Бүгінде Атыраудағы тергеу изоляторында (УГ-157/1) қылмыстық істер бойынша әлі сот үкімін күтіп отырған 5 жасөспірім айыпталушы бар. ҚР Қылмыстық кодексінің 78-бабына сәйкес, қылмыс жасалған кезде 14 жасқа толған, бірақ 18 жасқа толмаған тұлғалар кәмелет жасқа толмағандар деп танылады. Егер қылмысты 14 жасқа дейінгі жасөспірім жасаған болса, қаншалықты ауыр болса да, ол жазаланбайды. Жақында ІІМ қылмыстық жауапкершіліктің жас шегін 12 жасқа дейін төмендету және жасы кіші қылмыскерлер үшін жазаны қатайту туралы бастама көтерген еді.
Шынында да, соңғы жылдары кәмелетке толмағандар көп қылмыс жасайтын болған. Бір қызығы, Атырау облысының Полиция департаменті тиісті статистикамен бөліскісі келмеді. Ал ҚР Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірімізде кәмелетке толмағандар 19 қылмыс жасаған. Көбінесе ұрлық пен бұзақылық, бірақ ішінара адам өлтіру мен ауыр дене жарақатын салу қылмыстары да бар. Кәмелетке толмаған 19 жасөспірімнің 10-ы мектеп оқушысы, қалғаны колледж студенттері.
ҚР Қылмыстық кодексінің 79-бабы 6-тармағына сәйкес, кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру 10 жылдан аспайтын мерзiм, ал ауырлататын мән-жайларда кiсi өлтiргені үшін 12 жыл тағайындалуы мүмкiн.
Бүгінгі таңда Қазақстанда кәмелетке толмағандарға арналған бір түзету колониясы бар, ол Алматыда (ЛА-155/6 мекемесі) орналасқан. Қазір ол жерде ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған 38 жасөспірім жазасын өтеп жатыр. Олардың нешеуі атыраулық екенін анықтау мүмкін болмады. Бірақ қалай болғанда да, нақты мерзім берілген үкім шыққаннан кейін атыраулық тұтқындар сол жерге жіберіледі. Егер сот белгілеген мерзім 21 жастан асып кетсе, бұл жасқа толғаннан кейін сотталушы ересектер колониясына ауыстырылады.
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ең дамыған елдерде де жасөспірімдер арасындағы қылмысты толығымен жеңу мүмкін болмай отыр. Жеңіл жаза кәмелетке толмаған қылмыскерлердің санасында жазасыз қалу сезімін күшейтеді екен. Десе де, АҚШ-тың көптеген штаттарында, дамыған және құқықтық мемлекеттер болып саналатын Англияда, Швейцарияда және Австралияда қылмыстық жауапкершілік 10 жастан, ал Шотландияда 8 жастан басталады.
2012 жылдан бастап Қазақстанда кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған соттар жұмыс істейді. Ол жерде мүмкіндігінше, нақты бас бостандығынан айырмайтын жаза қолданылады.
Жыл басынан бері Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі ауданаралық сотында 10 жасөспірімге қатысты үкім шығарылды: 7 - бас бостандығын шектеу, 2 - шартты түрде бас бостандығынан айыру, 1 - тәрбиелік шаралар алу арқылы жазадан босату.
- Жасөспірімдер көбінесе мұның салдары туралы ойланбастан, пайдақорлық мақсатта және «қызық сезіну» үшін қылмыс жасайды, - дейді облыстық сотта. – Бұл жерде баласына ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін, қарапайым құқықтық нормаларды түсіндіре алмаған ата-ананың да кінәсі бар.
АНАМЕН КЕЗДЕСУ
…Тергеу абақтысына оралайық. Бұл жерде отырғандардың ең жасы 16-да. Олардың екеуін адам өлтірді деген айыппен соттайды: 17 жастағы Т. төбелес кезінде қарсыласын өлтірген, 17 жастағы Д. шолақ мылтықпен ересек ер адамды атып тастаған.
- Тергеу абақтысына түскен кезде кәмелетке толмаған тергелуші 15 күн карантинде болады. Оған да, ата-анасына да түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұдан басқа, әрқайсысымен жеке-жеке психолог сөйлеседі, - дейді УГ-157/1 мекемесі басшысының тәрбие мәселелері жөніндегі орынбасары Мейірбек ОРАЗҒАЛИЕВ. - Олардың бәрі мекеменің ерекше бақылауында. Өздерін жақсы ұстайды, оларға ешқандай тәртіптік жаза қолданылған жоқ. Жақында біз осында психолог пен теологтың қатысуымен тренинг өткіздік. Басты мақсат - моральдық және психологиялық қолдау көрсету, олардың қоғамға керек екендігіне сендіру. Мұқағали Мақатаев «Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге» деп бекер айтпаған ғой.
Тренинг кезінде тергеліп жатқан жасөспірімдермен аз-кем тілдестім. Бәрі де сот болатын күнді күтіп, этаппен кетпейтін шығармыз деп үміттенеді.
- Жағдай солай болды, есіме түсіргім келмейді, - деп қысқа қайырды жасөспірімдердің бірі менің сұрағыма.
- Жақында анаммен кездестім, қуанып қалдым. Сәл болса да демалдым, - дейді екіншісі.
Жасөспірімдерді басқалардан бөлек жерде ұстайды деп ойлаған едім. Олай емес екен: кәнігі қылмыскерлері жоқ әртүрлі камераларға орналастырылған. Оларға ересектерге қарағанда серуендеу үшін көп уақыт беріледі.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор