Атырау, 23 қараша 21:54
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Көрші суды реттейді, балыққа оттегі жетпейді

Сурет Бейнежазба
4 331 просмотра


22 қарашада Атырауда ғалымдар мен үкіметтік емес қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен «дөңгелек үстел» өтті. Онда өткен жылғы желтоқсандағы балықтың жаппай қырылуынан кейін Жайық өзеніндегі ихтиофаунаның жай-күйін зерттеу нәтижелері талқыланды.

Республикалық балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының жетекші маманы, биология ғылымдарының кандидаты Евгений КУЛИКОВ баяндама жасады. Оның қысқаша мазмұны мынадай.

- Жайық пен Каспий теңізі – балық өзенде де, теңізде де мекендейтін ерекше экожүйе. Балықтардың өрістейтін және жартылай өрістейтін түрлері теңізде жүреді де, уылдырық шашып, қыстау үшін өзенге кіреді. Бұл тарихи қалыптасқан заңдылық, өйткені теңізде балықтың қорегі мол, ал өзенде теңізге қарағанда қауіпсіз жерде болады. Соңғы 20 жылда судың көпжылдық орташа деңгейі шамалы түскен. Су деңгейі негізінен 90-шы жылдары төмендей бастады, ол климаттың құрғақшылық деңгейінің артуына байланысты. Бұл тек Жайықта ғана емес, бүкіл Қазақстан өзендеріне де тән.

Балық қорларының азаюына Ресей Федерациясының аумағында өткен ғасырдың ортасынан бастап ағын судың реттеле бастауы екінші себеп болды. Ал су қоймасы өзендерге қарағанда суды көп мөлшерде буландырады. Бұдан басқа, көршілес елде өнеркәсіптік қажеттіліктер үшін қолданылатын қайтарымсыз су ағындары бар. Қазақстандық гидрологтардың бағалауынша, Жайық Ресей аумағында арнаның тым көп реттелуі салдарынан жылына бірден бір жарым текше шақырымға дейін су жоғалтады. Балық шаруашылығы үшін оңтайлы ағын су – (жылдық су ағынының үштен екісі көктемгі су тасқыны кезінде сәуірден маусымға дейін ағу үшін) айға бөлгенде жылына 9-9,5 текше шақырым.  

Нитраттар, нитриттер, хлоридтер, сульфаттар бойынша шекті рұқсат етілген концентрациядан (ШРК) асу тіркелген жоқ.

Өзендегі оттегі мөлшері литріне 5-6 мг құрады. Балықтардың көпшілігі үшін бұл өте жақсы, бірақ бекіре тұқымдас балықтар оттегі тапшылығына анағұрлым сезімтал. Оңтайлы түрде оларға литріне 7-11 мг шоғырланудағы оттегі қажет.

Өткен жылдардағы талдау нәтижелері көрсеткендей, өзендегі оттегінің мөлшері біртіндеп азаюда. Нәтижесінде балық қыстау үшін өзенге кіруді қойды. Егер өткен желтоқсанда «Городская», «ОСВОД» және басқа да қыстау шұңқырлары балыққа толса, оның салдары бұдан да жаман болар еді.

Су мен топырақта токсикологиялық зерттеулер жүргізілді.

Ауыр металдар, пестицидтер, мұнай өнімдері, фенол анықталды. Жайық суында мырыш басым, дегенмен ШРК-дан аспайды. Ластанудың жоғары деңгейі Перетаска мен Жайық сағасының топырақтарында байқалады. Фенол ШРК-дан 2-ден 10 есеге дейін асады. Соңғы жылдардағы деректерді салыстырмалы талдаған кезде, су түбіндегі шөгінділерде қорғасын мөлшері 5 есеге артып, ал бұл тұрғыда басқа металдардың құрамы азайғаны анықталды.


Ал балық токсикологиялық көрсеткіштер бойынша азық-түлік қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес келеді.

Жайық өзені едәуір ластанған, бірақ бұл төтенше жағдай емес. Қазақстанда одан да көп ластанған өзендер жеткілікті. Мысалы, бейорганикалық қосылыстар бойынша Ертіс, органикалық және пестицидтер бойынша Сырдария ластанған. Техногендік апаттар барлық жерде орын алып жатыр. Меніңше, балық өсіретін шаруашылықтар суды тазарту туралы мәселені алдын-ала қолға алуы керек. Су тоғандарға өзеннен құйылмауы тиіс. Суды тұндырып қою керек, мұны аквариум балықтарын ұстайтын жандардың бәрі біледі.

Өзенде 25 кәсіпшілік, 5 сирек кездесетін және жыланбалық, көкшеу, бұзаубас балығы секілді кәсіпшілік емес бірнеше балық түрлері мекендейді. Табан мен қаракөз уылдырық шашу үшін анағұрлым жақсы өрістейді.

Жайықтағы және сағаалды кеңістіктегі балық қоры көп емес, бірақ тұрақты - 22 мың тонна. Қазір 2014-2016 жылғы шабақтар аулануы тиіс - олар екі есе көп.

Ғалым сөзін былай түйіндеді:

- Біз бірнеше ай бойы барлық сұрақтарға жауап бере алмадық. Жұмыс жүріп жатыр, оны жалғастыруымыз керек.

ҮЕҰ бұл идеяны іліп алып, «дөңгелек үстел» хаттамасына зерттеуді жалғастыру жөніндегі ұсынысты енгізді. Естеріңізге салсақ, былтыр желтоқсанда жаппай қырылғаннан кейін балық қорын зерттеуге облыс бюджетінен 80 миллион теңге бөлінген болатын.



Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ 

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

25 қараша 2019, 12:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.