Жыл басынан бері Атырау облысында АҚТҚ індетін жұқтырған 26 адам анықталды. Ауру негізінен жыныстық қатынас арқылы жұқтырылған. Бұл туралы брифингте АҚТҚ/ЖҚТБ-нің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың қызметкерлері хабарлады. Анықталғандар арасында егде жастағылар да бар. Олар ЖҚТБ орталығының пациенттері болмай тұрып ертеректе жұқтырған болуы мүмкін. Ал бұл шындықты жақын арада ағзаларын түрлі аурулар меңдей бастап, жан-жақты тексеруден өткен кезде ғана білген.
Біздің өңірімізде ауру алғаш тіркелген кезден бастап (1993 ж.) 329 пациент анықталды, олардың 71-і - шетелдіктер. Бүгінгі таңда Орталықта 216 АҚТҚ жұқтырушы тіркелген, олардың үшеуінде ЖҚТБ дамыған.
Бізде 2017 жылдан бастап бізде анасынан жұқтырған ауру балалар да бар. Олардың бірінің анасы басқа елден келген және өзінің ауруы бар екенін білместен баласын емізген. Ал АҚТҚ инфекциясы туралы қайтадан төртінші баласына жүкті болып, Атырауға есепке тұрғанда ғана білген. Осыдан кейін бүкіл отбасы тексеріліп, балалардың біреуінің ауру екені белгілі болды. Төртінші баласына келетін болсақ, ол дер кезінде ем алып, дені сау бала болып дүниеге келді. Екінші жағдайда жүкті әйел кеш тіркеліп, ауру келесі тексеру кезінде анықталған. Оның көңілдесі АҚТҚ жұқтырған екен. Өкінішке орай, вирус ағзада ұзақ уақыт сақталып, нәрестеге жатыр ішінде жұққан.
Балалар антиретровирустық терапия қабылдайды (AРT), ол өз нәтижесін беріп, вирустық жүктеме азаяды. Бұдан басқа, қазір AРT-терапия алып жатқан жүкті әйел есепке алынған. Мамандар ол сау баланы дүниеге әкеледі деп үміттеніп отыр. Олардың бұл мәселеде тәжірибесі бар - біздің облыста АҚТҚ індетін жұқтырған 44 әйел қанында вирусы жоқ балаларды дүниеге әкелген.
- Тіркелген пациенттердің 182-сі қазір AР терапиясын алуда, ал қалғандары әлі де диагноздарын толық қабылдамай, емді бастамай отыр. Бірақ АҚТҚ/ЖҚТБ бұрынғыдай «ғасыр дерті» емес, созылмалы ауру екенін түсінетін уақыт келді. Жер бетінде үнемі терапияны қажет ететін әртүрлі аурулардан зардап шегетін адамдар көп. Олар үнемі дәрі ішіп, қалыпты өмір салтын ұстанады. АҚТҚ жұқтырғандар да солай. Бұл диагноз бойынша олардың құқықтарын бұзуға, жұмыстан шығаруға немесе қабылдамауға ешкімнің құқығы жоқ, - дейді ЖҚТБ орталығының психологы Гүлжан ЖАНШАЕВА. Сұраққа жауап бере отырып, ол АҚТҚ жұқтырған адамдардың балабақша мен медициналық мекемелерде жұмыс істеуге құқығы бар екенін, бастысы - олардың қызметі қанмен байланысты болмауы керек екенін растады.
Ел ауқымы бойынша айтатын болсақ, батыс өңірлерде, атап айтқанда біздің облыста, салыстырмалы түрде инфекцияның таралу деңгейі төмен. Алайда, бұған қуанудың қажеті жоқ. Жақында ЖҚТБ орталығының қызметкерлері сауалнама жүргізді. Оның нәтижелері бойынша респонденттердің 70%-дан астамы вирустың қандай жолмен таралатынын да білмейтіндігі анықталды.
Әлі күнге дейін жұртшылық АҚТҚ/ЖҚТБ «қауіп-қатер тобына» - есірткіні тамырға егетін нашақорлар мен гомосексуалдарға тиесілі деген пікірде. Ал іс жүзінде бұл ауру баяғыда-ақ бұл шеңберден шығып кеткен. Сондықтан, 5 қарашадан 5 желтоқсанға дейін бүкіл ел бойынша өтетін айлық аясында біздің ЖҚТБ орталығының қызметкерлері тұрғындарды, әсіресе жастарды ақпараттандыруға баса назар аударуды ұйғарған.
Айтпақшы, облыстық ЖҚТБ орталығында, сонымен қатар барлық қалалық және аудандық емханаларда АҚТҚ-ға құпия және тегін тестілеу жүргізуге болады. АҚТҚ-инфекциясын анықтаудың жалғыз әдісі - зертханалық қан талдамасы.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор