Атырау, 23 қараша 19:35
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бекеттегі берекетсіздік

2 143 просмотра

Құрманғазы ауданы Мақаш селолық округіне қарасты тоғыз жолдың торабында орналасқан №8 бекеттің бүгінде берекесі қашты. Бес жүзге жуық тұрғыны бар елді мекенде газ, су, жылу жоқ. Ал билік өз есебіне бұл проблеманы қоспай отыр.

Бекетке дейін көлікпен жете алмайсың. Бізге көлігімізді шойын жолдың бір бетінде қалдырып, бекетке жаяу баруға тура келді. Бұл – бірінші мәселе.

 

КӨМІР ТАСЫП ОТЫР

- Қайдағы табиғи газ? Біз көмір жағып отырмыз. Оның бір тоннасы 8 000 теңге шамасында. Қымбаттау әрине, бірақ, енді не істейміз? Бұл бізді жылудан ажыратып тастағалы 20 жыл көріп келе жатқан күніміз,- дейді бекеттұрғындары. Айтпақшы, олар өздерінің аты-жөндерін атауға үзілді-кесілді қарсы болды.

- Сіз кетесіз, біз қаламыз, - деп түсіндірді олар.- Ертеңгі күні неге ауыздарыңды аштыңдар деп артымызға түседі. Сондықтан бізді дұрыс түсініңіз, есімдерімізді атай алмаймыз.

Бұл – екінші мәселе.

 

СУ ҮШІН ТАЛАС

Біздің келгеніміз туралы хабар поселкеге тез тарады. Көп кешікпей айналамызға бір топ адам жиналып қалды. Олар өздерінің қиын күнкөрісі жайлы жарыса жеткізді.

- Округ әкімі өз есебінде біз туралы ештеңе айтпайды, - дейді тұрғындар Ләйла БЕГИМОВА мен Жағалбай ҚАЖИМЕДЕНОВ. – Бізде проблема жетеді. Ауыз суды 500 метр қашықта жатқан су қондырғысынан шелектеп тасимыз. Ал ол бір сағатқа ғана ашылатындықтан оны алып үлгеру керек. Кәріз жүйесі істемейді. Кәріз суы жертөлеге кетіп жатыр.

Бұл – үшінші мәселе.

 

ИНТЕРНЕТ?ЖОҚ, ОНЫ ЕСТІМЕДІК!

- Біздің балаларымыз компьютерді өмірде көрмеген, - деп әңгімелейді Алмагүл МОЛДАШЕВА. - Мектепте бала саны аз, сағат жетпейді деп орыс тілі мен ағылшын тілі пәнін 1-2 сыныптан алып тастады. Бұл пәндерді балалар 3-сыныптан бастап оқып жатыр. Олар үшін бірден игеріп кету қиын болады. Ал 2-3-ші сыныптың оқушылары бір сыныпта отырып оқиды. Бұдан кейін қандай білім сапасы жайында айтуға болады?

Мектеп ғимараты 40 жыл бұрын салынған. Және көптен күрделі жөндеуді қажет етіп тұр - іргетасы сөгіліп, жарықтар пайда болған, шатырынан да су ағады. Бірақ, оны жөндеуге ақша жоқ.

Ал аудандық білім бөлімінің бастығы Болатбек ШУРИН әр түрлі сыныптардың бір бөлмеде отырып оқытылуы білім сапасына ешқандай әсер етпейді деп есептейді:

- Егер біз қаржы таба алсақ, мектепті жөндейміз. Сондай-ақ, 2-3 сыныптың оқушыларының бір сыныпта оқуы уақытша, өйткені, мектептегі бала саны аз. Ал ата-аналардың орыс тілі пәні жүргізілмейді дегендері жалған. Бұл пән 1-сыныпта өтеді. Рас, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі жоқ. Ал оқулықтар тегіс беріледі. Мектепте екі компьютер бар: мұғалімдер мен есепшілер кабинетінде. Бірақ, олардың бастауыш сыныпқа қажеті жоқ.

Айта кетейік, №8 бекетте балабақша да, мәдениет үйлері де жоқ.

Бұл – төртінші мәселе.

 

ҚАУІПТІ КӨРШІЛЕСТІК

Сондай-ақ, бүкіл ауыл үстімен төселген теміржол арқылы мұнай өнімдерін таситын жүк вагондарының құрамы жүреді. Ауыл тұрғындары бұл күдікті көршілестікке алаңдаулы. Алайда олардың шағымын тыңдап жатқандар аз.

Бұл – бесінші мәселе.

 

БҰҒАН БЕС СЕБЕП БАР

Бұл кем дегенде бес мәселе... Сыртынан қарағанда мұндай жағдайда өмір сүру азап. Егер күні бойына су тасып, пеш жағып отырса, тұрғындар өмір рахатын қашан көре бастайды?

Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Қуандық САДИХОВ су мәселесінің келер жылы толық шешілетініне уәде берді.

- Өткен жылы осы мақсатқа республикалық бюджеттен 40 млн теңге бөлінді. Су құбыры жүргізілді, тек монтаждау және қосу жұмыстары ғана қалды. Сондай-ақ, газ құбырын тарту жұмыстарының жобасы да жасалды. Егер облыстық бюджеттен қаржы бөлінсе, бұл жұмыстар 2014 жылы іске асырыла бастайды.

Ауыл тұрғындары құрғақ сөзге тойып болған. Сондықтан, әр уәдеге сенімсіздікпен қарайды. Ал уәде етілген газ құбырына жету үшін әлі екі қыстан өту керек. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

7 қараша 2012, 16:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.