Атырауда облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ төрағалығымен құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Жиын барысында Индер, Махамбет аудандарының әкімдері тыңдалып, мал ұрлығы мен балықшы ауыл Жанбай туралы да мәселе көтерілді.
ЖАРЫҚ ШАҒЫЛЫСАТЫН ЖАБУ
Индер ауданы әкімі Мейірім ҚАЛАУИДЫҢ айтуынша, ауданда биыл өткен жылмен салыстырғанда жасөспірімдер арасында жасалған құқықбұзушылық артқан - сәйкесінше 23 ата-анаға айыппұл салынып, 73 ата-анаға ескерту берілген.
- Мал ұрлығының алдын алу мақсатында тұрғындар тарапынан ұсақ малдарға бақташы тағайындалғанмен, ірі малды арнайы жайылымдарда бақташы арқылы бағу ұсынысы тұрғындар арасында қолдау таппай отыр,- деді М. Қалауи. - Автокөлік жолдарында малдың кесірінен орын алатын жол-көлік оқиғалары көбейген, әсіресе, Жарсуат, Бөдене ауылдық округтерінің аумағында. Сондықтан сол жағалаудағы ірі қараға жарықтандыру белгілері тағылды, жол бойына жарықтандырылған арнайы баннерлер орнатылды. Келер жылы Индербор кентіне кірер жолды толық жарықтандыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар ЖӘС бойынша Индербор кенті мен ауылдық округтерге 165 бейнекамера орнату жоспарлануда. 14 полиция қызметкері тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Полиция жұмысын жеңілдету үшін 2 автокөлік керек, сонымен бірге аудандық полиция бөлімінің ғимараты да жөндеуді қажет етеді – 1983 жылы салынған ғимаратқа күрделі жөндеу 2011 жылы жүргізілген.
«ӘКІМДІК ҚАЙДА ҚАРАП ОТЫР?»
Махамбет ауданының әкімі Жәрдемғали АХМЕТОВ ауданда қылмыс көлемі 7,7 пайызға, мал ұрлығы 44,4 пайызға азайғанын мәлімдеді.
- Биылдан бастап сынақ ретінде Сарайшық ауылындағы сауын малдан басқасының бәрін 6 ай жазда қырға алып кетіп бағу туралы келісімге келіп отырмыз. Алдағы уақытта басқа ауылдық округтерде де осы жұмыстарды жалғастырамыз.
Н. Ноғаев:
- Біз көтерілген проблемалардың бәрін полицияға тіреп қоямыз. Телеграм-чатта «подъезде біреу темекі тартады, дәрет сындырады» деп шағымданатындар бар. «Сендер не қарап отырсыңдар» деп бізге жекиді. Бұл жерде бар мәселені күштік құрылымдарға итере салған дұрыс емес, ең алдымен әр адам санасын реттеу керек. Статистика мәліметі бойынша, Махамбет ауданында көптеген қылмыс түрі төмендеген, бірақ бұзақылық 17 пайызға өскен, қоғамдық жерде ішімдік ішу де өскен. Мұның бәріне полиция керек емес қой, біреу ішіп тұрса, «мына жерде ішуге болмайды ғой» деп айтуға болмай ма? Қоғамның санасына көңіл аударуымыз керек.
Исатай ауданында да былтырмен салыстырғанда қылмыс деңгейі төмендеген, аса ауыр қылмыс тіркелмеген. Аудан әкімі Марат МУРЗИЕВ «Браконьер-2019» шарасы нәтижесінде 5 әкімшілік құқықбұзушылық және 5 қылмыстық іс тіркеліп, 132 кг балық (32 кг бекіре тұқымдас балық), құжаты жоқ 3 байда қайығы, 2 мото көлік тәркіленгенін хабарлады. Аудандағы барлық білім ұйымында 546 бейнебақылау камералары орнатылған. Жанбай полиция бөлімшесінің құрылысын салуға ЖСҚ жасақталуда.
ЖАНБАЙ ТЫНЫШТАНДЫ МА?
Жанбай – соңғы жылдары жергілікті полицияға бағынбау оқиғалары орын алған балықшы ауыл. Дегенмен, жазда «Бекіре-2019» бойынша баспасөз конференциясында ахуал түгелдей бақылауға алынды деп мәлімделген болатын. Ноғаев осы отырыста «жақында болған фактілер» туралы айтып, бәрі «бейбіт жолмен шешілгенін» атап өтті.
- Жақында болған фактілер тәртіпсіздікті қайта жаңартуға бағытталған, оны болдырмау керек. Санчо Панса сияқты жел диірменімен өзімізбен өзіміз күресе бермей, қоғамды жұмылдырып, қылмысты болдырмауды қамтамасыз етуді ұйымдастыру керек.
Полиция департаменті басшысы Хамза ҮМБЕТҚАЛИЕВТІҢ айтуынша, мал ұрлығы қылмысының жазасын қатаңдату мақсатында 5 жылдан 10 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау және оны ауыр қылмыс санатына енгізу мәселесі Парламентте қаралуда екен.
Аталған мәселелер мен берілген ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, алдағы уақытта олардың шешімін табуға тапсырмалар берілді.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА