Атырау, 23 қараша 22:10
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Наразылықтың символына айналған екі сиыр

Сурет
5 084 просмотра


Біздің қоғам азаматтық бастамалар арқылы бүкіл еліміз үшін ең маңызды реформаларға қол жеткізе ала ма?  Алмытада өткен азаматтық бастамалардың «Real Haq Alany» жалпыұлттық конгресінің ұйымдастырушылары бұған сенімді. «Біз өз елімізден кеткіміз келмейді және талантты жастарымыздың да кеткенін қаламаймыз. Демек, ол үшін жақсы өмір сүріп, жұмыс жасау үшін барлық жағдай жасалуы керек», - дейді азаматтық бастамалар коалициясының өкілдері. Бәрі дұрыс. Бірақ ұйымдастырушылардың бейкүнә перфоманстары биліктің шамбайына тиіп, тыйым салуы көңілге кірбің ұялатады.     

HAQ «Халыққа адал қызмет» ұйымының жаңа формациядағы қозғалыс екенін ұйымдастырушылар бірден түсіндіре алды. «Альфарабиус» коворкинг-орталығының кең ғимаратына олар шенеуніктердің жалынды «жауһарларына» айналған плакаттарды іліп қойған. Бұл жерде парламент төрағасының бұрынғы орынбасары Владимир БОЖКОНЫҢ биліктен тізерлеп тұрып кешірім сұрау керек дегені, ҚР БҒМ экс-министрі Бірғаным ӘЙТІМОВАНЫҢ біз оқып-жазуды туғаннан білеміз және Алматының экс-әкімі Бауыржан БАЙБЕКТІҢ мейрамханадағы 500 теңгелік түскі ас туралы, сондай-ақ, мәжіліс депутаты Гүлжан ҚАРАҒҰСОВАНЫҢ жаңылтпаш қазақшасы келтірілген. Суретші Қанат СЫРЛЫБАЕВТЫҢ сурет көрмесі, әлеуметтік жобалармен танысу, шеберлік-дәрістері, лотереялық ойындар және өз салаларының сарапшы-спикерлерімен және «Ninety One» тобының продюсері Ерболат БЕДЕЛХАНМЕН кездесулер  ұйымдастырылды. Бұл ұжым бастапқыда өздерінің өзгеше ерекшеліктерімен көптің талқысына түсіп, елді елеңдеткен болатын, ал қазір олар өз тыңдармандары бар отандық топтардың біріне айналды және бірнеше компаниялардың жарнамалық тұлғалары.

Суретші Қанат СЫРЛЫБАЕВ

Мұндағы ерекше қонақ – екі сиыр болды. Олар орталықта еш алаңсыз алдарындағы шөптерін жеп, күйіс қайырып тұрған. Ал шараға қатысушылар мен қонақтар оларды суретке түсіріп мәз. Алайда бірнеше сағаттардан соң жеткен полиция ұйымдастырушылардан сиырларды алып кетуді өтінді. Шамасы әлеуметтік желілерге тарап үлгерген сиырлардың суреті елбасының екі сиыр ұстау туралы аманатына байланысты шыққандай болды. Дегенмен, ұйымдастырушылардың өздері де дәл осы мақсатта әкелінгенін жасырмады. Аманатты орындады, онда тұрған не бар?! Тек күш құрылымдарының әрекеті керісінше болды: ғимаратқа ҰҚК, ІІМ, прокуратура және әкімдік өкілдері жинала бастады. Сиырларды ішке кіргізгенмен одан ештеңе шықпады, ақырында фотосессияны тоқтатып, олармен қоштасуға тура келді.  


«ЖАҚСЫ ОҚЫҒАНЫ ҮШІН ОҚУШЫЛАРҒА АҚЫ ТӨЛЕУ КЕРЕК»

Қатысушы спикерлер жан-жақты мәселелерді қозғады. Түрлі салаларды дамыту бойынша өз жұмысын HAQ (Халыққа адал қызмет) қозғалысының көшбасшысы Тоғжан ҚОЖАЛИЕВА, экономист Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,  қоғамдық белсенді Ажар ЖАНДОСОВА, қаржыгер, «KEGOC» АҚ-ның бұрынғы басшысы Әсет НАУРЫЗБАЕВ ой-пікірлерімен бөлісті.

«Ынталандырусыз білім беру дағдарысқа әкеледі», - дейді   «Болашақ мектеп концепциясы» бастамашыл тобының ұйымдастырушысы Марғұлан СЕЙСЕНБАЙ.

- Бірінші мотивация, ескі әдіс – бұл қорқыныш. Балалар мұғалімдерден, ата-аналарынан және көпшілік алдында ұялтудан қорықты. Қазір бұл қорқыныш жоқ. Екінші әдіс аса мұқтаждық пен қажеттілік. Бұл бәскелестік ортаның күшті екенін бала кезінен бастап көріп өскен Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай секілді елдерде жақсы жолға қойылған. Қазақстанда бұл мүлдем жоқ. Ынталандырудың үшінші бір жолы – білімді геймификация арқылы беру, яғни, ойын әдістерін қолдану. Дегенмен, егер балаға тарих пәнінің ойыны ұнаған болса, онда бұл оған математика ойындары да ұнайды деген сөз емес, - дейді Сейсенбай.

Марғұлан СЕЙСЕНБАЙ

«Алматы Менеджмент Университеті», «Haileybury Almaty» мен «Тамос» мектептерінің құрылтайшысы əрі демеушісі болған Сейсенбай ынталандыру мәселесін нақты меңгерген. Соңғы 10-15 жылда барлық елдер, оның ішінде Қазақстан да балалар үшін білім алуды жеңілдетуге тырысып келеді: тапсырмалар қысқарды, түрлі-түсті кітаптар, тіпті, анимация элементерімен шығарылуда, емтихан кезінде балалар ұсынылған үш жауаптың бірін таңдайды.  Мектептерде үштілділікті енгізуге тырысуда, мұғалімдер ағылшын тілін оқып жатқан сыңай танытады.  Түсініксіз оқулықтар, түсініксіз әдістер, ол аздай, мүлдем жұмыс жасамайтын «Күнделік» жүйесі тағы бар. Мемлекет барлық жаңа өзгерістерге көптеген қаржы бөліп отыр, алайда оның бәрі құмға сіңген судай, нәтиже жоқ.  

Сейсенбайдың пікірінше, мемлекет кісі басын қаржыландырғаннан басқа, барлық қазақстандық мектептердің оқушыларын ынталандыруды қаржыландыруға да ақша бөлуі тиіс. Оның бұл батыл идеясының мәні мынадай: егер оқушы тоқсан қорытындысы бойынша үлгерімі 80 баллдан жоғары алса, онда оған соманың  25% төленеді, егер 100 балл болса – онда барлық сома төленеді. Сәйкесінше, егер үлгерім проценті 50 және одан төмен болса, онда ештеңе төленбейді. Міне, сол тапқан ақшалары балалардың оқуға деген ынтасын арттырады. Ересектерге еліктеген олар өздерінің оқуын жұмыс ретінде бағалайтын болады. Бұл өз кезегінде олардың өздеріне деген құрметтері мен өздерін бағалауға мүмкіндік береді. Балалардың репетиторлардан дайындалуға деген қызығушылықтары артады, оның үстіне шығындарының бір бөлігін олар өздері де төлей алады. Олардың санасында білімнің еңбексіз келмейтіндігі, ал еңбек үшін ақы төленеді деген түсінік қалыптасады. Аз қамтылған отбасының балалары үшін бұл үлкен көмек болады. Мектеп те ынталандыру  қаржысын алатын болады – оның оқушыларының орташа баллдары  барынша жоғары болған сайын  алатын сома да жоғары болады.

- Мұғалімнен репетитордан айырмашылығы неде? Мемлекет репетиторлардың қызметін реттемейді, оқу жоспарларын олар өздері белгілейді және нарық жағдайына қарай балаларды оқытады. Мұндай қатынасты мемлекет мектептерде де қалыптастыруы керек, яғни, оларға толық академиялық бостандық беруі қажет. Мемлекет - білім беру қызметтерінің тапсырыс берушісі, ал мектеп - мердігер..

Сейсенбайдың пікірінше, мотивациялық жүйе ЖОО үшін де қажет.  Оқу ақысын төлеп отырған студенттерге  жақсы үлгерімі үшін ақшасының бір бөлігі кері қайтарылатын болады.


ҚАТЕЛІК ҮШІН ЖАУАП БЕРЕСІҢ

“Медицина” пікірсайыс  сессиясының спикері ретінде  “Сұңқар”медкомпаниясының директорлар кеңесі тобының төрағасы  Қуаныш КЕРІМҚҰЛОВ сөз сөйледі. Өз әріптестерінен ерекшелігі, ол медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігіне қынжылыс білдірген жоқ. Керісінше, оның пікірінше, біздің елімізде дәрігерлер барынша жеткілікті екен. Егер дамыған елдерде мыңдаған тұрғын үшін 2 дәрігерден артық келмесе, бізде 7 дәрігерден келеді. Және шетелге қарағанда бізде емханалар саны көп. Енді бір мәселе, Қазақстанда халық тығыз орналаспағандықтан кейбір жаңа медициналық технологияларды енгізу қиын, бұл жағдайда олардың өте жоғары өзіндік құны қалыптасады. Қазақстандықтардың денсаулықтарына қатысты маңызды мәселелердің бірі - адамдың жеке жауапсыздығы. Дер кезінде мамандарға қаралған жағдайда көптеген аурулардан  емделіп шығуға болады. Екінші бір маңызды мәселе - тек қана денсаулық сақтауға қатысты емес, барлық басқа да салаларға қатысты мәселе - шешім қабылдауға жауапкершілік. Бізде түрлі жаңа өзгерістерді жиі енгізіп жатады, кейін ол қате болып шығады. Міне, сол қателіктерге шешім қабылдаған «сарапшылар» жауап берсін және материалдық жауапкершілікке тартылсын.

- Егер сенің шешімің жүзеге аспаған болса, онда сен орын алған шығындарды өз қалтаңнан өтеуің керек, - деп есептейді Қ.Керімқұлов.


АСҚАҚ АРМАНДАР

Лукерья ЛОНШАКОВА

Алматы үшін салқын ауа райына қарамастан конгресске 1200-ден аса адам келген. 47 түрлі ҮЕҰ, оның басым бөлігі оңтүстік астанадан және басқа да қалалардан болды. Кейбір үкіметтік емес ұйымдар қазір де өздерінің аудиторияларының өмір сапасын жақсарту үшін жұмыстануда. Мысалы, №9 сөйлеу және есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мамандандырылған интернаттың түлектері мен көру қабілеті нашар 10 жас жігіт 2017 жылы «Асқақ армандар» жобасының аясында «Журналистика» мамандығы бойынша оқу бітіріп, өткен жылы «Sector X» интернет-радио құрған болатын. Қазір олар мүгедектер мен халықтың әлеуметтік осал тобы үшін медиамектеп, сондай-ақ, әлеуметтік жарнама, фильмдер және клиптер үшін продакшн-компания ашу жобасын жүзеге асыруда.


- 2 жыл ішінде біз масс-медиа саласы бойынша 50 адамды оқытып шықтық. Олар режиссер, монтажер, оператор, продюсер, жүргізуші болды. 5 адам қазір біздің радиода жұмыс  жасайды, көпшілігі өз бизнестерін ашып, масс-медиа өнімдерін шығарумен айналысуда, - дейді радио жүргізуші Лукерья ЛОНШАКОВА.  

-Мүгедектер  тек әлеуметтік, медициналық  қызметтерге,  оңалтуға ғана мұқтаж емес. Бізге бәрінен бұрын денсаулығымыздың мәселесіне қарамастан біздің азаматтық ұстанымымызды қоғамның танығаны керек. Мен радиода жүргізішімін, біз тек мүгедектерді ғана емес барлық қоғамды алаңдадатын өткір мәселелерді көтеріп, талқылаймыз.    

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді түсірген автор

29 қараша 2019, 19:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.