Атырауда балабақшаларды мемлекеттік-жеке әріптестік (МЖӘ) аясында сенімгерлік басқаруға беруге келіспейтін ата-аналар бұл процестің егжей-тегжейін анықтағысы келеді. Ал Семейде прокуратура қалалық комиссияның балабақшаларды жеке меншікке беру туралы шешімінің күшін жойған.
МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕГІ ҚЫЗУ ЖИНАЛЫС
Мектепке дейінгі мекемелерді жеке қолға беру идеясы қала тұрғындарына бірден ұнамады. Қыркүйек айында наразы болған ата-аналар Жилгородоктағы Құрманғазы атындағы мәдениет сарайына жиналып, өз көзқарастарын білдірген. Олар егер мемлекет бизнестің осы секторға кіруін өзара тиімді ынтымақтастық ретінде түсінсе, онда жеке меншік иелері күрделі жөндеуді, тіпті қайта жарақтауды қажет ететін артта қалған балабақшаларды қолға алсын дейді. Қазір Атырауда көп жылдар бойы техникалық гимназия орналасқан бұрынғы балабақша ғимараты жұмыс істемей тұр. Күрделі жөндеуді қажет ететін бұл ғимаратты сенімгерлік басқаруға неге бермеске?
- Неліктен екені белгісіз, жеке секторға беру үшін ең жақсы балабақшалар таңдалған. Иә, ғимараттары жаңа емес, бірақ көпшілігі жақында күрделі жөндеуден өткен, жалғамалар салынған, - дейді ата-аналар. - Мәселен, №17 балабақша өткен жылы, ал Балықшыдағы №32 балабақша үш жыл бұрын күрделі жөндеуден өтіп, ол жерге жаңа асхана блогын салды, екі ғимаратты жабық өтпелермен жалғады. Неліктен Бірінші учаскедегі №31 балабақша сенімгерлік басқаруға берілмейді? Ол жеке қолға берілуі керек: жөндеу жүргізіп, дұрыс ас ішу блогын, көмекші тәрбиешілер сыртта тамақ тасып жүрмес үшін өтпе салынсын. Қала жағажайларын сенімгерлік басқаруға алғандар ақша салу тиімсіз, пайда жоқ деп шағымданады. Балабақшаларға да ақша салу тиімді емес - пайда қайдан түседі? Ата-аналардан ғана, демек, бағаларды көтереді немесе кейбір шығындарды азайтады.
Көпшілігін НКОК салған Нұрсаядағы балабақша мәртебесі алаңдатады. Оны да сенімгерлік басқаруға берген нысандар тізіміне енгізіпті деген ақпарат тарады.
Осыған байланысты барлық тізімді еске салайық. Алғашқы төрт лот қосарланған, яғни, біреуінде екі балабақшадан бар: №30 «Жұмбақ» және №18 «Балдырған»; №17 және №25 «Еркемай»; №13 «Балапан» және №6 «Гүлдер»; №9 «Әлия» және №32 «Мөлдір» балабақшалары. Қалғандары - бір-бірден: №21 «Алтын кілт», «Рауан», «Шағала», №16 «Дюймовочка», №19 «Шұғыла», №7 «Күншуақ» балабақшалары. Олардың арасында жаңа балабақша жоқ.
«ОДАН ДА ЖАҚСЫ БОЛАДЫ!»
Конкурстағы жеке балабақшаны басқару тәжірибесі кемінде бірнеше жыл болуы керек деген шарт белгілі бір үміткерлер үшін арнайы жазылған деген болжамдар да айтылды.
Өзінің жеке балабақшасы бар басшының осы ұйымдардың бюджетін араластырып, жеке балабақшаның жыртығын мемлекеттік балабақшаға түскен қаражатпен жамамайтындығына кім кепіл? Қазір облыстағы білім саласының өкілдері қандай қулық-сұмдықтар үшін айыпталып жатқанын ескерсек, мұндай фактілер анықталған жағдайда ешкім таңғала қоймас.
Күмәнді жою үшін бағдарламаға консультациялық қолдау көрсететін «Atyrau Innovation» ЖШС басшылығына жүгіндім.
ЖШС басшысы Арман АЛЬМЕРЕКОВТІҢ пікірінше, бизнестің осы секторға кіруі көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік кәсіпорындардан айырмашылығы - кәсіпкерлер өнімдерді және басқа тауарлар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу ережелерімен шектелмейді.
Олардың жақсы (сәйкесінше, қымбат) азық-түліктерді сатып алуға, балаларға қосымша сабақтар беру үшін мамандар шақыруға және ол үшін қажетті жабдықтарды сатып алуға мүмкіндіктері бар. Қалаған уақытта педагогтардың жалақысын да көтере алады. Мемлекет МЖӘ жобасы аясында әр балаға жан басына шаққандағы қаржы - 28 мың теңге бөледі, оған қоса қазір ата-аналар 10,5 мың теңгені мемлекеттік балабақшаларда балаларды тамақтандыру үшін төлейді. Келісімшартқа сәйкес, кәсіпкерлер осы салада бәсекелестік орта туғызатын мектепке дейінгі мекемелердің базасын жөндеуге және жақсартуға 40-тан 140 млн теңгеге дейін қаражат салуы тиіс.
Жағдай жақсарса, балабақшаға келушілер көбейеді және сәйкесінше жан басына шаққанда балабақшаны қаржыландыру көлемі артады. Сенімгерлікпен басқару мерзімі салымдардың көлеміне байланысты болады, яғни, кәсіпкерлер кем дегенде салынған қаражатты қайтарып алуға үлгере алуы керек. Қазіргі уақытта конкурстық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде, кәсіпкерлер арасында ниет білдірушілер жетерлік.
ОЛАРДЫ ЕНДІ ҚАЙДА ҚАБЫЛДАЙДЫ?
Жан басына шаққандағы 28 мың теңге қаржы, оған қоса 10,5 мың теңге ата-аналар төлемі - барлығы 38,5 мың теңге. 40 миллион теңгеден басталатын бастапқы салым мен қымбат азық-түліктердің сатып алынатынын ескерсек, баланы бағу үшін осы ақша жеткілікті ме? Оның үстіне, кәсіпкерлер балабақша күйін қалыпты ұстап тұру, коммуналдық қызметтер мен жұмысшылардың жалақысын төлеуді өз мойындарына алуы керек. Сонда бизнесмендер салған ақшаларынан қалай пайда табуды жоспарлап отыр? Жақында мен мектепке дейінгі балалар мекемелерінің нарығын зерттедім. Төлемақысы 40-50 мың теңге болатын қала орталығында орналасқан жекеменшік балабақшалар санитарлық нормалар мен ережелердің сәйкестік тұрғысынан мемлекеттік балабақшалармен бәсекеге түсе алмайды деген қорытындыға келдім. Көбінесе олар балабақшаға бейімделген кішігірім коттедждерде орналасады, ғимараттардың ауданы қабылданатын балалар санына сәйкес келмейді, олардың серуендеуге арналған аумағы жоқтың қасы. Педагогтардың біліктілігі жөнінде ештеңе айта алмаймын, өйткені олардың дипломдарын тексерген жоқпын. Бірақ, кадрлардың жетіспеушілігін ескерсек, мемлекеттік балабақшаларға қарағанда іріктеу анағұрлым қатаң болмаған шығар деп ойлаймын.
- Балабақша ашу үшін кәсіпкер ғимарат салуы немесе оны жалға алуы керек. Екі жағдайда да бұл қосымша шығындар, дайын ғимаратты сенімгерлік басқаруға алып, бұл шығындарға жол бермеуге болады. Бұдан басқа, балабақшада балалар саны неғұрлым көп болса, жан басына қаржыландыру сомасы соғұрлым жоғары болады, демек табыс та жоғары, - дейді Арман Альмереков сенімді түрде.
