Қыркүйектің аяғында ҚР Энергетика вице-министрі Мұрат ЖҮРЕБЕКОВ Reuters агенттігіне берген сұхбатында Қашаған кенішіне қызмет көрсететін жаңа газ өңдеу зауытының салынатындығы туралы хабарлаған болатын. Мұны сәл кейінірек Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ та растады. Зауыт теңіздегі жасанды аралдарға емес, құрлыққа салынады, әзірге оның орналасатын жері таңдалмаған.
Досмұхамбетовтің айтуынша, бүгінде Қашаған кеніші тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірудің №1 кезеңі аясында игерілуде. Онда тәулігіне 380 мың баррель мұнай өндіріліп жатыр. №1 кезең аясында өндірісті кезең-кезеңімен 420 мың баррельге дейін ұлғайту жоспарланған.
- Газ өңдеу зауытының құрылысына келер болсақ, тіпті, бірінші кезеңнің аясында өндірілетін ілеспе газдың көлемін кәдеге жарату -мұнай өндіруді көбейту үшін тежеуші фактор болып табылады. «Болашақ» зауытының төлқұжатты қуаты бар, оны техникалық тұрғыда асыра алмайды. Сондықтан оны кейінірек көбейту үшін модульді орындауда өнімділігі жылына шамамен 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытын салу мүмкіндігі қарастырылуда, - деді бірінші вице-министр.
Жоғарыда аталған Reuters агенттігіне берген сұхбатында М.Жүребеков Қазақстан үкіметі Қарашығанақ кен орнында газ өңдеу зауытын салудан бас тартқанын мәлімдеді. Өйткені Қарашығанақты дамыту - конденсат өндіруді одан әрі көбейту үшін газды қайта инжекциялауды қажет етеді. Бұдан бұрын Қарашығанақтағы ГӨЗ туралы келіссөздер Chevron-мен және Лукойлмен, сондай-ақ, Shell және «Қазмұнайгаз» компанияларымен жүргізілген болатын.
- Қарашығанақ кемелденген кен орны, сондықтан қабат қысымын ұстап тұру үшін алынған сұйық көмірсутектердің орнын газды қайта айдау арқылы толтыру қажет. Егер қабатқа айдамасақ, өндірісті ұлғайта алмаймыз, - деп түсіндірді Жүребеков.
«AЖ» оның атына сауал жолдады. Біздің сұрақтарымыз «ҚазТрансГаз» АҚ-ға кері жолданып, одан келген жауаптарға сәйкес, Қазақстанда табиғи газдың тұтыну көлемінің артуына байланысты құны 1 млрд доллар болатын газ өңдеу зауытын салу жобасы жасалған және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тауарлық газдың өзіндік ресурстық базасын кеңейту қажет делінген. Алдын ала мәліметтер бойынша, зауыт қуаты жылына 1 млрд текше метр болады. Теңіз астынан тағы бір құбыр желісі тартыла ма немесе қолданыстағы құбырды пайдалана ма, әзірге белгісіз.
Экологияға қатысты - «ҚазТрансГаз» АҚ жауабына сәйкес, қазір ҚОӘБ (қоршаған ортаға әсерді бағалау жобасы) әзірленіп жатыр және «құрылыс салынатын өңірде қоғамдық тыңдаулар өткізіледі».
Естеріңізге салсақ, 2002 жылы Қарабатаннан зауыт салынатындығы туралы жарияланған кезде, «АЖ» «Каспий табиғаты» үкіметтік емес ұйымымен бірлесе отырып, бұған атыраулықтардың көзқарасы туралы сауалнама жариялаған еді. Олардың 88,4%-ы бұл жобаға қарсы болған.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА