Жақында Атырауда НКОК, ТШО және АМӨЗ компанияларының өкілдері жұртшылықпен кездесу өткізді. Табиғат пайдаланушылар экологиялық ортаны қорғау бойынша атқарылған жұмыстары туралы есеп берді. Осындай форматта өткізілген шараға арнайы қатысу үшін Экология министрлігінің экологиялық реттеу және қадағалау комитетінің төрағасы Зұлфұхар ЖОЛДАСОВ келді.
- Атырау облысындағы экологиялық ахуал жергілікті тұрғындарды алаңдатып отыр. Мониторинг станциялары атмосфералық ауаның ластануының жоғары деңгейін көрсетіп келеді. Ауаны бүлдіруші негізгі зат – бұл күкіртсутегі. «Қазгидрометтің» 2018 жылғы мәліметтеріне қарасақ, Атырау қаласы бойынша жоғары деңгейдегі ластанудың 1102 жағдайы және күкіртсутегі бойынша ең жоғарғы ластанудың 717 жағдайы тіркелген. Осы жылдың басынан бері жоғары деңгейдегі 700-ден аса ластану анықталған. Күкіртсутегінің шығу көздері, негігінен, «Атырау Су Арнасы» мен АМӨЗ аумағынан анықталған. Біз ауаны ластаушыларды анықтау бойынша нақты зерттеулер жүргіздік және топ құрдық, желдің соғу бағытын түсінуге тырыстық, - деді Жолдасов. - Өткен жыл, жалпы, өте ауыр жыл болды, біз Жайық және балықтың қырылуы, өзен суының азаюына қатысты мәселелермен бетпе-бет келдік. Сондай-ақ, Ресеймен кең ауқымды келіссөздер жүргіздік, қолымызда өзендегі жағдайды анықтау үшін Башкириядан бері қарай Жайықты зерттеу бойынша келісім бар.
ОЛАРДЫҢ СӨЗІ МЕН «ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙЛІ ЖАБДЫҚТАР» - КЕПІЛ БОЛАДЫ
Одан әрі компаниялар өз бағдарламаларын ұсынды – олардың барлығы қоршаған ортаны қорғауға ерекше мән беріп отырғандарын және осыған қатысты ақпараттардың жұртшылыққа жарияланатындығына сендірді. Бірақ, бұл мәселелерге тоқталмастан біз бірден сұрақ-жауапқа көшейік.
Микрофонды бірінші болып балық өнеркәсібінің ардагері Бостан СҮЛЕЙМЕНОВ алды. Ол НКОК өкілдеріне бірнеше сұрақ қойды:
- Сіздер техникалық мақсаттағы суды тазарту зауытының құрылысы туралы айтып өттіңіздер. Ал бұл мәселе өте маңызды және көптен бері талқыланып келеді. Суды тазарту барысында көп қалдықтар шығарылатын болады, оларды қайда жібересіздер? Бастапқыда «Вест дала» ЖШС-де пайдаға асырылады деген нұсқалар болды, кейін оларда ондай жабдықтар мен қуаттылығының жоқ екендігі анықталды. Айтыңыздаршы, бұл мәселе нақты қашан шешіледі? Екінші сұрақ - өткен жылы және биыл қанша күкірт жинақталды, қайта өңделгені және экспортқа шығарылғаны қанша? Сонымен қатар, сіздер 1 млн бекіре шабақтарын суға жібердік деп отырсыздар. Сіздердің миллиондаған шабақтарыңыздың керегі жоқ, онсызда бізде шабақ шығаратын екі зауыт бар. Бастысы, бекіре тұқымдас балық қорын қалпына келтіру туралы нақты мәселені қозғау керек. Тікелей мақсаты бойынша ғана пайдаланылады және бір айда кезекші бір кеме ғана жүреді деген талаптармен салынған Солтүстік Каспий экологиялық базасы бар. Алайда сіздер осы жерде жолаушылар терминалының құрылысын бастап кеттіңіздер. Бұл жоба бойынша қандай жаңалықтар бар?
- Бүгінгі таңда жинақталған күкірт көлемі шамамен 1 млн тонна, сақталғаны – 1,8 млн тонна. Бірақ біз қазір күкіртті кесек түрінде жедел сату жобасы бойынша жұмыс жасап жатырмыз, - деп жауап бере бастады компания өкілі. – СКЭБР өз мақсатында қолданылатын болады, онда мұнаймен ластанған жағдайда жануарлар мен құстарды оңалтуға арналған ғимараттар салынды. Жолаушылар терминалына қатысты айтар болсақ, бұл мәселе негізінен экологияға байланысты емес. Бірақ біз бәріміз Жайық өзені мен Каспий теңізі деңгейінің төмендеуін бақылап отырмыз және терминал салына ма деген мәселе әлі нақты шешімін тапқан жоқ. Сонымен қатар жұмыс істеп жатқан екі бекіре зауытына қолдау көрсету мәселесі де қарастырылып жатыр, техникалық суларды тазарту зауытының құрылысы бойынша құжаттарға қол қойылды, жұмыстар биыл басталады және 2021 жылы аяқталады деп күтілуде.
Эколог Махамбет ХАКИМОВ Қашағанды осыдан 30 жыл бұрын 37-ші ұңғымада техногенді апат болған Теңізбен салыстырды. Оның ойынша, мұндай апаттың теңізде де орын алмасына ешқандай кепілдік жоқ:
- Бізде әлі күнге дейін консорциуммен сақтандыру келісімі жоқ. Мұндай келісім бүкіл әлемде жасалады, Аляска, Мексика бұғазындағы апаттардан кейін компаниялар ірі көлемде айыппұлдар төледі. Мұндай келісімшарттар қашан болады?
- Біздің құрал-жабдықтарымызды қорғауды қамтамасыз ететін жүйе өте жоғарғы әлемдік деңгейде, демек бұл кепілдік деген сөз. Біз ӨБК (Өнімді бөлу туралы келісім) аясында жұмыс жасаймыз және ол біздің республика алдындағы барлық міндеттерімізді анықтайды, - деген жауап қайтарылды.
«Батыс Эко Қорғау» ҚҰ төрағасы Қали ӘУБЕКЕРОВ АМӨЗ өкіліне сауал қойды:
- Жұрттың бәрі балықты хлордан қырылды деп жатыр. Ал АМӨЗ жақында ғана қайта жарақтандырудан өтті – қала тұрғындарының көпшілігі, оның ішінде мен де балық зауытты қайта жарақтандыру нәтижесінде қырылды деп ойлаймын.
Экологтар зауыттың суды Жайықтан алып, оған кері өзенге төкпейтініне сендіріп бақты. Ал ауаға шығарылатын зауыт шығындылары шекті көрсеткіштен аспайды.
«АҒАШТАР БАР, ТЕК ОЛАР СЛАЙДТАН КӨРІНБЕЙ ТҰР»
Бұл жолы аға ұрпақ өкілдері саналатын қоғам белсенділерінен басқа жастар да сөз алды. Олжас СҰЛТАНОВ АМӨЗ өкіліне «Сасықсай» қалпына келтірілгеннен кейін Атырауда сасық иістің болмайтындығын растауды талап етті және мақұлдаған жауап алды.
Еске сала кетейік, қазір қаланың оң жақ жағалауында кәріздік тазарту қондырғысының құрылысы жүріп жатыр, ал Сасықсай толығымен құрғатылатын болады.
Әнуар ЖҰМАБАЙ санитарлық-қорғау аймағын көгалдандыру бағдарламасының аясында АМӨЗ отырғызған көшеттердің қайда екендігін сұрады.
- Зауыттың жұмыс істеп жатқанына қаншама жылдар болды, алайда әлі күнге оның айналасында жасыл жолақ жоқ, неге? Бұл жерде қалың орман болу тиіс еді ғой. Сіздер жыл сайын көшет отырғыздық деп есеп беріп жатасыздар, сол ағаштар қайда? Мен сіздердің слайдтарыңыздан орман көріп тұрғаным жоқ, тек санаулы көшеттер ғана.
- Біз 224 гектар жерге ағаш отырғыздық, егер тағы да бос қалған жер учаскелері болса, оларды көгалдандыруға дайынбыз. Келер жылы 32 гектарға, яғни, тұрғындар көшіп кеткен жерге ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз. Иә, біздегі климат жағдайына қарай көшеттер дұрыс өсіп кете алмайды. Дегенмен, біз тек осы жұмыстар үшін жыл сайын 136 миллион бөлеміз. Ағаштар бар, бәлкім слайдтан көрінбей тұрған болар, сіз келіңіз, біз сізге бәрін көрсетеміз, - деп уәде берді зауыт өкілі.
Талғат АЯННЫҢ экологиялық төлемдерді жергілікті бюджетте қалдыру туралы сауал-ұсынысына Зұлфұхар Жолдасов жауап берді. Бұл мәселе қазір үкіметте қаралып жатқан жаңа экологиялық кодекске енгізілген екен:
- Біздің елімізде қоршаған орта эмиссиясы үшін жыл сайын шамамен 70 миллиард теңге төленеді екен, ал бүгінде аймақтардағы экологиялық мәселелерді шешуге оның тек 14%-ы ғана жұмсалады.
«АҚША БЕРЕМІЗ, БІРАҚ ӨЗДЕРІҢІЗ ОТЫРҒЫЗЫҢЫЗДАР»
Кездесуде тағы бір қатысушы ТШО қызметкеріне компанияның Каспий теңізіне табиғат қолданушылар қызметінің әсер ету мониторингін қайта жандандыруы керектігін айтты. Оның айтуынша, бастапқы жылдары Каспий суының қышқылданып бара жатқандығы туралы материалдар жарияланған.
- Барлық қажетті деген мониторингтерді біз жүргізіп отырамыз. Қашаған жобасына дейін де біз бірнеше рет теңізді зерттеп көрдік, - деп жауап берді ТШО өкілі. – Сол кезде біз теңіз 80% Еділ суымен және 20% Жайық суымен ластанады деген қорытындыға келдік. Бұл жерде күкірттің әсері жоқ, өйткені, біздің қызметіміз құрлықта жүргізіледі.
Бұдан басқа, ол ТШО-ның әлеуметтік жобалары бойынша ренішін айтты:
- Біз Ретро-парк, Қаратонда аллея және басқа да нысандар салдық. Алайда, бізді ағаш отырғызбады деп айыптап жатады. Біз көшет отырғызамыз! Бірақ, оны күтіп баптайтын ешкім жоқ, өсімдіктер ақыры өліп тынады. Сондықтан да біз қазір сондай көмектің жаңа форматына көштік: қаржы бөлеміз, жобаларыңызбен келіңіздер, өздеріңіз жасыл-желектерді отырғызып, күтіп баптаңыздар.
Кездесу соңында Экология департаментіне, Атырау облысы әкімдігіне және қатысқан үш компанияға 2019 жылдың қорытындысы бойынша тұрғындармен есеп беру жиналысын ұйымдастыру жөнінде ұсыныс енгізілді.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттерді түсірген автор