Атырау, 23 қараша 23:20
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ізетті іні, ұлағатты ұрпақ

5 509 просмотра


Өмірде туыс-бауырыңнан немесе жүрекке жақын тұтатын адамыңнан айырылу қандай қиын десеңізші. Біз бұдан бір жылдай уақыт бұрын Әлібек інімізден қапияда көз жазып қалғанымызда осындай ерекше тебіреністе болғанымыз жасырын емес. Оның бүкіл әулетімен бірге алыс-жақын туыстар да қатты қайғырдық, жүрекке салмақ түсті.

Әлібек ініміз өмірден ертерек өтсе де, шығармашылық қабілеті арқасында өз биігіне көтерілген журналист, өлкетанушы ретінде өңірге кеңінен танылған азамат деп білемін. Ол ұзақ жылдар облыстық, республикалық телеарналарда, әртүрлі басылымдарда қызмет істей жүріп, өлкеміздегі өркенді істерді насихаттауға, өңір тарихының шежірелі беттерін кейінгі ұрпақтарға жазып қалдыруға елеулі үлес қосты. Оның шығармашылығы, журналистік қабілеті қандай танымал, өрісті болса, өмірдегі адами қасиеттері, кішіпейілділігі мен бауырмалдылығы да ерекше болатын.

Ол жұмыс бабы не жеке шаруасымен өзі туған өңірге келе қалса, біз сияқты ағаларына хабарласып, сәлем бермей кетпейтін. Аққыстау ауылында көптеген туыстас бауырлары тұрады. Қазіргі әулеттің үлкені болғандықтан уақыт тауып, оларға да ат басын бұратын. Ағалардың алдында ізеттілігі, жасы кішілерге тән кішіпейілділік оны жүрген ортасында тиісінше құрметке бөледі.

Әлібектің тұла бойындағы парасаттылық пен биік адамгершілік қасиеттер, табиғи дарындылық оған әке қаны, текті тәрбиемен берілген бе деп ойлаймын. Ол Жұмағали ағамыз бен Күлән жеңгеміздің тұңғыш перзенті болғанмен, кішкене кезінен Қайыр атамның, Мұқыш шешеміздің тәрбиесінде, солардың кенже ұлындай болып өсті. Елге танымал, имандылық жолды ұстанған, қасиетті емші Қайыр атаның немересіне деген мейірімі де ерекше болды.

- Қандай қонақтық, жиын-той болса да атам мені қасынан қалдырмайтын, -деп еске  алатын Әлібек інім әңгіме-дүкен құрылған кезде. - Сондағы ойы ағайын-туысты танысын, үлкен адамдардың парасатты әңгімесін тыңдасын дегені екен ғой. Оны балалықпен сол кезде аңғармасам да, кейін білдім. Атамның үйдегі, отбасындағы тәлімді тәрбиесі мен ұлағатты әңгімесі, терең мазмұнды сөздері маған өмірлік жолбасшы болды. Атам үлкен емші, қасиет иесі болғандықтан оған талай адамдар, көмек сұраған мұқтаж жандар келіп жататын. Сонда ол ешкімнің де меселін қайтармайтын. Қолынан келген көмегін жасап, ауру-сырқау адамдардың саламаттанып кетуіне ықпалын, жәрдемін тигізуші еді. Оның қайсыбірін айтайын, әйтеуір, емшілігі бүкіл Нарын өңіріне танымал болатын. Ойдан-қырдан, алыс-жақыннан қаншама адам ат сабылтып келсе де, солардың бәрімен тілдесуге уақыт табатын. Атамның тағы бір ерекше қасиеті - өзі сияқты ұлағатты адамдармен кездескенін әсте ұмытпайтын, үнемі айтып жүретін. Әсіресе, өзінің тұстасы, Нарын өңіріне танымал болған ұстаз, Ленин орденінің иегері Хамидолла Нәубетовке ерекше ілтипат білдіруші еді. Екеуі кездескенде ұзақ-ұзақ әңгімелесіп, сырласатын. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында әкем Қайыров Жұмағали көршілес Махамбет ауданындағы байырғы білім ұясы - Қызыл үй орта мектебіне директорлық жұмысқа жіберілді де мен білім алу үшін солармен бірге кеттім. Атам ұлының жаңа қонысын көрейін деген ниетпен, не бауырында өскесін мені сағынған болар, 250-300 шақырым жердегі Мыңтөбеден сонда келді. Жұмекең (Әлібек әкесін осылай атайтын) атам келген соң, елмен таныссын деген ниетпен бір топ ауыл азаматтарын, қарттарын шақырып, шаңырақта үлкен дастархан жайды. Жақсы-жақсы әңгімелер айтылып, сырттан естіп жүргендер атамның емшілік қасиетіне таң-тамаша болды. Бірақ кеңестік кезең, партиялық тәртіптің заманы болған соң, атам өзі жөнінде көп шешіліп айта қойған жоқ. Бәлки, коммунист, мектеп басшысы болып жүрген баласына зияны тие ме деген болар. Бір-ер күннен кейін атамды сол ауылдағы Ермұхашев Құспан деген қарт шақырды. Ол кісі де үлкен молдалығы бар, діндар адам екен. Екеуі бір-бірімен жақсы тіл тауып өткен-кеткен, арғы-бергіден әңгіме қозғап ұзақ сөйлесті. Осыдан кейін атам «Ақ Жайық» аулындағы Құспан қартпен кездескенім бек сәттілік болды» деп көпке дейін айтып жүрді...»

Қайыр қарт бәріміздің де атамыз болды, көзіміз көріп, әңгімесін тыңдадық. Емшілік қасиеті оны өңірдегі дүйім жұртқа таныс етіп қоймай, талай-талай адамдар атамыздың ем-домынан сауығып кетті. Сонымен бірге ол көптеген қиыншылық кезді, тіпті, молда деп қудалауды басынан өткерсе де бәрінен аман шықты, ұрпақ қызығын көріп, мағыналы ғұмыр кешті. Сол атамыздың кенже ұлы Жұмағали ағамыз да өңірге парасатты азамат ретінде танылып, абыройлы ұстаз атанды. Отан соғысынан оралғаннан кейін ол жоғары білімді ұстаз ретінде іргелес қос ауданда мұғалім, мектеп басшысы, аупарткомның бөлім меңгерушісі сияқты жауапты қызметтерді ойдағыдай атқарды. Жеңгеміз Күләнмен (қазір ол 95 жаста, ұрпақтарының ортасында) отбасын құрып, 50 жылдан астам уақыт бақытты өмір сүрді, ұл-қыздарын өсіріп-тәрбиеледі. Біз әңгімелеп отырған Әлібек ініміз сол Жұмағали аға шаңырағындағы  ұрпақтардың тұңғышы.

Жұмекең біз сияқты кейінгі інілеріне де қамқорлығын аямаған жан. Біздің азамат болып қалыптасуымызға бұл кісінің қосқан үлесі айтарлықтай. Өзі талай-талай жауапты қызмет атқарып жүрсе де, ағайын-туыстан алыстаған жоқ. Жақсылықта да, басқа жағдайларда да жақын туыстардың ортасында болды, Күлән жеңгеміз екеуі ақылдарын айтып, қолдан келген қамқорлығын жасай білді.

«Ат тұяғын тай басар» дегендей, Қайыр атамыздың бауырында өсіп, Жұмағали ағаның тәрбиесін алған Әлібек ініміз де жоғары білім алып, парасатты азамат ретінде қалыптасты. Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін екі-үш жыл Маңғыстау өңірінде мұғалімдік қызмет атқарды. Кейін өзі туған өңірге оралды. Сөйтіп ол бастағы жүрек қалауы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына жұмысқа ауысып, қырық жылдай тапжылмай еңбек етті. Журналистік жолды таңдап, күрделі-күрделі туындыларды өмірге әкелді, республикалық, облыстық басылымдарда, теледидарда жемісті қызмет істеді. Әсіресе, республикалық «Халық кеңесі», «Қазақ әдебиеті», облыстық «Атырау» газеттерінде жұмыс істеген жылдар оны көпке танытты. Осы кезеңде ол мұнайлы өлкедегі жарқын істер мен жерлестерінің қажырлы еңбегін үнқағаз бетінде үзбей жариялап, журналистік шеберлігі мен қалам қуатын танытып үлгерді. Теміржолшылар өмірінен қос кітап жазып, жарыққа шығарды. Табиғи дарынына, жазу стиліне қарап оны  жазушы деңгейіне көтерілген тұлға деуге де болар еді.

Әттен, қатал тағдыр інімізді нағыз кемеліне келген кезде ортамыздан алып кетті. Әріптес бауырларының оның кейінде қалған мұрасын жинақтап, кітап етіп шығарғаны құптарлық-ақ  іс болды.

Ініміз Әлібек Жұмағалиұлы жұмыс бабында жүріп, облыс аудандарының барлығына дерлік танылды, өңірдегі жақсы істердің жаршысы болудан жалыққан жоқ. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» дегендей, қайда барса да оны жұртшылық жылы қабылдайтын. Осының арқасында Әлібектің дос-жолдастары да өте көп еді. Бұл жағдайды біз Әлібекпен қоштасу және қаделі күндерінде де анық аңғардық.

Әлібек тынымсыз шығармашылық қызметпен айналыса жүріп, отбасына да көңіл бөлуді ұмыт қалдырған жоқ. Жұбайы Сара екеуі жарты ғасырдай бақытты ғұмыр кешті. Олардың отбасыларында бірнеше ұл-қыз дүниеге келіп, өмірге қанаттанды. Қазіргі кезде ұл-қыздары бір-бір шаңырақ иелері. 

Сақтай  БЕКҚАЛИЕВ, еңбек ардагері, Исатай  ауданы

18 қараша 2019, 12:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.