31 қазанда Атырауда «Ренессанс» қонақ үйінде ІІІ Қазақстан-Британ экономикалық форумы өтті.
Қазақстандық және британдық компаниялар қатысқан бірінші форум өткен жылы шотландиялық Абердинде, екіншісі биылғы жылдың басында Астанада болған еді. Осы кездесулерге 118 қазақстандық және 129 британдық компаниялар қатысты.
Әлеуетті инвесторлар үшін таныстырылым өткізгенде, «Kazakhstan Petrochemical Industries» (KPI) ЖШС басқарушы директоры Жамбыл КЕКІЛОВ Қарабатандағы арнайы экономикалық аймақ аумағындағы өндірістік қуаттылығы жылына 550 мыңтонна пропилен мен 500 мыңтонна полипропилен болатын интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылыс қарқыны туралы әңгімеледі.
Кәсіпорын 2015 жылы пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Кешен– орамадан бастап көлік детальдарына дейінгі полимер өніміне дүниежүзілік сұранысты 10 пайызға дейін жаба алады.
Жобаның жалпы құны 2 млрд 29 млн 800 мың доллар. Үлес бойынша бұл сома: 1 млрд 380 млн доллар – Қазақстанның Даму Банкіне берген Қытай «Эксимбанкінің» несиесі, 506,5 млн доллар – КРІ консорциумына қатысушылардың үлесі, 93,3 млн доллар –Қазақстан үкіметінің қарызы, 50 млн доллар – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ қарызы. Қытай несиесінің шарты бойынша құрылыстың бас мердігері «Синопек Инжиниринг» компаниясы боп табылады. Кешен Теңіз кенішінен шикізат ретінде ілеспе газды пайдаланатын болады. Ол үшін ұзындығы 200 шақырым болатын магистральды газ құбыры салынбақ.
- Бастапқы уақытта газ Теңізден теміржол арқылы цистерналармен тасымалданады. «Теңізшевройл» компаниясымен жеңілдік шартымен 7 млрд текше метр газ жеткізуге келісім-шарт жасалды. Болашақта тағы 10 млрд текше метр шикізатқа келісім-шарт жасаймыз. Әрі қарай Қарашығанақ кенішінен шикізат жеткізу жүзеге асырылады. Газ сыйымдылығы 2 мың текше метрден болатын төрт шар тәрізді резервуарларда сақталатын болады. Жарылыс қаупі бар, сондықтан бомбадан қорғанатын орын салатын боламыз, - деді Кекілов.
Құрылыс кезеңінде мұнай-газ кешенінің аумағында 5 мың адам, ал пайдалануға берілгеннен кейін – 400 адам жұмыс істейтін болады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