ҚР Энергетика министрлігі 10 ай ішіндегі энергетика саласын дамытудың негізгі көрсеткіштері туралы баспасөз хабарламасын таратты. Болжам бойынша, биыл мұнай өндіру өнеркәсібінде 2018 жылғы рекорд жаңартылмақ: былтыр 90,4 млн тонна өндірілсе, биыл 90,5 млн тонна болмақ.
Биыл ірі үш жобадағы негізгі өндіріс күрделі жөндеуге тоқтатылды, бірақ соған қарамастан, болжанған өндіріс көлемі Қашағанда 13,5 млн тоннадан 14,5 млн тоннаға, Теңізде 29 млн-нан 29,6 млн-ға, Қарашығанақта 11 млн-нан 11,2 млн тоннаға дейін артылды.
10 ай ішіндегі мұнай экспорты 59,56 млн тоннаны немесе 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100,9% құрады.
Бұған дейін Теңіздегі Келешек кеңею жобасы бойынша бюджет 45,2 млрд долларға дейін көбейеді деп болжанып, жоба 2023 жылдан бастап жылдық өндіру деңгейін 12 миллион тоннаға көтеруге мүмкіндік береді деп хабарланған болатын. Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінде 28 млрд доллар игерілді, қазақстандық қамту 36% немесе 7 млрд доллардан асады. Жұмыстардың 70%-ы орындалды: 40 өндіруші ұңғыманы бұрғылау аяқталды, Ерсай алаңында (Маңғыстау облысы) 62 модульдік эстакада және Кореяда 40 модуль жасап шығарылды, 5-ші газ турбиналық генераторы жасалып, жеткізілді. Жобада 48 мың қазақстандық жұмыс істейді.
Қашағанның І кезеңін кеңейту жобалары 2022 жылы тәулігіне 420 мың баррель және 2027 жылы 500 мың баррель өндіруге қол жеткізуге бағытталған. Жобада 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.
Қарашығанақтағы өндіріс деңгейін ұзарту жобалары ұзақ мерзімге өндіріс деңгейін сақтауға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарына 7 мыңнан астам қазақстандық тартылған.
Геологиялық барлау секторында 2025 жылға дейін Исатай, Абай, Жеңіс жобалары бойынша болжамды инвестициялар көлемі 136 миллион долларды құрайды.
Хазар және Қаламқас-теңіз жобалары республикаға қайтарылды, министрлік оларды әрі қарай іске асыру үшін тиісті Жол картасын әзірлеуде.
10 айда 14,2 млн тонна мұнай өңделді, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға көп.
Мұнай өңдеу 5 зауытта жүзеге асырылады:
- Павлодар МӨЗ-де 4,4 млн тонна өңделді;
- Шымкент МӨЗ-де - 4,5 млн тонна;
- Атырау МӨЗ-де - 4,4 млн тонна;
- CASPI BITUM зауытында (Маңғыстау облысы) - 765 мың тонна;
- «Конденсат» АҚ-да (БҚО) - 116 мың тонна. 46,3 млрд текше метр газ өндірілді, 27,1 млрд текше метр тауарлық газ шығарылды. Ел ішінде 11,8 млрд текше метр газ тұтынылды, қалғаны экспортталды. Айтпақшы, ішкі тұтынудың көбеюіне байланысты экспорт азайды.
Жылына қуаты 500 мың тонна полипропилен өндіретін кешен құрылысы жалғасуда. Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, вахталық қалашық пен теміржол инфрақұрылымы аяқталды. Жобада 1668 қазақстандық жұмыс істейді. Аяқталу мерзімі - 2021 жыл.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА