Мақат ауданына қарасты Доссор кентіндегі «Айгүл», «Анар» шағын базарларында сауда жасайтын елуге тарта жеке кәсіпкер әкімдік кеңсесіне жиналып, сатылатын әр тауарға сертификат талап етіп, болмаған жағдайда үлкен айыппұл салуға қатысты наразылық білдірді. Бішкек пен Алматыдан Қытайда өндірілген тауарларды көтеріп сатуға әкелетін жергілікті саудагерлерде бұл қағаз қайдан болмақ? Биліктің бір-ақ жауабы бар: заң орындалуы керек. «АЖ» тілшісі істің мән-жайын пайымдап көрді.
Әңгімені ережеден бастайық. ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 27 наурыздағы №264 «Ішкі сауда қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, тауарларды өткізу кезінде сатушы тұтынушыға оның талап етуі бойынша мына құжаттардың бірін ұсынады: тауардың сәйкестілігі туралы сертификат немесе декларация; дайындаушы немесе өнім беруші (сатушы) ресімдеген тауарға ілеспе құжаттар; туындылар авторлық (лицензиялық) шарт бойынша қайта шығарылған жағдайда - шарттың көшірмесі.
Ал кәсіпкерлердің айтуынша, бұл талаптардың шыққанына көп уақыт өтсе де, тексерулер қазір басталған.
- Біз өндіруші емес, тауар сатушылармыз, затты дорбалап тасимыз. Тапқан табысымыз әнебір керім емес, біз әкелген затқа шамалы тиын ғана қосамыз, тауар бағасын көтерсек, ешкім алмайды. Ал сауданы қояйық десек, әйелдерге ауылда жұмыс жоқ. Сонда біз не істейміз? Әкімшілік кейде жеке кәсіпкерден демеушілік қаржы сұрайды, біз шама-шарқымызша көмектесеміз, ал олар бізді қорғамайды,- дейді саудагерлер.
Бірнеше жылдан бері киім-кешек сатумен айналысып жүрген Раушан ТІЛЕУҒАЛИЕВА бұл шешімнің әділетсіз екенін айтады:
-Мен тауарды Атыраудан және Алматыдан көтеріп алып келемін. Қытайдан келген тауарлар. Оларда сәйкестік сертификаты жоқ. Біз Белоруссия, Ресейдің тауарын ала алмаймыз, ол қымбат, халықтың жағдайы нашар, өтпейді. Қытайдың тауары өтімді. Сертификатсыз зат сатпа дейді, оны қайдан аламын? Мен тауар алатын жерлерімнен сұрадым, олар жоқ деп жауап қатты. Енді сертификатты қайдан аламын, мынау масқара ғой, қалай жұмыс жасаймыз?
Жанар АХМЕТОВА:
- Мен он жылдан бері саудамен айналысамын. Тауарды Хоргостан әкелемін. Сертификат сұрадым, жоқ дейді. Неге біздерге тыныштық бермейді. Қарапайым саудагерлерді қашанғы қыспаққа ала береді. Заң барлық жерге ортақ қой, неге көтерме сауда жасаушыларда сертификат жоқ. Оларда болса, біздер алар едік. Мәселен, шұлықты Атыраудағы «Дина» базарынан алсақ, оларда жоқ. Тіпті, қандай сертификат сұрап жүрсіңдер деп бізге күледі.
Кәсіпкер Ғазиз ҒАБДУЛЛИН:
- Осы жерде отырған тауар сатушылар өз күндерін өздері көріп, үкіметтен ештеңе сұрап жүрген жоқ. Бірде құзырлы мекеме қызметкері полицейді ертіп, тексеру жасайды. Үкімет шағын және орта бизнес жасаушыларға «тиіспеңдер» деп жатқанда бұлары несі? Заңға бәріміз қарсы шықпаймыз, дегенмен кәсіпкерлердің талаптарына назар аударып, бірлесіп шешу жағын неге ойламайды. Мониторинг жасаумен ғана емес, күрделі мәселелерді жауапты мамандар неге жоғарыға жазбайды?
Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының Мақат аудандық филиалының директоры Гүлназ ТАЛАПҚЫЗЫ:
- Аудандағы тауар сатушылар соттың шешімімен айыппұл арқалағаннан кейін ғана сертификат алудың жолын іздеуде. Бұл жерде адам саулығы мен қауіпсіздігі бірінші орында тұр.
- Сонда біз сертификатты қайдан аламыз?
- Бес жылдан бері түсінік жұмыстары жүріп келеді. Бүгін ғана айтылып жатқан жоқ.
- Онда Сіз бізбен бірге тауар алатын жерге бірге барасыз ба? Қытайға, Бішкекке, Алматыдағы базарларға барайық. Олардың ешбірінде сертификат жоқ қой, - деп мысқылдап ұсыныс берді сатушылардың бірі.
Мақат аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Гаухар ТОҒАЕВА:
-ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 21-бабы 5-бөлігінің 2-тармақшасына сәйкес, өнім қауіпсіздігінің мониторингі санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу арқылы жүзеге асырылады. Осыған орай 2015 жылдан бастап аудандағы шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне бірнеше рет түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Десек те, жеке кәсіпкерлер сырттан ауданға әкеліп отырған тауарларын ілеспе құжаттарынсыз сатуда. Аудан бойынша он ай ішінде 57 өнімде сәйкессіздіктер анықталды. Бұрын айыппұл көлемі 75 мың теңге болса, енді 585 мың теңгеге көтеріліп кетті, ал жеті күннің ішінде қысқартылған түрде төлесе, айыппұл 290 мың теңге болады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор