Атырау, 19 қараша 01:18
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +3
$ 497.89
€ 525.12
₽ 5.00

АҚШ елшісі: «Қазақстанда біздің қанша екенімізді білмеймін»

3 771 просмотра

Қазақстандағы АҚШ елшісі Кеннет ФЭЙРФАКС (суретте) Атырауда бірнеше күн болды. Бұл сапарды ұйымдастырушы – Қазақстандағы АҚШ елшілігі «Ақ Жайыққа» сұхбат алуды ұсынған еді. Біз қуана келістік.

Елші Кеннет Дж. Фэйрфакс – кеңесші-елші дәрежесіндегі сыртқы қызметтің жоғарғы санатты дипломаты. Бірнеше жыл бұрын «Силиконды алқапта» шағын компанияның президенті боп жұмыс істеді. Дипломатиялық мансабын 1987 жылы бастаған. Әлемнің 70-тен астам елін аралапты. Ол Иракта, Вьетнамда, Польшада, Украинада, Канадада, Ресейде, Кореяда, Оманда жұмыс істеген. Енді Қазақстан жерінде жүр. Кеннет Фэйрфакс Ресей, Украина және Еуразия істері жөніндегі басқарма директоры болып және АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде ядролық материалдар қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі басқарма директоры боп жұмыс істеген.  Өзі қызмет еткен барлық елдің тілдерін меңгерген, қиын (вьетнам) тілді игерудегі үлкен жетістіктері үшін «Синклэр марапатының» иегері атанған, бірақ әзірге қазақша сөйлей алмайды, үйренуге ықыласы зор. Студенттермен кездесу кезінде мойындағандай, қазақ тілін үйренуге осы секілді сапарлар кедергі келтіріп, сабақ кестесін кейін шегертеді екен.

 

ЕЛШІЛІК БОЛЖАМ ЖАСАМАЙДЫ

– АҚШ президенті сайлауына қатысты сіздің болжамыңыз қандай?

– Бұл сұрақты Құрама Штаттардағы Қазақстан елшілігінің өкіліне қоюыңыз керек. Өйткені олар қазір сол жерде осы жағдайды мұқият бақылап отыр. Елшілік сайлауға қашан да көңіл аударады, біз де Қазақстандағы сайлауға зер саламыз. Мен АҚШ-тағы қазіргі сайлауға қатысты бір нәрсені ғана сенімді түрде айта аламын: сайлау процесінің аяғына дейін жеңімпаз белгісіз болады. Барлық рейтингілер бойынша, шамамен үміткерлердің мүмкіндіктері тең дәрежеде.

– Қазақстан, әрине, сайлау технологиясы тұрғысында сіздің елмен салыстырғанда сәби секілді. Бірақ сәбилерден де көп нәрсені үйренуге болады. Америка Қазақстаннан қандай нәрсені үйренер еді?

– Бұл өте қиын сұрақ, өйткені біздің жүйелеріміз бір-бірінен қатты ерекшеленеді. Американдық жүйенің қалыптасқанына екі жүз жылдан асты. Біздің қазақстандық жүйеден елеулі айырмашылығымыз штаттардың сайлауға бақылау жасайтындығы және олар орталық үкіметті қалыптастырады. Конституцияға, негізгі заңдарға өзгерістер енгізу үшін барлық штаттардың келісімін алу керек, мұны Вашингтон жасай алмайды. Егер біздің сайлауларымызға қарасақ, бұл ұлттың сайлау жүйесі емес, 51 штаттың 51 сайлау жүйесі. Американдықтарға бұл жүйе ұнайды. Әрине, Қазақстанда қолданылатын жүйенің артықшылықтары бар. Мұнда бәрін бір жүйе бақылауда ұстайды және әрбір адам таңдау жасайды. Бірақ американдықтарға жергілікті деңгейде сайлау мүмкіндігі болған ұнайды. Олар қолданыстағы жүйені өзгерткісі келеді деп ойламаймын. 

 

СІЗДЕРГЕ КЕЛУ ОҢАЙ ЕМЕС

– Қазақстанда қанша американдық тұрады және жұмыс істейді?

– Оны білмедім. Өйткені Қазақстанда тұратын американдықтардың барлығы елшілікке тіркелсін деген талап жоқ. Біз ұсыныс береміз, бірақ талап етпейміз. Бұл жерде біздің отандастарымыздың нақты қаншасы тұрып жатқанын ешқашан біле алмаймыз. Мұны Қазақстан үкіметінің жақсы білетіндігіне сенімдімін. Меніңше, сегіз бен он бес мың адам аралығында секілді.

– Елшілікке жүгінетін американдықтар не нәрсеге шағымданады?

– Көпшілігі Қазақстанға виза алу қиындығын бастан өткереді. Негізінен бұлар іскерлік сапарлармен келетіндер, осы жаққа жиі келуге тура келетін тұлғалар. Мен өз тарапымнан қазақстандықтар үшін де, американдықтар үшін де виза алу ережесін өзгертуде Қазақстан үкіметімен жұмыс істеймін. Бұл Қазақстанға американдықтардың көп келуіне мүмкіндік берер еді.

– Қазақстандық виза алуды американдық виза алумен салыстыруға болар ма екен - көпшілігі осылай ойлайды.

– Олар қателеседі – Қазақстанға кіру ережесі күрделі.

– Елшіліктің біздің елде жүріп-тұрудың өзіндік кодексі немесе ережелер жиынтығы бар ма? Және олар өзгеріп отыра ма?

– Бізде ешқандай ереже жоқ. Бірақ АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің веб-сайтында әлемнің әр елі үшін осы секілді құжат бар. Осы құжатта көптеген мәселелер, соның ішінде қауіпсіздік мәселелері бейнеленген. Қазақстан әлі де әлемдегі тұрақты елдердің бірі болып қалып отыр. Әрине, кез-келген ел секілді, проблемалары бар, сондықтан біз өз азаматтарымызға сақ болыңдар дейміз.

 

СЫРТҚЫ КӨЗҚАРАС

– Тыныштық пен тұрақтылық деңгейі бойынша біздің елімізді сіз қалай бағалар едіңіз, сіздің өзіндік түйсігіңіз бойынша Қазақстан кеңестік дәуірден кейінгі кеңістік бойынша нешінші орынға ие?

– ТМД бойынша – ең тұрақты және қауіпсіз елдердің бірі екені сөзсіз. Сонымен бірге бизнесті жүргізудің жеңілдігі, сыбайлас жемқорлық деңгейі немесе жемқорлықпен күрес бойынша да Қазақстан көш басында тұр.

– Маған белгілі халықаралық жемқорлық рейтингтері басқаша пікірде.

– «Транспаренси интернешнл» ұйымының индексінде Қазақстан Орта Азия елдері мен Ресейге қарағанда жоғары орында екені жиі айтылады. Көптеген индикаторлар бойынша бұрынғы Кеңес одағы елдерімен салыстырғанда Қазақстан озық тұр. Алайда Батыс Еуропа елдерімен, Құрама Штаттармен салыстырғанда сіздің елге ұзақ жол жүру керек.

 

КЕҢ ТАРАЛҒАН ВАЛЮТА

– Танымал қызықты әңгімелерді талқылап көрейік. Кейбір БАҚ-тарда АҚШ-тың Федералдық банкі қараша айында ұлттық валюта шығаруды тоқтатады деген сыбыстар жүріп жатыр. Осы рас па?

- Жоқ! – бұл сұрақ Фэйрфаксті күлкіге батырды. – Оның үстіне, АҚШ-тың Федералдық резервтік жүйесі «жұмсақ ақша» деп аталатын саясат жүргізеді. Бұл экономикада ақша өте көп болатын кез.

– Бұл көп мағынаны тудырады: АҚШ нарыққа қомақты мөлшерде доллар шығарады. Сондықтан валюта ретінде доллар іс жүзінде жеткілікті қамтылмаған.

– Бұл бағытта валюта саясаты қазіргі кезде өте түсініксіз. Неліктен халықаралық саудада долларды халықаралық валюта ретінде пайдалану үнемі талап етіледі деп менен жиі сұрайды. Мұндай талап жоқ деп жауап беремін. Егер бір тарап екіншісімен саудаласатын болса, олардың валюталары әртүрлі. Олар өздері сенетін, тұрақты боп табылатын үшінші елдің валютасын таңдайды. Бұл жапондық иена, швейцариялық франк, еуро болуы мүмкін, бірақ сауда келісімінің көпшілігі АҚШ долларымен жүзеге асырылады. Өйткені бұл валютаға сенеді. Құрама Штаттардың 60 жылдан астам уақыттан бері долларға еш бақылау жасамайтындығы да сенім туғызады. Егер ел немесе компания миллиардтаған долларлар сатып алғысы келсе, оған бұл үшін рұқсат қажет емес. Оның үстіне, олар мұны кез-келген жерде – Лондонда, Токиода немесе Парижде жүзеге асыра алады. Егер сіз, мәселен, қытайлық юань сатып алғыңыз келсе, сізге Қытай үкіметінен рұқсат қажет болады.

– Бәлкім долларды осы үшін таңдайтын шығар?

– Дәл солай! – деп күлді елші.

 

ОТАНСҮЙГІШТЕР ҚАЙ ЖЕРДЕ ДЕ БАР

– Америка туының британдық тумен қатар дүние жүзіне кең таралғандығы белгілі. Оларды дизайнерлер жақсы көреді, оларды дүние жүзінің кез-келген нүктесінде таниды. Көлік капотына бекітілген американдық ту – кең таралған құбылыс па?

– Капотына бекітілген туы бар жалғыз көлік менікі шығар деп ойлаймын, - деп күлді елші. – Америкада мұндай жағдай кездеседі. Ерекше салтанатты жағдайларда, шараларда болуы мүмкін, бірақ бұл кең таралмаған.

– Ал футболкаларда немесе іш киімдердегі ше?

– Америка туы кез-келген жерде бар екендігімен келісемін: іш киімде де, футболкада да, қай жерде болса да, оның үстіне оны тек Америкада ғана емес, Пекиннен, Мәскеуден, Алматыдан да  кездестіруге болады...

– Мұны американдықтар қандай пиғылмен жасайды?

– Біреулер отансүйгіштіктен, ал енді біреулер жай сән ретінде ғана қолданады.

– Бізде перде орнына терезеге ту ілінсе, құқық бұзушылық боп табылады. Жақын арада ғана өз көлігінің капотына туды бекіткен жас жігітке қомақты айыппұл салынды. Мемлекеттік рәмізге деген отансүйгіштік пен құрметсіздіктің аражігі қандай?

– Құрама Штаттарды ерекшелейтін нәрсе - біздің Конституциямыздың толықтай сөз еркіндігіне кепілдік беретіндігі.

Сөз еркіндігі деймісіз?

– АҚШ-та сөз еркіндігі деген мағына әр азаматтың өзінің кез-келген ойын білдіру еркіндігі дегенді білдіреді. Мәселен, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Конгресс заң шығарды. Онда мемлекеттік туға қарым-қатынасты реттеді, оны коммерциялық және тікелей мағынадан басқа мақсатта пайдалануға шектеу қойды. Бірақ, кейінірек, Құрама Штаттардың Жоғарғы соты оларды жойды. Сондықтан, бүгінгі күні американдық азамат туды іліп қойғысы келсе, оны өзінің үстіне кигісі немесе өртегісі келсе – бұл толық заңды нәрсе.

 

АМЕРИКА МҮДДЕСІН ҚОРҒАУ

– Сіз көптеген елдерде жұмыс істегендіктен салыстыра аласыз.  Сіз үшін «менталитет» түсінігі қандай?

– Бұл сұрақ газет мақаласынан гөрі профессордың кітабы үшін сыйымды болар. Әр елдің өзіндік ерекшеліктері болады. Мәселен, Америка мен Еуропаның арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Шығыс пен Батыс арасындағы айырмашылық одан да үлкен.

– Бұл тұрғыда қазақтың ерекшелігі қандай?

– Бірегей өзгешелік туралы айту қиын – Азия елдерінің арасында ортақ нәрсе көп, бірақ Қазақстанды өз мәдениетін және тарихын, әлемге деген ашықтығын мақтан тұта алатын қабілеті ерекшелендіреді. Бұл болашақ үшін жақсы жол.

– Батыс инвестицияларын құрлықта да, суда да қорғау Қазақстанның күшімен жүзеге асырылады. Соңғы кездері біздің елімізде, әсіресе, біздің аймақта террористік шабуылдар жиілеп кетті. Бұл АҚШ-ты алаңдатпай ма және күзетті өз күштерімен күшейту ниетін тудырмай ма?

– Жоқ, бұл тәуелсіз ел ғой. Бұл талқыға салынбайды. Тіпті бұл туралы әңгіме болған да емес. Қазақстанмен әскери оқу, біріккен оқу-жаттығу бойынша белсенді түрде үнемі бірлескен жұмыс жасалып келді және жасалуда.

– Сіздердің Қазақстандағы инвестицияларыңызға террористер тарапынан тікелей қауіп төніп тұр делік?

– Біздің пікірімізше, Қазақстан үкіметі кез-келген қоқан-лоққыға сайма-сай әрекет ете алады. Бұл біздің көңілімізден шығады.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

7 қараша 2012, 15:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.