Атырау, 23 қараша 19:42
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қырылған балықтар туралы іс: прокурор сотталушыларға 5 жыл жаза сұрады

4 287 просмотра


№2 Атырау қалалық сотында шілде айында басталған Жайықтағы балықтың жаппай қырылуы бойынша сот процесі аяқтала келді. Жақында өткен екі сот отырысында тараптардың пікірі  тыңдалған-ды, ал соңғысында айыптаушы тарап үш сотталушыға ұсынылған жазаны жария етті.

МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУШЫНЫҢ СӨЗІНЕН

Сотталушылар «Атырау Су Арнасы» КМК-да  өз қызметтерін орындау барысында соңы ауыр салдарға әкелген технологиялық қателіктер жіберген.

Қылмыстық іс аясында кешенді сот-экологиялық сараптама жүргізілді және оның қорытындысы бойынша балықтың суға жоғары уытты хлордың төгілуі салдарынан өлгені анықталды. Уытты зат балықтардың тыныс алуына кедергі келтірген.

Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, 2018 жылдың желтоқсанында Геолог ауылынан ағыс бойымен төмен қарай Зарослый каналына дейінгі Жайық өзенінің бөлігінде келеңсіз антропогендік әсер пайда болған, бұл ахуал «Атырау Су Арнасы» КМК-ның құрамында көп мөлшерде хлоры бар шартты таза суды жіберу салдарынан орын алды. Қылмыстық істің материалдарында  осы жағдайлармен балықтың жаппай қырылуының арасындағы  себеп-салдарлық байланыс, сондай-ақ, айыпталушылар Руслан ҚҰРМЕТОВ, Виктор СУЩЕНКО  және Михаил ЧУРСИННІҢ кінәлары толығымен дәлелденді.

Одан әрі  прокурор Жақсылық СИКИМОВ соттан келесі жазаларды тағайындауды сұрады.

Р.Құрметов ( «Атырау Су Арнасы» КМК экс-директоры) үшін:

ҚР ҚК  371-бабы, 2-тармағы («Елеулі зиян келтіруге әкеп соғатын салғырттық,»), 204 бабы, 2 тармағы («Абайсызда жасап, ірі залал келтіріп бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру»), 328 бап 3 тармағы («Қоршаған ортаға аса ірі залал келтіре отырып суларды ластау, қоқыстау немесе сарқу») бойынша кінәлі деп танып, қылмыс жиынтығы бойынша орташа қауіпсіз мекемеде 4 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындау.  Бұлтартпау шараларын өзгертіп, сот залынан қамауға алу.

В. Сущенко (директордың орынбасары) үшін:

ҚР ҚК-ның 204-бабы, 2-тармағы және 328-баптың 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, қылмыс жиынтығы бойынша орташа қауіпсіз мекемеде 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, бұлтартпау шараларын өзгертіп, сот залынан қамауға алу. 

М.Чурсин («Атырау Су Арнасы» КМК су тазарту станциясының бастығы) үшін:

ҚР ҚК-нің 204-бабы, 2-тармағы және 328-баптың 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, қылмыс жиынтығы бойынша орташа қауіпсіз мекемеде 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, бұлтартпау шараларын өзгертіп,сот залынан қамауға алу.

2018 жылдың желтоқсанында Жайықта қырылған балық түрлерінің жалпы саны - 14 тонна 273 килограмм. Мемлекетке 13 миллион 924 мың 12 теңге көлемінде шығын келтірілген.

ТАРАПТАРДЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ

М. Чурсин: «Атырау Су Арнасы» КМК-да жұмыс істеген 18 жыл ішінде  балықтың қырылуына байланысты оқиғалар тіркелмегенін тағы да атап өткім келеді. «Луговой жылқы зауыты» ЖШС өкілдерінің біздің қызметкерлердің біліксіздігі туралы пікіріне жауабым: біздің кәсіпорнымыздың тарихы өткен ғасырдың 40-жылдарынан бастау алып, өндірістегі еңбек  тәжірибесі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Мекеменің жұмыс жасаған уақытында қалаға жеткізілетін ауыз судың сапасына ешкім шағымданған жоқ, ал бұл - ең маңызды көрсеткіш. Сондықтан, бейінді мекеме жұмысының қыр-сырын жетік білмейтін адамның қызметкерлеріміздің біліксіздігі туралы бос сөз айтуы жөнсіз деп есептеймін. 

Көрсетілген мерзім ішінде барлық су тазарту станциялары штаттық режимде және техникалық регламентке сәйкес жұмыс істеді, хлор мен хлоридтердің артуы тіркелген жоқ.

Ұлттық сараптама орталығының, талдау зертханасының және АМӨЗ ЖШС зертханасының мамандары хлоридтердің рұқсат етілген шектен асуын анықтаған жоқ, ал экология департаменті тауып отыр. Бұл жері әлі де түсініксіз. Сонымен қатар, олар өз қорытындыларын лайықты қорғай алмады.

Бейнежазбаны көрген кезде Экология департаменті және Балықты қорғау инспекциясы қызметкерлері су сынамаларын талапқа сай алмағанын да қаперге алған жөн. Алынған сынамалардың ауызы сол жерде жабылып, мөрленбеген. Мұндай амалдар зертхананың өзінде жасалған. Бұл сынамаларды зертханаға біреудің араласуымен жеткізгенге ұқсайды. Су сынамаларын қауіпсіз жеткізудің барлық нормативтері сақталмаған,  сонымен қатарғ жеткізгенше оған не қосып жібергені де белгісіз.

Қырылып қалған бекіре тұқымдас балықтың жалпы саны 1 тонна 784 килограмды құрады. Балық қорғау инспекциясының есептеріне сәйкес, оның құны 429 миллион 438 мың 541 теңге.

Оқиға орын алғаннан кейін ветеринариялық екі зертхананың дереу жасаған қорытындылары бойынша «Луговой жылқы зауыты» ЖШС балығы аммиакпен тұншығу салдарынан қырылған. Мұны да назардан тыс қалдырмау керек. Бұған Әл-Фараби атындағы университеттің биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институтының Луговой жылқы зауытында жасаған гистологиялық талдауы да дәлел болады. Оның қорытындысында талдауға алынған тірі бекіре балығының желбезектерінде  аммиакпен ұзақ уақыт уланудың салдарынан пайда болған тыныс алу жолдары некрозының кең таралуы түріндегі созылмалы өткір патология байқалды. Бұл ретте мамандар аммиактың жиналуы барлық балық шаруашылығы кәсіпорындарының маңызды мәселелерінің бірі екенін көрсетеді. Аммиак – тіршілікте азот алмасудың соңғы азығы.

Сондай-ақ, 22 қарашада Атырау қаласында өткен дөңгелек үстелде биология ғылымдарының кандидаты Евгений Куликовтың техногендік апаттар барлық жерде орын алады және балық шаруашылықтарына суды тазалауды алдын ала ойластыру қажет деген пікірімен келісемін. Су өзеннен бірден астауларға құйылмау керек, оны алдымен тұндыру қажет.

Оттегінің жетіспеушілігі, аммиактың болуы және ағыстың жоқтығы, сондай-ақ қарашаның соңы мен желтоқсан айының басында судың деңгейі төмен болғандығы астауларда ұсталған балыққа кері әсер ететінін де есепке алу керек.

Сонымен қатар, сот отырысында бейнежазбаны қараған кезде, Луговой жылқы зауытында аммиак арқылы жұмыс істейтін тоңазытқыш жабдығы бар жүзетін теңіз зауытын көрдік. Тергеу кезінде бұл факт назарға алынбады және ол әдейі жасырылған деп ойлаймын.

Сарапшы Көбегенова балықтарды алғаш рет тексергенде, аммиакпен уланды деген нұсқаны айтты, ал кейінірек бұл туралы ештеңе айтылмады. Ізінше жаңа нұсқа пайда болады – суда хлоры бар заттардың артуы. Ал айыптау тарапынан шақырылған мамандардың көбі сарапшы Көбегенованың екі рет өзгерген осы қорытындыларына сүйенді.

Бір нәрсе анық, егер хлорлы су бірден көп мөлшерде ағызылған болса, алдымен «Атырау Су Арнасы»  КМК қызметкерлері, содан кейін тұтынушылар уланып қалған болар еді.

«Луговой жылқы зауыты» ЖШС өкілі Илья Шеломенцев: бүгінгі сот отырысы және жалпы сот процесі барысында балық аммиактың әсерінен қырылды деген мәлімдемелерді бірнеше рет естідік. Сотталушылардың бірі бұл туралы тіпті БАҚ-та да жазылғанын мәлімдеді. Егер жазылған мақалаларды көтерсе, онда 2019 жылдың ақпан айында балық аммиактан қырылғанын мәлімдеген адвокаттардың бірінің суретін табуға болады. Бірақ қорғау тарапынан айтылған пікір қашаннан бері дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін болды?

Коммерциялық мақсатта бекіре тұқымдас балықты өсіретін «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-нің Атыраудағы учаскесінде 100 тонна 525 килограм балық қырылған. ЛЖЗ мәліметтеріне сәйкес, кәсіпорынға 1 миллиард 488 миллион 79 мың 285 теңге көлемінде шығын келтірілген.

Қылмыстық іс материалдарына жүгінсек, 20-томда сарапшы Кобегенованың жасаған қорытындысы бар, онда Луговой жылқы зауыты астауларындағы балық хлорға уланып өлгені айтылған. Иә, бұл қорытындының қосымшасында балықтың желбезектерінде аммиактың әсерінен патологиялық өзгеріс бар екені де келтірілген. Бірақ сарапшы балықтың аммиактан емес, хлордан өлгенін нақтылайды. Тағы да қайталаймын, сараптау қорытындысында хлор деп анық жазылған. Басқа нұсқа жоқ. Айта кетер жайт, су сынамалары алынған басқа нүктелерден аммиак табылған жоқ, бірақ балықтар ол жерлерде де қырылған.

Сотталушы Сущенко балықтың су түбін тереңдету жұмыстары кезінде лайдың көтерілуінен қырылып қалғанын мәлімдеді. Алайда мұз тұрған кезде судың тазалығы күшейіп, мұз асты тұнық болатыны да белгілі. 2018 жылдың қараша-желтоқсан айларында мұз асты суларындағы қайдағы лайлануды айтуға болады? Оның сөздері куәгерлердің, соның ішінде «Атырау Су Арнасы» КМК зертхана бастығының мұз қатқан кезде судың сапасы жақсаратыны туралы айтқан уәждеріне тікелей қайшы келеді.

ЛЖЗ тоңазытқыштарындағы аммиакка қатысты айтсақ, зауыт суда емес, құрлық жерде орналасқан. Сондықтан одан аммиак суға қалай ағуы мүмкін? Сонымен қатар, улы зат ағысқа қарсы көтеріліп, балықты қалай қырғаны да түсініксіз.

Сөзімді аяқтай келе, «Атырау Су Арнасы» КМК-ның пікіріне көңіл бөлсеңіздер екен. Мамандар ЛЖЗ-нің ұсынған өздеріне келтірілген  залал көлемі есебіне қарсылық білдірген жоқ. Демек, АСА сотталушылардың жұмыс берушісі ретінде «Атырау Су Арнасы» КМК қызметкерлерінің іс-әрекеттері нәтижесінде зиян келтірілгені туралы талап-арыздың дәлелдерімен келісетін болып тұр.

...Ұзаққа созылған жарыссөзден кейін судья Дәуренбек ДАУМОВ сот шешімін шығаруды 23-24 желтоқсан күндеріне белгіледі. Осы кезде залдан біреу: «Мүмкін жаңа жылдан кейін қалдырармыз? Жаңа жылды өз отбасыларында қарсы алсын» деп көңіл білдірді. Залдағылар ду күлді, «күлкі арсыз» деген осы шығар.

Анастасия Алюшина

Суретті түсірген автор


13 желтоқсан 2019, 10:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.