1 қарашада қалалық әкімдікте құрылыс және ТКШ істері жөніндегі агенттіктің бастамасымен Атырау қаласындағы қалдықтарды басқару жөніндегі жұртшылық тыңдауы өтті. Латвиялық «Гео Консултантс» компаниясы қалалық билікке 26,5 млн еуро бағамен өзінің коммерциялық ұсынысын жасады.
ЖҮЗ ПАЙЫЗ, БІРАҚ ЖУЫҚ АРАДА ЕМЕС
Компания қолға алынған жаңа полигонды салу жұмыстарын аяқтауды ұсынып отыр. Естеріңізге салсақ, ол қолданыстағы қоқыс орнына тікелей жақын маңда, оны үш жақтан дерлік айнала қоршап орналасқан.
Қазақстандағы компания өкілі Ивар БУТТЫҢ (суретте) айтуынша, бұл су жаңа полигон құрылысын салуға қарағанда, 65 пайызға аз қаржыны қажет етеді екен.
– Біз осы бағытта облыстық әкімдік жүргізген жұмыстарды базадан есептеп шықтық.
Мұның 26,5 млн еуро екенін айта кетелік. Осы ақшаға латыштар не ұсынып отыр?
– Қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) мөлшері салыстырмалы түрде көп болмағандықтан, біз көмбес бұрын қалдықтарды 100 пайыз сұрыптауды қарастырдық. Қағаз/картон, пластмасса, шыны, металл мен компостты бөлек айырамыз, бұл жалпы қалдықтардың 50 пайызын құрайды, - дейді И.Бут. (Бұл абсолюттік тұрғыда. Ал іс жүзінде, кейінірек біздің сұрағымызға Буттың жауап бергеніндей, егер бәрі жақсы болса, «өңдеу тереңдігі» алғашқы жылдары 5-10 пайыздан аспайды, «егер 2027 жылға дейін бұл цифрлар 40 пайызға дейін жетсе – бұл жақсы көрсеткіш» - З.Б.).
Қалдықтардың қалған бөлігін сығымдап, жаңа полигонға қаттап тастау қарастырылған. Сондықтан ҚТҚ басқарудың жаңа кешенінің барлық элементтерін бір жерден салу мақсатты болмақ. Өйткені қажетті инвестициялық шығындар азаяды, пайдалану шығындары мен қайталама шикізат дайындау шығындары әжептәуір төмендейді. Қалдықтарды жинау мен тасымалдауды қоспағанда, қалдықтарды басқару инфрақұрылымының барлық негізгі жиынтықтары бір жерге, яғни салынып бітпеген жаңа полигонның жанына жайғастырылатын болады. Инфрақұрылым қатар орналасқан екі бөлікке бөлінбек және салынған, сондай-ақ, қайта жарақталған жаңа полигонды (24 га) және қалдықтарды шірітетін алаңды (1 га) қамтиды. Сонымен бірге, аралас қалдықтарды сұрыптау кешені (3,5 га) жоспарланған. Осылайша, нысанды орналастыруға арналған жалпы аумақ 28,5 гектарды құрайды.
Толықтай жоба полигон салу және аралас қалдықтарды сұрыптау стансасы немесе қажетті арнайы техниканы сатып алу, аумақты көгалдандыру, пластик контейнерлерді (әр данасын 350 еуродан) орнату секілді баптарды қамтиды.
ШАРТТЫ ЖОҒАРЫ ТАБЫС – НАҚТЫ ЖОҒАРЫ ТАРИФ
Жоба авторлары жаңа полигонды салумен қатар басқа да проблемалардың қолайлы шешімі қоқыс өңдеу зауытын салу боп табылатындығына баса назар аударады. Дегенмен бұл «Гео Консултантстың» ұсынған жобасына кірмейді, өйткені бұл жобаның едәуір қымбаттауына әкеп соғады. Алайда егер болашақта бизнес саласында қызығушылық туындаса, полигон төңірегінде шыны, пластик немесе металл өңдеу цехтары үшін орындар жеткілікті, деп сендіреді Бут.
Қарапайым есептер. Латыштар қазіргі адам басына шаққандағы 120 теңге тарифті 338 теңгеге дейін көбейтуді ұсынады. Бізге 50 жылға полигон салып береді. Егер қазіргі кезде Атырауда өмір сүріп жатқан 253 746 адамды (бұл мәліметтер 2011 жылдың басындағы ҚР Статистика агенттігінен алынған) ұсынылған тарифке көбейтер болса, бұл сома 913 млн тг (1 млрд 29 млн 194 мың), немесе 230 млн еуро (5 млн 146 мың еуро) құрайды. Жарты ғасыр ішінде полигонды ұстап тұруға Атырау халқы 46 млрд еуро (257 млн 300 мың) төлейді екен. Алтын жұмыртқа басып шығаратын тауық деген осы.
Мұндай тәсіл келесі жағдайларда жүзеге асырылуы мүмкін: біріншіден, қалдықтарды басқару инфрақұрылымы экономикалық көзқарас тұрғысынан теңдестірілген болуы тиіс, яғни жаңа жүйені пайдалануға беру (соның ішінде пайыздарды төлеуді қосқанда, инвестицияны қайтару) толығымен ҚТҚ басқару тарифінің есебінен жабылуы тиіс. Екіншіден, халықтың төлем қабілеті ескерілуі тиіс. Мәселен, облыстық статистика департаментінің мәліметтері бойынша, 2012 жыл ішінде Атырау қаласында орташа жылдық табыс жылына 406 113 теңгені құрады. Осы соманың 1 пайызы (қалдықтарды басқару қажеттілігі үшін Еуропалық Одақта құпталған кіріс мөлшері) жылына 4 061 теңгеге немесе айына 338 теңгеге тең болады. Тиісінше, халықтың төлем қабілеттілігі талаптары сақталған кезде ақша ағымының жоғарғы шегі: айына 338 теңгені қызмет көрсетілетін халық санына көбейту және оған заңды тұлғадан түсетін төлемді қосумен анықталады. Сондай-ақ, егер қарастырылған болса, субсидиялар мен олардың көлемдері белгілі болуы тиіс. Бұған: инвестицияның бір бөлігін жабу (грант, пайызсыз қарыздар және т.б. түрінде), халықтың аз қамтылған бөлігіне арналған жәрдемақылар, бөлек жинауға субсидиялар, ҚТҚ сұрыптау, өңдеу және т.б. кіруі мүмкін. Қазіргі уақытта субсидия болу мүмкіндігі туралы шешім қабылданбақ түгілі, талқыланған да жоқ. Сондықтан әрі қарай ҚТҚ басқару сызбасын талдау кезінде біз өзіміз үшін субсидиялар ТЭН даярлау кезеңінде қолжетімсіз деп ұйғардық. Егер қалдықтарды басқару тарифі халықтың орташа жылдық табысының 1 пайызынан аспаса, өңдеу үшін қажетті капитал салымы тіпті 20 жыл уақытта есесі қайтарылу үшін де ҚТҚ мөлшері жеткіліксіз үлкен болады.
РИГАЛЫҚ СЛАЙДТАР
Жоба құнына қолданыстағы қоқыс орнының топырақ құнарлығын қалпына келтіру жұмыстары енгізілген. «Гео Консултантс» біздің қалалық қоқысты 4,4 млн еуроға көмуге уәде етіп отыр. Бұл әдіс, Бут растап отырғандай, Латвия мен басқа елдердің фирмалары көмген бірнеше жүздеген қоқыс орындары арқылы тексеруден өткен.
Залда қатысып отырған қалалық ТКШ бөлімі бастығының орынбасары Серікбай ҚАЗИЕВ қалаға қоқыс орны/полигонның жақын орналасуын проблема деп атады: қала шынымен де оңтүстік-батыс бағытына, яғни, қоқыс орны жаққа қарай қарай кеңейіп бара жатыр. Оны қала сыртына шығару ұсынысы болғанын еске салды.
– Иә, шынымен біз жаңа полигонды қала сыртынан 35 км қашықтыққа орналастыру нұсқасын қарастырдық. Бірақ бұл тасымалдау шығындарының салдарынан тарифтің әжептәуір қымбаттауына әкелер еді, - деп растады оның сөзін ТКШ бөлімінің бастығы Жұмабай ҚАРАҒАЕВ.
– Құрылыс және ТКШ істері жөніндегі агенттікпен осы жобаға қатысты келісілген мерзімдер бар ма?
– Осы мәселе бойынша алда тыңдаулар өткізіледі, - дейді Қарағаев.– Егер пилоттық жобалар қабылданатын болса, егер Агенттік жақсы бағаға қол жеткізіп, түрлі қалалар үшін типтік ұсыныстар мақұлданса, мемлекеттік сараптама қорытындысы бар ТЭН 2013 жылдың наурызында қабылдануы тиіс. Жобаны қаржыландыруға ЕБРР қызығушылық білдірді. Жобаны іске асырудың ең әрі мерзімі 2014 жылдың бірінші жартыжылдығы.
Қалдықтардың тегістелген және нығыздалған алаңқайы қалыңдығы 80 см болатын сазды материалдан жасалған саркофагпен жабылады. Жобада жинақталып факельдерде жағылатын қоқыс газын шығару қарастырылған.
– Бұл атмосфера шығарындыларын азайтады деп жорамалдайық. Ал топырақты және қоқыс астындағы топырақ қабатын улауға қатысты қалай болмақ? – деген сұрақ қойды залдан «Вест Дала» ЖШС-нің бизнесті дамыту жөніндегі менеджері Оксана ЖВАЛЮК.
– Әдетте мұндай жағдайда айналасына ор қазып, инфильтраттар (сұйық фракция - З.Б.) апарылады. Егер ылғал болмаса, бұл массаның агрессиялығы төмендеп, біртіндеп әсер ету процесі азаяды.
Мысал ретінде Бут өз фирмасы қызмет көрсеткен ригалық қоқыс орнының слайдын көрсетті. Құс ұшатын биіктіктен қарағанда - бұл жалт-жұлт еткен көлшіктері инфильтрат бөлген көгалдандырылған қылқанды массивтер қоршаған жасанды белестер екен. Ол жерде газ тұтқыштармен жарақталған қолданыстағы полигонға қатысты жағдай одан да жақсы.
Қожайындары биогаздан электр энергиясын өндіреді, тіпті оны сатып, Бут растағандай, «жылына 3-4 млрд доллардай» табыс табады екен. Ал табиғи түрде өндірілетін жылу арқылы гидропоника әдісімен көшетханаларда «Ригадағы ең кең таралған» қызанақтар мен құлпынайлар (төмендегі суреттерде) өсіреді...
Осы әңгімеге шетелдіктің араласуы күтпеген жайт болды.
West Dala компаниясының қалдықтарды басқару жөніндегі инженері Йохан ТУИ орынды сұрақ қойды:
– Неліктен жаңа полигонды ескісінің жанына салған? Қала қоқыс орны жаққа қарай кеңейіп жатыр. Ал адамдардың, соның ішінде, жаңа полигон қызметкерлерінің қауіпсіздігі қалай болмақ? Олар шіріп жатқан қоқыстың улы әсерінен қорғанбаған ғой.
– Қоқыстың зиянды әсеріне қатысты проблеманы таяу үш жылда ниет болса және қаржы болса шешуге болады. Қалай дегенмен де, жаңа полигон ескі қоқыс орны жабылып, топырағы құнарландырылғаннан кейін ғана немесе осы жұмыстармен қатар жұмысын бастайды.
«Глобус» ҮЕҰ жетекшісі Галина ЧЕРНОВА наразылық білдірді:
– Тағы да полигон ба? Жер бетінде қолданылған басқа технология жоқ па?
– Бар, бірақ олар өте қымбат тұрады, бағасы 150 млн еуроға дейін. Біз өңірдің мүмкіндігіне қарадық.
Жаңа полигонның принципі геомембрана топырағын қорғауға негізделген. Полигон алаңы шаршы метрлерге бөлінеді, біреуі толса, ол көміп тасталады. Ал нығыздалған қалдықтар көрші шаршыға салынатын болады. Полигонның қызмет мерзімі - 50 жыл.
– Мембрананың бүліну мерзімі қандай?
– 50 жыл. Қоқыс инертті материалға айналу үшін осы мерзім жеткілікті.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА