Осыдан тура бір жыл бұрын Атырау басы дүрлікті - Жайық өзенінде балық қырылып, оның себебін ешкім түсіндіре алмады. Бүгін де оның нақты жауабы жоқ.
Балықтың қырылып жатқаны туралы алғашқы хабар 2018 жылғы 2 желтоқсанда пайда болды, кейін әлеуметтік желілерде мұздың астындағы балықтың өлекселері түсірілген бейнежазбалар тарап жатты. Тергеу бойынша ведомствоаралық комиссия құрылды және сол күндері билік басындағылар Жайықтың суы мен аман қалған балықтар адамдар үшін қауіпсіз деп сендіріп бақты. 12 желтоқсанда екі қылмыстық іс қозғалды. Сол кезде «Луговой жылқы зауытының» Атыраудағы учаскесі мен Жайық-Атырау бекіре зауытында көп мөлшерде бекіре тұқымдас балықтардың қырылғаны да белгілі болды.
Қыс өтті, қатқан өзен ери бастады. Мұз астында қалған балықтың өлекселері су бетіне қалқып шықты.
Маусым айының басында «АЖ»-ға жарты жыл бойы сотқа дейінгі тергеумен айналысқан ІІМ тергеу-жедел тобының қорытындысы түскен еді. Сот-экологиялық сараптаманың қорытындысы бойынша, балықтың қырылуына аса улы зат – хлормен улану себеп болды. 2018 жылғы 3-13 желтоқсан аралығында Жайықтағы хлоридтердің құрамы ШРК-дан 1,9 есе асып түсті (балық шаруашылығы үшін су айдындарында норматив бойынша 300-350 мг/л болатын болса, хлоридтердің деңгейі 540-555 мг/л жеткен). Тергеу қорытындыларына сәйкес, хлоридтер суда «Атырау Су Арнасы» КМК өзенге ағызған сарқынды сулар (оларды ресми түрде шартты-таза деп атайды) арқылы пайда болған.
5 шілдеде № 2 қалалық сотта «АСА» КМК бұрынғы директоры Руслан ҚҰРМЕТОВ, оның орынбасары Виктор СУЩЕНКО және су тазарту станциясының бастығы Михаил ЧУРСИНГЕ қатысты сот процесі басталды. Олар ҚР ҚК-нің 328-бабының 3-тармағы (Қоршаған ортаға аса ірі залал келтірген жер үсті суларын ластау) және 204-бабының 2-тармағы (Аса ірі залал келтірген бөтен мүлікті жою) бойынша айыпталып отыр. Қара балық шығыны 13 млн 924 мың теңге көлемінде есептелді, Атырау бекіре өсіру зауыты өз шығынын 429 млн теңгеге, ал «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-і 1,5 млрд теңгеге бағалады. Сот әлі аяқталған жоқ.
БАЛЫҚ БАР МА?
Өзендегі балықтың жағдайын білу үшін біз балық аулау кооперативтерімен байланыстық. Дамбылық балықшылардың айтуынша, өткен көктемде балық мол болып, қаракөз, табан, сыла, көксерке жақсы жүрген. Ал күзгі маусымда балық ауға аз түсіпті.
Балық шаруашылығы қауымдастығының Атырау өкілдігінің директоры Санат ТІЛЕПБЕРГЕНОВТЫҢ айтуынша, қазір Үкіметте көктемгі балық аулау маусымын ұзарту мәселесі қарастырылуда. Естеріңізге сала кетейік, қазір Жайықта 24 сәуірге дейін, теңізде 9 мамырға дейін, Қиғаш өзенінде 25 мамырға дейін өндірістік балық аулауға рұқсат.
– Жақында елордада көктемгі балық аулау маусымын ұзарту бойынша тағы бір отырыс өтеді, біз Жайықта 15 мамырға дейін, Каспийде 20 мамырға дейін ұзартуын өтінгенбіз. Бұл мәселе оңынан шешілетін секілді, - дейді Тілепбергенов.
Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур СӘДІБЕКҰЛЫНЫҢ мәліметінше, Атырау облысында балық кәсіпшілігімен айналысатын 18 кәсіпорын бар. 2019 жылға бөлінген лимиттің 7165 тоннасы теңізден, 4583 тоннасы Жайық өзенінен және 3715 тоннасы Қиғаш өзенінен ауланады деп жоспарланған. Наурыз айынан қараша айына дейін Жайық өзені бойынша лимит 81%-ға игерілді, теңіз және Қиғаш өзенінде балық аулау әлі де жалғасуда.
Жүргізіліп жатқан мониторингке сәйкес Жайықтың суы «нормативтік таза» деп бағаланды.
ЖАЙЫҚ ТАРТЫЛЫП БАРАДЫ
Өткен жылдың желтоқсанында елді дүрліктірген оқиға Жайықтың тайыздануы кезінде орын алды. Өзендегі су жыл өткен сайын азайып, кейбір жерлерде оны жаяу кешіп өтуге де болатын күйге жетті. Бұл жағдай елдің назарында және осы тақырып бойынша көптеген мәжіліс пен отырыстар өтіп жатыр. Мысалы, биыл жазда Оралда ҚР Мәжіліс депутаттарының, ұлттық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен семинар ұйымдастырылып, РФ өкілдері шақырылды. Ғалымдар Қазақстан мен Ресей аумағындағы Жайықтың қазіргі жай-күйі туралы көңіл көншітпейтін мағлұмат берді. Құрып бара жатқан өзеннің экожүйесін кешенді зерттеу үшін тұрақты мемлекетаралық орган құру ұсынылды.
Жақында тайызданудың себептері су қоймаларының, түрлі бөгеттердің көптігінен екені баяндалған Ресей-1/Орынбор телеарнасында «Почему Урал нам по колено» атты телесюжет көрсетті. Орынбор аумағында Жайықтың бойын шөп басып, қайраңдар пайда болған. Біздің өңірде де, Махамбет ауданы тұсында осындай жағдай.
Судың азаюына Жайыққа құятын Сакмара өзені үлкен әсер етеді. Сакмар өзенінің ағысы дұрыс реттелмеген, оның сала-сағаларында су қоймалары көп. Жайықтың шекара маңындағы тұстарына судың аз келуі себептерінің бірі - осы деп есептейді мамандар.
...Әзірге ақылгөйлер Жайықты аман сақтап қалу үшін күресіп жатқанда, бойды тітіркендіретін ойлар келеді: шынымен ол біздің көз алдымызда құрып кетер ме екен? Құдай сақтасын!
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА