Голландиялық Питер СТЕГМАН өңіріміздің экологиясын сақтауға өз үлесін қосып жүр. Қала ішінде жаяу жүруге жұмыстанатын Питер көптен бері қала төңірегінде, одан әрі Атырау даласында велосипедпен серуендегенді ұнатады.
Велоспортқа бір өзі қызығушылық танытып қана қоймай, оны таныстарының арасында да кеңінен таратуға тырысады. Ол қатысатын велосипед әуесқойларының «Atyrau Outdoors» тобында түрлі ұлт пен жастағы 80-ге жуық адам бар. Ең үлкен қатысушы 64 жаста. Топ кез келген адамға ашық. Тек ниеті мен сенімді велосипеді болса болғаны, дене бітімдерін уақыт өте қалыпқа келтіруге болады. Топ жылына бір рет барынша көп қатысушы жинап, 100 шақырымдық марафон ұйымдастырады.
Апта сайын қатысушылар саны үнемі өзгеріп отырады - біреуі демалысқа кетсе, енді біреуі вахталық жұмысына кетеді, бірақ негізінен 3-10 адамға дейін жиналады. Топ әр демалыс күндері, ауа-райына қарамастан бас қосады. Оның үстіне, велосипедшілер далалыққа шыққанда трассамен және салынған сүрлеу жолдармен емес, жолсыз жерлермен жүргенді жөн көреді. Кезекті жорыққа шыққанда қатысушылардың құрамы ескеріледі, маршрут олардың дайындық деңгейіне байланысты таңдалады. Өйткені бұл топта алыс қашықтыққа шығуды ұнататын тәжірибелі спортшылар да, қаладан алысқа шығуға тәуекел етпейтін тәжірибесі жоқ жандар да бар. Маршрутты таңдаған кезде бір ғана нәрсе өзгеріссіз қалады: топ кері қайтқанда жел арттан соғу үшін барарда желге қарсы жүруге тырысады. Бізде Атырауда жел бағыты жиі өзгереді, сондықтан жорыққа шығушылардың қалағанындай бола бермес.
ЖОЛҒА НЕ АЛЫП ШЫҒАДЫ
Питер NCOC-та жұмыс істейді. Алғаш рет ол Атырауға 2010 жылы келген («Atyrau Outdoors» 2007 жылы құрылған). Голландияның велосипед тарихына бай ел екені белгілі. Көптеген анықтамалықтарға сүйенсек, ол жерде велосипедтер тұрғындардың өздерінен көп екен. Мұның қарапайым себебі бар. Голландықтардың көбінде 2 велосипедтен бар. Біреуі қала ішінде жүруге қолайлы болса, екіншісі спортпен айналысуға және демалыс күндері қала сыртына саяхаттауға арналған. Жалпы, голландық тұрғын үшін велосипед - жай қозғалыс құралы емес, бұл өмір салты. Бұл елде еңбектеген баладан бастап король отбасына дейін бәрі велосипедпен жүреді. Питер Атырауда осындай топтың барын білгенде оған бірден қолдау көрсетті. Оның айтуынша, бұл жақта велоспортпен айналысу өз отанындағы үйреншікті қала ішіндегі қозғалыстан айтарлықтай ерекшеленеді. Қала маңына және Атырау төңірегіндегі далаға шығу үшін тау-таспен жүруге арналған велосипед қажет. Қымбат болуы міндетті емес, бастысы - сенімді болуы керек. Жақсы түрлерін жергілікті дүкендерден табуға болады. Жолға шыққанда, ең алдымен, қауіпсіздікті ойлау керек. Сондықтан да міндетті түрде қорғаныс шлемін алған жөн. Велосипедшілер жолға шыққанда өздерімен бірге артық дөңгелектер мен оны ауыстыруға және ұсақ жөндеу жұмыстарына арналған құрал-саймандар алып шығады. Өйткені жолда шеге, тікенектер жиі кездеседі. Жазда спортшылар күн көзінен қорғайтын көзілдірікпен, күнге қараюға қарсы креммен және масадан қорғайтын спреймен қаруланады. Жолға міндетті түрде көбірек су алып шыққан жөн.
ЖАЙЫҚТАН КАСПИЙГЕ ДЕЙІН
«Atyrau Outdoors» тобын құрушылар кезінде жүру бағыттарын дайындаған. Бүгінде Питердің тобы осы бағытпен жүреді. Бұл бағыттардың Килиманджаро, Фудзияма және т.б. деп аталатын қызықты атаулары бар.
Жазда ауа райы 80-90 км қашықтықты қамтуға мүмкіндік берсе, қыстың суығы саяхатшылардың құлшыныстарын 40-45 км-ге дейін шектейді. Есесіне қыста олар мұз үстімен Каспийге дейін барады. Сүйікті маршруттарының бірі – Алмалы жақтағы керемет көлшікке бару.
Топ әлеуметтік желілерде шағын есеп беріп, виртуалды күнделік жүргізеді. Дала фаунасының өкілдері: кесірткелер, жыландар, борсықтар мен түлкілер саяхатшыларымыз түсірген суреттердің кейіпкерлеріне айналған. Бірақ олар көбінесе далада жайылып жүрген қойларды, кейде түйелерді кездестіреді.
Топ мүшелерінің велосипедпен әуестенетіндері соншалық, олар қос дөңгелекті достарымен ел аралап қайтқан - кейбіреулері Шарын шатқалының бағыттарын игерсе, енді біреулері Маңғыстаудағы Үстіртті бағындырған.
ЖАЯУ ЖҮРГЕНДІ ҰНАТАДЫ
- Мен Атырауда 2010-2014 жылдары жұмыс істеп, 2017 жылы қайта оралдым. 29 және 27 жаста екі ұлым, 24 жаста қызым бар. Жұбайым Голландия мен Атыраудың ортасында жүр, - деп әңгімелейді Питер өзі туралы. 59 жасқа келсе де, велосипедпен серуендеп, шынығып тұрады. Оның пікірінше, жүгіруден айырмашылығы – велоспорт буындарға, әсіресе, тізеге көп күш түсірмейді. Бұл әуестігін әзірге тастайтын ниеті де жоқ. Бұдан басқа Питер аптасына екі рет йогамен және аптасына бір рет – жаттығулар кешенімен (кезекпен бірінен кейін бірі жасалатын жаттығулар) айналысады.
Командасындағы қатысушылардың көпшілігі жұмысқа да велосипедпен барады. Ал Питер жаяу жүреді. Жалпы қаланың ішінде, тіпті, сауда орталығына азық-түлік алуға барған кезде де жаяу жүргенді жөн көреді. Бұл әдеті өзіне ғана емес, қоршаған ортаға да пайда әкеледі деп есептейді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суреттерді ұсынған Питер Стегман