Ал соңғы мәселе – балаларды балабақшаларға тартудың мақсаттылығы да үлкен күмән туғызады. Атырауда мемлекеттік балабақшалардың барлығы онсыз да лық толы. Олардың алдында балаларды көбірек қабылдау міндеті тұрған жоқ, керісінше, оларды азайту керек. Осыған байланысты бірнеше жыл бұрын бірқатар ғимараттарға жалғамалар салынды. Алайда, бұл шараларға қарамастан, бұл мәселені шешу әзірге мүмкін болмады. Естеріңізге салсам, қазіргі уақытта облыста мектепке дейінгі 325 білім беру мекемелері жұмыс істейді: олардың 194-і - балабақша (оның ішінде 49-ы жеке меншік), 131-і мектепке дейінгі шағын орталықтар (оның ішінде 11-і - жеке меншік). Оларға 47237 бала барады. Мектепке дейінгі мекемелер желісінің көбейгеніне қарамастан, тапшылық сақталып отыр. Сандар күн сайын өзгереді, бірақ үрдіс айқын. Әсіресе, кезектіліктің жоғары деңгейі Атырау қаласында байқалады, онда 20 мыңнан астам бала балабақша кезегінде тұр. Екінші орындағы Жылыой ауданында 3 мыңнан астам бала, үшінші орындағы Құрманғазы ауданында 2 мыңға жуық бала кезек күтуде.
Бірақ МЖӘ аясында балабақшалардағы балалар санын азайту бойынша белгілі бір шаралар алынуда. Қалалық билік тұрғындарға келесі жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаттары бойынша 9 жаңа балабақша салынатындығы туралы хабарлады. Олардың басым бөлігі ауылдық округтерде орналасады. Есептеулер бойынша, қала маңындағы тұрғындар балаларын өз аудандарындағы балабақшаларға апарып, осылайша қала бақшаларында орын босайды.
- 290 орындық ғимарат салу 800-850 миллион теңгеге шығады. Мемлекет құрылыс үшін төлем жасайды, бірақ бөліп-бөліп төлейді. Ғимараттар мемлекет меншігінде болады және оларды 5 жыл бойы кәсіпкерлер басқарады. Қажет болса, бұл мерзімді ұзартуға болады, - дейді «Atyrau Innovation» өкілі.
СЕМЕЙДЕГІ ЖАНЖАЛ
Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 2017 жылы Алматы, Ақмола, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 9 мемлекеттік балабақша жаңа жүйе бойынша жұмыс істеді.
«Қазақстандық МЖӘ орталығы» АҚ өкілдері түрлі сұхбаттарда біздің елімізде МЖӘ саласында жобалардың 50%-ы мектепке дейінгі мекемелерде болатынын айтады. Өкінішке орай, ресми ақпараттан басқа, бұл жобаның аймақтарда сәтті жүзеге асырылып жатқандығы туралы ешқандай ақпарат таба алмадым. Керісінше екен. Мәселен, Семейде ата-аналар прокуратура арқылы қала әкімдігінің төрт мемлекеттік балабақшаны жеке меншікке беру туралы шешімін жойды. Семейдегі жанжал өткен жылдың қаңтарында басталған.
Қала орталығындағы «Айдана» мемлекеттік балабақшасына баратын балалардың ата-аналары оның сенімгерлік басқаруға берілуіне бірден қарсы болған. Бірақ олардың пікірі ескерілмей, үлгілі балабақша басқа балабақшалар секілді жеке инвесторға беріледі. Ата-аналар бұған қарамастан өздері талап қойып, Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасына ұжымдық хат жазады. Қадағалаушы орган әкімдіктің әрекеттерінің заңдылығын тексеріп: мектепке дейінгі мекемелер сенімгерлік басқаруға берілместен бұрын жақсы жұмыс істеген және оларды жеке меншікке беруге дәлелді негіздер болмаған деген қорытындыға келген.
Жеке меншік иелеріне беру туралы келісімшарттар қолданыстағы «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» заңның талаптарын бұза отырып жасалған, яғни, экономикалық негіздеме болмаған, инвестициялардың мөлшері мен мерзімі көрсетілмеген. Жасалған келісімдерде салымдардың сипаты техникалық тұрғыда егжей-тегжейлі жазылмаған, сенім білдірілген басқарушыларды бақылау тәсілі болмаған.
Оның үстіне, білім және еңбек туралы заңнаманың талаптары бұзылған, бұл болашақта бала тәрбиесіне әсер етуі мүмкін. Тексеру нәтижелері бойынша төрт мемлекеттік балабақшаны сенімгерлік басқаруға беру туралы қалалық комиссияның шешімі жойылды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА