Осы апта басынан бері Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімінің ғимараты жәрдемақы алушыларға лық толы. Олардың барлығын телефон арқылы шақырып, алға қарай көмек ақша алудан өз еркімен бас тартуға тура келетінін ескерткен.
Ғимарат ішінде басым бөлігі әйелдерден құралған топ екінші қабатқа көтеріліп жатыр. Оларды бір-бірлеп қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бастығы Нұрлы ХАБИЕВА қабылдап жатыр екен. Кабинетке кіріп шыққандар жыл басында 1 жыл мерзімге атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алу туралы келісімшарты жасалса да, енді өз еріктерімен жәрдемақы алудан бас тарту туралы өтініш жазуды ұсынып жатқандарын айтты. Әйтпесе, бұрын алған сомаларын мемлекетке қайтаруға тура келеді екен.
«НЕ ӨЗГЕРГЕНІН ТҮСІНБЕЙМІН»
- Күйеуім екеуміздің 3 баламыз бар, әрқайсысына шамамен 21 мың теңгедей жәрдемақы аламын. Күйеуім 60 мың теңге жалақы алады, мен жұмыс жасамаймын, үйде балаларды қараймын. Маған жарты жыл ақша төледі, енді қоңырау шалып, "күйеуіңнің көлігі бар, демек ол такси болып, табыс таба алады" дегенді айтты. Бірақ көлік әзірге біздікі емес, оны несиеге алдық және ол ресми түрде банктің меншігі. Күйеуімнің таксист боп жүретін уақыты жоқ, таң атқаннан күн батқанға дейін жұмыста болады. Мен бас тарту туралы өтініш жазбаймын, егер қолдарынан келсе, бергендерін алып көрсін! Менің 12 айға жәрдемақы алуға келісімшартым бар, - дейді қала маңындағы Жұмыскер ауылының тұрғыны Әйгерім.
- Күйеуім және 5 баламмен жағдайы жасалмаған уақытша баспанада өмір сүріп жатырмыз. Мұндағылар маған жұбайымның жақсы жұмыс тауып, балаларды өзі қамтамасыз етуі керектігін айтты. Бұл не қылған әңгіме, оған жақсы жалақы алатын жұмысты кім береді? Мен әкімдіктің «Телеграм чатына» жаздым, бірақ "бұл заңды ма?" деген сұрағыма жауап ала алмадым, - дейді Айгүл ӘДІЛХАНОВА.
- Біз жәрдемақы алу үшін өтініш бергенде, пәтеріміздің бар екенін көрсеттік, - дейді Бірліктен келген 4 баланың анасы Жаннат ЖОЛДЫБАЕВА. – Сол кезде бұл жағдай жәрдемақы тағайындауға кедергі болған жоқ. Енді не болып қалды?
Көп балалы ана Айнагүл ЗАРИПОВАДАН отбасының өз үйі болғандықтан, көмектен бас тарту өтінішін жазуды сұраған. Ол келісіпті, өйткені алған ақшасын қайтарғысы келмеген. Аты-жөнін атағысы келмеген тағы бір әйел де өтініш жазғанын мойындады. Әйтпесе, мемлекет оны алты ай алған жәрдемақысын қайтаруға мәжбүрлейді деген сенімде болған. Ал бұл - 5 балаға 600 мыңнан астам теңге.
Естеріңізге салсақ, биыл үш жәрдемақы (балаларға арналған, арнайы және атаулы әлеуметтік көмек) бір жәрдемақыға - АӘК-ке біріктірілген. Оны ресми кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан отбасыларға тағайындай бастады. 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап Қазақстанда кедейлік шегі күнкөріс деңгейінен 50%-дан 70%-ға дейін көтеріліп, АӘК көрсету критерийі өзгерді. Яғни, АӘК тағайындау үшін отбасының әр мүшесі үшін жан басына шаққандағы кіріс 20800 теңгеден аспауы керек.
Алайда, бүкіл ел бойынша жәрдемақы тағайындаудың объективтілігін тексеру барысында әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жалған құжаттар ұсынылған фактілер анықталды. Кейбір жәрдемақы алушылардың коттедждерде тұратындығы, жеке көліктері бар екені және толық қамтамасыз етілгендігі анықталған.
ӘЛЕУМЕТТІК БӨЛІМНІҢ ЛОГИКАСЫ
- Атырауда 2912 отбасы АӘК алады. Тексеру барысында 98 отбасының жалпы сомасы 14 миллион теңгеге жуық жәрдемақыны заңсыз алғаны белгілі болды. Олардың 69-ы ақшаны толығымен қайтарып берді. Қазір тексеру жүргізіп жатырмыз және күмән тудыратын тағы 500 алушыны анықтадық, - дейді Нұрлы Хабиева. - Біреулерінің үйлері, көліктері бар, көбі шағын кәсіпорындарда жұмыс істейді. Бәлкім, жалақыны көлеңкелі әдістермен алатын болар. Мәселен, ресми түрде 40 мың теңге алса, қалған көп бөлігін қолма-қол ақшамен алуы мүмкін. Бұл біздің оларға ақшаны заңсыз аударғанымызды білдірмейді, берілген ақпараттың дұрыстығы үшін жауапкершілік өтініш берушілердің өздерінде болады. Жәрдемақы алуға өздері өтініш жазды, енді бас тарту туралы өтінішті өздері жазулары тиіс.
Н.Хабиеваның айтуынша, бұл жәрдемақылар әлеуметтік қорғалмаған отбасыларға жағдайларын түзету үшін тағайындалады. Бұл шектеулі мерзімге арналған уақытша көмек, бұл мерзім ішінде ересектер мен еңбекке қабілетті отбасы мүшелері балаларын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін дұрыс жұмыс табуы тиіс. Егер ересектер мен еңбекке қабілетті адамдар өздеріне ұсынылған жұмыстан екі рет бас тартса, онда отбасы мемлекеттен көмек алу құқығынан айрылады.
- Бірақ бұрын әңгіме тек ересектер туралы болды, ал балаларға жәрдемақы төлеуді жалғастыра берді ғой, - деп нақтыладым мен қалалық әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысынан.
- Тамыз айында атаулы әлеуметтік көмек төлеу ережелері өзгерді, енді төлемдерді еңбекке қабілетті мүшелеріне ғана емес, бүкіл отбасына тағайындау тоқтатылады. Өйткені АӘК - бүкіл отбасының жәрдемақысы, - деп жауап берді Н.Хабиева.
ЖАУАПСЫЗ СҰРАҚТАР
Мен Гугл жүйесінен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2019 жылғы 26 тамыздағы бұйрығымен Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау және төлеу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені туралы ақпаратты таптым. Алайда онда ересек отбасы мүшелері туралы айтылған. Атап айтқанда, өзгерістерде:
- жан басына шаққандағы орташа табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен асатын адамдарға (отбасыларға);
- кәмелетке толмаған балаларды, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балаларды, жеті жасқа дейінгі балаға, мүгедек балаға, бірінші немесе екінші топтағы мүгедекке, бөгденің күтіміне және көмегіне мұқтаж қартқа күтімді жүзеге асыратын адамдарды, сондай-ақ екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін аурулары бар адамдарды қоспағанда, отбасының жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартқан еңбекке қабілетті мүшелеріне;
- атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін көрінеу жалған ақпарат ұсынған адамдарға (отбасыларға) атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылады.
Осылайша, отбасылардың көрінеу жалған ақпарат беру фактілері дәлелденсе, қалалық әлеуметтік бағдарламалар бөлімі төлем жасаудан бас тартады.
Бірақ адамдардың өздерін неліктен жәрдемақыдан бас тарту туралы өтініш жазуға мәжбүрлеп жатқанын ақыры біле алмадым. Нұрлы Хабиеваның телефоны өшірулі болды, ал әлеуметтік блокқа жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасары іссапарда болып, бұл ахуалға түсінік бере алмады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суреттерді түсірген автор