Полиция капитаны А.Өмірғалиев
№2 қалалық сотында өткен жылдың желтоқсан айындағы Жайық өзенінде балықтың жаппай қырылуы бойынша сот процесі жалғасуда. Осы отырыста сотталушылар адвокаттарының өтініштері қаралды. Атап айтсақ, қорғаушы А.Дүсіпов судьядан тергеудің басында алынған мәліметтерді жарамсыз деп тануды сұрады. Себебі, оның пікірінше, бұл деректерді алғанда қылмыстық іс жүргізу заңы бұзылған, яғни, айыптауда пайдаланыла алмайды.
ЕШТЕҢЕ ЕСІМДЕ ЖОҚ
Осы жерде 15 қазан күнгі сот отырысын еске түсіру керек, А.Дүсіповтың сұрақтарына куә ретінде шақырылған полиция капитаны А.Өмірғалиев жауап берген еді. Ол 2018 жылдың желтоқсан айында ПД анықтаушысы ретінде алғашқы тергеу істеріне қатысқан, нақтырақ айтатын болсақ, Жайық өзенінен су сынамалары мен балық түрлерін алған. Бірақ сотта капитан осы іске қатысты ештеңе есіне түсіре алмады. Қазан айында өткен сот отырысындағы әңгіменің сарыны төмендегідей өрбіді.
А.Дүсіпов: Сіз тергеуге қай уақыттан бастап кірістіңіз?
А.Өмірғалиев: Нақты күні есімде жоқ, қыс мезгілі болу керек. Мен тек қана бір тергеу іс-әрекетіне қатысқанмын, дәлірек айтсам, Алматыдан сапаршылар келіп, өзеннен балық алдық. Осы сарапшылардан басқа менімен бірге тергеу тобының аға тергеушісі Айбек Насиев болды. Осыдан кейін ешқандай тергеу әрекеттерін жүргізген жоқпын, кейін анықтау бөлімінен ауысып кеттім.
А. Д. – Қай жерден бастап қарадыңыздар?
А. Ө. – Турасы есімде жоқ.
А. Д. – Бейнетаспаға кім жазды?
А. Ө. – Ол жерде куәгерлер болған сияқты, нақтырақ айта алмаймын.
А. Д. – Сіз полиция қызметкерісіз, мұндай елді дүрліктірген іспен күнде айналыспайсыз ғой, мүмкін, бірдеңені есіңізге түсірерсіз?
А. Ө. – Біраз уақыт өтті ғой.
А. Д. – Сіздің тергеу материалдарыңызға сүйенсек, сіз сынама алу үшін Tassay бөтелкелерін пайдаланғансыз…
А. Ө. – Tassay бөтелкелері... есімде жоқ.
А. Д. – Ал содан кейін сіз алынған судың сынамаларын қайда жібердіңіз?
А. Ө. – Нақты есімде жоқ.
А. Д. – Тергеу іс-шараларының барлық процесін басынан аяғына дейін, оның ішінде минутына дейінгі дәлдікпен белгілеу үшін бейнетаспаға жазылады. Бірақ бейнежазбада сіз, мысалы, пакеттерді, су құйылған бөтелкелерді жауып, мөрлегеніңіз көрінбейді. Бұл амалдар неліктен жасалған жоқ?
А. Ө. – Есімде жоқ. Сол жерде куәгерлер мен сарапшылар болды, мүмкін, бейнетаспаға жазылмай қалған болар.
А. Д. – Бейнежазбаларды кейін өзіңіз көрдіңіз бе?
А. Өмірғалиев: – Жоқ, айтып отырмын ғой, мен содан кейін ауысып кеттім.
...Одан әрі де әңгіме осы демде жүрді.
«ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕРДІ ЖАРАМСЫЗ ДЕП ТАНУДЫ СҰРАЙМЫН»
Осы бейнежазбалардан басқа, бұл нәтижесіз диалог та адвокаттың өтінішхатында көрсетілген. Атап айтқанда, Дүсіпов мынандай дәлелдерді ұсынды.
«ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 194-бабының 1-бөлігіне сәйкес, іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру күрделi немесе үлкен көлемді болған жағдайда тергеушiлер және анықтау органының қызметкерлері тобына (тергеу, жедел-тергеу тобына) тапсырылуы мүмкiн. Алайда қорғаушы тарапының қолда бар құжаттарына сәйкес, тергеп-тексеру тобының құрамында, тергеу амалдарын жүргізуге құзіреттілер қатарында Атырау облыстық ПД анықтау басқармасының анықтаушысы А.Өмірғалиев есепте жоқ. Демек бұл қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге оның құқығы болмаған. Сонда да 2018 жылғы 27 желтоқсанда ол су сынамаларын алу және Жайық өзені жағасынан әртүрлі балық алғаны туралы негізсіз және заңсыз қаулы шығарған.
ҚР ҚПК талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адам тергеу әрекеттері жүргізілетін жерге (бұл жағдайда үлгілерді алу орны) келіп, қатысушыларды тергеу әрекеттерін жүргізу туралы қаулымен таныстыруға, сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттерін хабарлауға, ал іс-әрекеттер аяқталғаннан кейін ғылыми-техникалық құралдарды қолдана отырып, хаттама жасауы тиіс. Жедел-тергеу әрекеттері барысында алынған сынамалар (бұл жағдайда су мен балықтың) тиісті түрде буып-түйілуі, мөрленуі және барлық қатысушылардың қолдарымен расталуы тиіс. Содан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын уәкіл сынамаларды хаттамамен бірге тиісті сарапшыға жібереді, ол оларды өзінің қолтаңбасын қойып, куәландыруы қажет.
Ал анықтаушы А.Өмірғалиевтің жоғарыдағы хаттамалардағы жазбалардың мазмұны бейнетаспадағы жазбамен сәйкес келмейді (бейнежазбада ол жазбаша хаттамада келтірген амалдарды жасамаған).
Жайықтың суынан «Тассай» суының бөтелкелеріне сынама құйылған, ал өзеннен алынған әртүрлі балық тексерілмеген «Лидер» жазуы бар полиэтилен пакеттерге салынған. Жауап алу барысында сарапшылар КӨБЕГЕНОВ пен МУСИНА үлгілер арнайы шыны ыдыстарға алынуы тиіс деп бірнеше рет айтқан болатын.
Нұсқаулыққа сәйкес алынған заттай дәлелдемелер арнайы маманмен бірге қаралуы, тексеру хаттамасында егжей-тегжейлі сипатталуы тиіс. Онда заттай дәлелдемелердің сандық және сапалық көрсеткіштері, сондай-ақ анықтаушы жасамаған барлық басқа да жеке белгілері көрсетіледі».
«КІНӘЛІНІ БІРДЕН БЕЛГІЛЕДІ»
Өтінішхаттың екінші бөлігінде қорғаушылардың пікірі бойынша басқа да маңызды мән-жайлар туралы жазылған.
"Қылмыстық іс материалдарында 2018 жылғы 2-8 желтоқсан аралығында Жайық өзенінің Перетаска маңайындағы балықтың құрамында аммиактың артуы анықталғаны туралы мәліметтер бар. Сондай-ақ, Жайық өзенінің Перетаска және «Атырау Су Арнасының» су тазарту құрылғыларының маңында хлоридтер бойынша ШРШ (550-770 мг/л) артуы анықталды. Сонымен қатар, «Атырау ЖЭО» АҚ-ның 2019 жылғы19 шілдедегі адвокаттық сауалға қайтарған жауабынан жер үсті суларының сапасына мониторинг жүргізу кестесіне сәйкес, санитарлық-өнеркәсіптік зертхана ЖЭО кіріс арнасындағы амоний азоты мен хлоридтерді бір тоқсанда 1 рет анықтап отыратынын көреміз. 2018 жылдың IV тоқсанында сынамалар 5-16 қараша аралығында жүргізілді, химиялық заттардың концентрациясы аммоний азоты бойынша 0,9 мг/дм3 және хлоридтер бойынша 146 мг/дм3 құрады, яғни орташа айлық шегінен аспаған. «АМӨЗ» ЖШС-нің жауабында 2018 жылғы 1 қараша мен 31 желтоқсан аралығында хлоридтердің концентрациясы орташа айлық шектен шықпағанын көрсетті».
- Егер химиялық заттар «Атырау Су Арнасы» КМК-нің су тазарту құрылғыларынан төгілген десек, онда жоғарғы концентрациялы су Атырау ЖЭО және АМӨЗ су жинау орындарын айналып өтіп, «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-нің тоғандарына қалай жетуі мүмкін? – деп А.Дүсіпов сұрақ қойды. – Бұл бастапқыда сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы қадағалау органымен бірге болған оқиғаға жауап беретін, басқалардан гөрі (егер болған болса) «Атырау Су арнасын» кінәлі деп тануға ең қолайлы немесе ыңғайлы деп таңдағанын білдіреді деп есептеймін. Жайық жағасында су тазалау орны бар, олар хлорды пайдаланады – міне, кінә тағатын болса.
«ҚазТрансОйл» АҚ берген ақпаратқа сәйкес, 2018 жылдың екінші жартыжылдығында «Атырау Су Арнасы» КМК-не төмендегідей мөлшерде хлор жіберді: шілдеде – 12 662 кг, тамызда – 13 427 кг, қыркүйекте – 11 192 кг, қазанда – 9 278 кг, қараша айында – 5 582 кг, желтоқсанда – 5 584 кг. Балықтың жаппай қырылуына дейін «Атырау Су Арнасы» хлорды ең аз мөлшерде пайдаланған.
- Бұл хлордың артық мөлшері қолданылмағанын, керісінше, оның азайғанын тағы да дәлелдейді. ҚПК-нің 24-бабына сәйкес, соттан Жайық өзенінің әр түрлі нүктелерінде суда химиялық заттардың (аммиак, хлор және т.б.) концентрациясын анықтауға қатысты қосымша сот сараптамасын жүргізу туралы мәселені қарастыруды сұраймын, - деп қорытындылады Дүсіпов.
«АСА» ЖҰМЫСЫН ТОҚТАТПАЙДЫ
Судья Дәуренбек ДАУМОВ кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін, «Атырау Су Арнасы» КМК өкілі Т. ЕСЕНЖАРОВ сотқа кәсіпорын шотына тыйым салу бөлігінде жәбірленуші тараптардың талап арызын қамтамасыз ету шараларын қолданбауды сұрады.
Сот тараптардың пікірін тыңдай отырып, қорғау тарапынан дәлелдемелерді жоққа шығаруға байланысты өтінішхатты қабыл алмауды шешті. «Атырау Су Арнасы» өкілінің өтінішіне қатысты КМК шотына салынған тыйым кәсіпорынның шаруашылық қызметіне кедергі келтіріп, теріс нәтижелер орын алуы мүмкін деген себепті дәйекті деп шешкен сот өтінішті қанағаттандырды.
Анастасия АЛЮШИНА
Суретті түсірген автор