығып, кезекпен кезек айтып жатты. Бір кезде арнайы жасаққа бұйрық беріліп, шолақ күректері мен сойылдарын жұмсап, жастарға бас салды. Қарусыз жастар қалың әскерден қорыққан жоқ, қасқайып тұрып қарсы алды. Мен сол кезде қазақ қыздарының намысшылдығының куәсі болдым, олар жігіттерді қорықпауға, батылдыққа шақырып, жігерлендірумен  болды... Абыр-сабыр төбелес жүріп жатты, бізді аяған жоқ, еңгезердей әскерлер қыздарды шыбын құрлы көрмей, шырылдата сабап жатты. Біз де өзімізше тойтарыс беріп, бір-бірімізді құтқаруға тырысып жатырмыз. Бір кезде арт жағымнан келген бір солдат дубинкамен басымнан қатты ұрғанда, көзімнің оты жарқ етті. Жерге сұлап түстім, есім кіресілі-шығасылы. Екі адамның сүйреп келе жатқанын еміс-еміс білем. Мені сүйреп келе жатқан екі сарбаздың бірі «соғысып болдың ба?» деді, «мен әлі бастаған жоқпын» деуім мұң екен, қолындағы сойылмен басымнан бірнеше рет ұрды. Есімнен айырылдым...

Мұрат МҰҚАН

Көзімді ашсам, басым қатты ауырып барады, мең-зең күйдемін. Былқылдаған не екен десем адам денелері, қыз, ұлға қарамай бәрімізді бір жерге үйіп тастапты. Бір кезде жабық, терезесі жоқ көлік келіп, бізді соған малша тией бастады. Қорыққандар да болды, көлік ішінде үсті-басы қан жігіттің «бізді атып тастайды» деп үрей шақыра қобалжығанына «ата ма, аса ма, жігіт емеспіз бе?» десті басқалары. Бізді бір ғимараттың алдына алып келді. Әскерлер қақ жарыла сап түзеген. Бізді бір-бірлеп түсіре бастады. Өркеннен кейін кезек маған келді. Бір уақытта еңгезердей бір әскери «Жетеді. Басқа жаққа әкетіңдер» деп, есік алдында тұрған мені машина ішіне қарай итеріп тастады. Бізді тиеген көлік ұзақ жүрді. 40-50 шақырым жүріп тастаған сияқтымыз, жолсыз жермен келе жатқанымызды сезіп келеміз. Бір кезде көлік әр жерге тоқтап, адамдарды бір-бірлеп айдалаға түсіріп кетіп жатты. Біз курстасым Рақым екеуміз бірге түсуге шешім қабылдадық. Біздің институтта оқитын жас жігіт те бізбен бірге болуды қалады. Көлік тоқтағанда, үшеуіміз жерге секірдік.

...Аңтарылып тұрмыз, айнала өлі тыныштық. Бізді тастаған көліктің артынан жүрейік деп шештік. Бір кезде бір ауыл көрінді, аялдамаға келіп тұрдық, екі-үш әйел біздің қан-қан болған, киіміміз жыртық-жыртық кейпімізді көріп, тұра қашты. Бір үйге бет алдық, олар жөн сұраспақ түгілі, есікті кілттеп алды. Сыртта тұрған суға жуынып, денеміздегі қанды кетіріп, үсті-басымызды тазалағандай болдық. Алматы деген бағдармен ілбіп жүре бердік, ешбір көлік тоқтамайды. Қанша жүргенім есімде жоқ, болдырып, шаршағанымызда, сары түсті «Волга» тоқтады. Қазақ екен, ол бізді ала кетіп, Алматының шетіне келгенде: «Жігіттер, түсінесіңдер ғой, осыған риза боласыңдар» деп түсіріп кетті. Біз алғысымызды жаудыртып, аялдамаға жетіп, көрінген автобусқа мініп, институтқа келдік. Келсек, институт жатақханасы әскер қоршауында тұр екен. Іштен оқытушыларымыз шығып, бізді кіргізіп алды. Өркен бір күннен соң келді, оны әбден ұрып, жарылған басын тігіп, қоя беріпті.

Бізді институттан шығарған жоқ, өйткені алаңда болған Алматының барлық қазақ студенттерін оқудан шығаруы керек еді.

...Сол сұрапыл кезден көптеген жылдар өтсе де, күні кеше болғандай бәрі көз алдыма келеді. Алаңда басым жарылып, ернім істі. Тән жарасы жазылды, бірақ жан жарасы әлі сыздатады – мұны ұмыту мүмкін емес. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

15 желтоқсан 2019, 11:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.