Атырауда Жайық жағасында орналасқан 7 спорт алаңындағы жаттығу құрылғыларын бұзып жатыр. Олардың орнына жаңа воркаут алаңдары жасалмақ. Бұл осы алаңдарда үнемі жаттығу жасап жүрген егде жандардың ренішін туғызды.
Өткен аптадан бері үйреншікті бас қосатын және жаттығу жасайтын орындарынан айырылған егде жастағы қала тұрғындары редакцияға қоңырау шалуда. Облыстық балалар және жұқпалы аурулар ауруханасы маңындағы, кеме станциясының жанындағы (университет маңы), Азаттық даңғылы беттегі орталық көпір маңы, «Атырау-Ақпарат» ғимаратының жанындағы, Балықшыдағы саябақтың және Әлиев-Сатыбалдиев көпірінің маңындағы жағалауда спорттық жаттығу құрылғыларын бірінен соң бірін бұзып алып тастады.
Біз мәселені анықтау үшін қалалық ТКШ бөліміне хабарластық.
- Бұл алаңдардағы жаттығу құрылғыларының көпшілігі жарамсыз. Жарамды құрылғылар ауылдық округтерге жіберіледі. Жыл соңына дейін бос жатқан жағалаудағы 7 алаңға және Авангард 4-ықшамауданы №12 үйдің жанындағы бір алаңға воркаут жабдықтары орнатылады, - деп хабарлады қалалық ТКШ бөлімінің баспасөз қызметінің өкілі Аңсаған САҒЫНБАЕВА.
Бұл жаңалық зейнеткерлер мен инсульт алған және буындарына түрлі оталар жасатқан, осы құрылғыларда оңалту жаттығуларын жасаған пациенттерді абыржытып тастады. Воркаутқа арналған жабдықтар олардан айтарлықтай ерекшеленеді, бұлар көбінесе: әртүрлі белтемірлер, қолжүріс құралдары, қоссырықтар мен кеудені жерден көтеруге арналған орындықтар.
- Екі жыл бұрын инсульт алдым. Авангардтың соңғы аялдамасындағы үйімнен «Америка ауылына» дейін үнемі серуендеймін, ал жолымда екі алаң болатын. Бірінде қолдарымды жаттықтырсам, кейін жұқпалы аурулар ауруханасына дейін жаяу барып, екінші жаттығу құрылғысында аяғымды жаттықтырып, шаршағанда отырып демала қоятын едім. Ал жаңа жаттығу құрылғыларының барлығы адамның өз салмағына сай жасалған. Денемнің сол жақ бөлігі нашар жұмыс істейді, мен бұл белтемірлерде қалай ілініп тұрамын, - дейді зейнеткер Әсия АХМЕТОВА.
- Күн сайын екі сағаттан ескек есу станциясының жанында орнатылған жаттығу құрылғыларында жаттығатын едім. Жазда сағат 6.30-да шығатынмын, қазір 7.30-да шығамын. Иық буындарым ауырады, екі ота жасаттым, сондықтан белтемірде сальто жасай алмаймын. Қазір күн сайын алаңда көретін кейбір таныстарымның серуенге шығуды да доғарғанын байқадым, өйткені ынталары мен қызығушылықтары жоғалған. Жаттығу құрылғыларында жаттығу олар үшін өте маңызды еді. Ал воркаут алаңдары жастарға және физикалық шыныққан адамдарға арналған. Зейнеткерлер мен денсаулығы нашар адамдарға алдыңғы жаттығу құрылғылары әлдеқайда қолайлы еді, - дейді қала тұрғыны Руслан ДҮЙСЕБАЕВ оны қолдап.
Қала билігінің өз себептері бар – құрылғылардың көбін вандалдар бұзып кеткен, ал воркаут алаңдарын қирату оңай емес.
Ал егер сынған құрылғылар туралы айтатын болсақ, Жеңіс саябағына барар жолда Владимирский көшесінде орналасқан кәсіпкерлер скверіндегі спорт алаңының халі өте мүшкіл.
ТКШ бөлімінде хабарлағандай, бұл скверді Жеңіс саябағын қайта жарақтау жобасы аясында абаттандыру жоспарланған. Қазір жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
Саябақтың өзін қуғын-сүргін құрбандары мен «ауған» жауынгерлері ескерткіштерінің артындағы бос жатқан аумақты абаттандыру есебінен кеңейту жоспарланған. «Мәңгілік алау» мемориалын жаңарту да жоспарда бар. Саябақтың жанындағы скверді абаттандыру, көгалдандыру, жол төсемдерін жаңартып, Владимирский көшесінен кіреберіс жасау жоспарланған.
- Құжаттарды сараптамаға тапсырмас бұрын, жоба міндетті түрде тұрғындармен келісіліп, қоғамдық тыңдаулар өткізіледі, - деп сендірді мені қалалық ТКШ бөліміндегілер.
Зульфия ИСКАЛИЕВА