Атырау, 23 қараша 22:43
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жұмыс іздегендерге шынайы мүмкіндік

Сурет
5 734 просмотра


Атырау облысында жұмыспен қамту орталықтарына тіркелген 200-ден аса жергілікті тұрғын өңірдегі ең қажетті әрі болашағы зор – құрылыс-монтаждау мамандықтары бойынша халықаралық сертификат алу үшін дәріс алуда. APEC PetroTechnic колледжінің базасында өтіп жатқан оқу курстары барысы туралы «АЖ» материалында.

Курстан өтушілердің бірі - Исатай ауданы Аққыстау ауылынан келген Жанкелді ТӨЛЕПОВ 25 жаста. Байланыс саласы бойынша білім алып, аудан орталығында алты ай жастар тәжірибесі бағдарламасымен жұмыс жасаған. Алайда, мамандығына сай тұрақты жұмыс таба алмаған.

- Үйде жұмыссыз жатқаныма жылға жуықтады. Жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, кез келген жұмысты істеймін деп күткенмін, бірақ мамандығым бойынша ешкім шақырмады. Әлеуметтік желілерден ТШО компаниясы жұмыспен қамтуға тіркеліп, жұмыс таба алмай жүрген азаматтарды мамандыққа оқытатыны жөнінде хабарландыруды көрдім. Біреуіне болмаса, біріне өтермін деп жүк ілуші және құбырларды бекіту мамандығына тест тапсырдым. Ұйымдастырушылар жүк ілуші мамандығына икемім бар екенін айтып, тесттен өткенім жөнінде хабарласты. Бір жақсысы, бұл сертификат халықаралық статусқа ие. Онымен көршілес Әзірбайжан, Ресейге барып жұмыс жасай аламыз,- дейді Ж. Төлепов. - Көп нәрсе үйрендік, мысалы, мына жасыл арқан 2 тонна жүкті көтереді, ал сары арқандар 3 тонна көтереді. Құрал-саймандардың атауын, оларды қалай қолдану керектігін білдім. Ең бастысы техникалық қауіпсіздікті меңгердім.

Жүк ілуші мамандығына барлығы отызға жуық адам тіркелген. Олар екі топқа бөлініп, теория және практика сабағынан өтуде. Студенттердің ең жасы үлкені – 49 жастағы Атырау тұрғыны Газиз КЕНЖЕБАЕВ.  

- Төрт жылдан бері жұмыссыз жүрмін. Қай жерге барсам да, жасыңыз асып кетті, 18-35 жас аралығындағы адам керек деп шектеу қояды, - дейді Г. Кенжебаев. – Жалпы, дәнекерлеуші, кран жүргізушісі және көлік жүргізушілік куәліктерім бар. Бұрын «Теңізде» автобус жүргізіп, жұмысшылар тасыдым. Келісімшарт тоқтаған соң қысқартылып, содан бүгінге дейін жұмыссыз қалдым. Тегін оқуға мүмкіндік туған соң, үйренуге ешқашан кеш емес деп келіп жатырмын.

18-ДЕН 50-ГЕ ДЕЙІН

48 жастағы алты баланың әкесі, махамбеттік Мақсат САТАЕВ осыған дейін «ССЕР» компаниясында жұмыс істеп, келісімшарт мерзімі аяқталған қыркүйектен бері жұмыссыз қалған. Жұмыспен қамту орталығы оған сұраныс бар басқа мамандықтарға оқуға кеңес берген.

Студенттер жүк ілуші мамандығы бойынша 2 ай оқиды. Оның үштен бір уақыты теорияға, қалғаны практика жүзінде өтеді. Жалпы, мұнда студенттер құбыр монтаждау, металл құрылғылар, дәнекерлеу, саты монтаждау, жүк ілуші және электр монтаждаушы сияқты алты мамандық бойынша білім алып жатыр. Мамандық алушыларға үш мезгіл тамағы, жатын орны және арнайы маман киімдері қарастырылған.

Әр мамандыққа теория және практика бойынша бір нұсқаушы тағайындалған.

Мұрат ЖАЗЫҚБАЕВ, жүк ілуші мамандығы бойынша нұсқаушы:

- Мұнда өндірістік тәжірибе бойынша оқытамын. Бастысы азаматтар техникалық қауіпсіздікті сақтауды үйренуде. Менің тобымда Махамбет, Индер, Доссор, Құлсарыдан келген 18 студент бар. Алды 50-де, кішісі 25 жаста. Олар бұған дейін бір ай теориялық білім алды. Жүк ілуші мамандығы - құрылыста аса қажет  мамандық. Менің практикалық сабақтарымда студенттер сатының көмегімен металл бөренелерді көтеріп, оны алға жылжытуды үйренеді.

Нұсқаушының айтуынша, оқудың ерекшелігі сол - студенттер үйренген жұмыстары бойынша сынақ тапсырған кезде жақсы нәтиже көрсетсе, арнайы киім, каска, аяқ киім бәрі өзінде қалады. Ал, ештеңе үйренбей, тек қатысқан адамдар арнайы киімдерін тастап кетуге мәжбүр болады. Бұл жігерлендіру үшін жасалған тәсілдердің бірі екен.  

ҚЫСҚАРТУДАН КЕЙІН ДЕ ӨМІР БАР

Мұнда оқытылып жатқан мамандықтың бәрі қазіргі кезде сұранысқа ие, әрі болашағы зор мамандықтар. Мұрат НИШАНГАЛИЕВ өзінің студенттеріне металл конструкция бойынша болгаркамен жұмыс істеу, қажетті фигураны өлшеу, кесу және тазалауды үйретеді. Атыраулық 29 жастағы Максим МАССАЛИН бұрын Іскер, Болашақ кәсіпорнында металл құрылғылар бойынша жұмыс істеген. «Теория барысында мен әлі де білетінім бір тоғыз екенін ұқтым»,- дейді ол. Ал жанбайлық Бектұрған ТАШТЕКЕНОВ құбыр монтаждаушы мамандығы бойынша оқып жатыр. Бұған дейін 13 жыл Маңғыстауда мұнай бұрғылау саласында жұмыс жасап, кейін келісімшарт мерзімі аяқталып, оқуға келгенше бір жыл жұмыссыз қалған. Бірнеше мекемеге түйіндемелерін жіберсе де, мамандығың сәйкес келмейді деп шақырмапты.

- Қазір құбыр монтаждаушы мамандығына тапсырып, материалдарды ажырата білу, құбырды қалай кесу, қажетті градустарды шығаруды үйреніп жатырмын. Бұл мамандық өте жауапты мамандық, бір рет кесу үшін жеті рет өлшеу қажет,- дейді Б. Таштекенов.


Дәнекерлеу цехында жұмыс қызып жатты. Нұсқаушысы Жанарыс ЭЛИКБАЕВ мұнда металл құрылғыларын дәнекерлеуді үйретіп жатыр. 

- Дәнекерлеу көп салаға қажет. Өзім қазақстандық дәнекерлеушілер байқауында үздік дәнекерлеуші атанғанмын. Қазір бар тәжірибемді студенттеріме үйретудемін,- дейді Жанарыс.

Ақан БОЛАТҰЛЫ, 30 жаста, Атырау тұрғыны:

- Жүргізушіліктен басқа мамандығым жоқ еді. Көп нәрсе үйреніп жатырмын. Көзбен көріп, қолмен ұстап, дәнекерлеудің қыр-сырымен таныстым. Оқуымды аяқтаған соң, әр түрлі мекемелерге түйіндеме тапсырамын. Жұмысты тез табамын деп үміттенемін. Қазір дәнекерлеушіге сұраныс көп қой.

Тағы бір сұхбаттасушым Аманқос СУТАШЕВ Махамбет ауданы Сарытоғай ауылынан келген:

- Бұған дейін Теңіздегі үшінші буын зауытында саты монтаждаушы болып жасадым. Қыркүйекте жұмыс көлемі бітуіне байланысты қысқартылдым. Содан жұмыспен қамту орталығына тіркелдім. Үш ай уақыт жойып, босқа оқып жатқан жоқпын ғой, бұйырса жақсы жерге жұмысқа кіруге тырысамын.

БИІКТІК

Құрылыс сатыларын жинау – тұтас бір ғылым екен. Бұған саты құраушылар курсына қатысқан кезде көзім жетті.  Мен төменнен жоғарыға бағандар беріп тұрған 20 жастағы Азамат МАУЛИМОВТЫ тілге тарттым.

- Мектеп бітіргелі жұмыс жасап көрген емеспін. Шілдеде әскер қатарынан келген бойда жұмыспен қамту орталығына тіркеуге тұрдым. Достарымның көбісі осы салада жүрген соң, саты монтаждау мамандығына оқуға келдім. Мұнда биікте жұмыс істеуді, жауапкершілікті сезінуді үйреніп жатырмын. Әлі үйренерім алда, - дейді Азамат.

«БҰЛ КӘСІП АШТАН ӨЛТІРМЕЙДІ»

Электр монтаждау мамандығының практикалық залында 23 болашақ  электрші дәріс алып жатыр.

Дәурен ЖЕТЕМИСОВ, Құлсары тұрғыны:

- Негізгі мамандығым жоғары білімді экономист-менеджер. Ол сала бойынша 2-3 жыл әкімдікте жұмыс жасап, одан Теңіз кенішіне жүргізушілікке ауыстым. Жақында келісімшарт мерзімі аяқталды, содан осында оқуға келдім.

Студенттердің ең кішісі 19 жастағы Ералхан ТӨЛЕПОВ:

- Бұған дейін жанармай құю бекетінде жұмыс жасадым. Негізі электрмонтаждаушы мамандығына оқығым келген, бірақ оған түсе алмай қалдым. Мақсатым ақыры орындалып жатыр. Бұл өміршең мамандық. Жұмысқа кірмесек те, аштан өлтірмейтін кәсіп.

Қазіргі кезде APEC колледжінің өндірістік цехында 6 мамандық бойынша 106 жұмыссыз оқып жатыр. 9 қарашада жүк көтеруші мен саты монтаждаушы мамандығына оқу аяқталады. Қалған 4 мамандық бойынша оқу 14 желтоқсанға дейін жалғаспақ.

ЕШКІМ ШӘКІРТАҚЫ БЕРЕМІН ДЕП СӨЗ БЕРМЕДІ

Келешек кеңею жобасы - Ұңғыма ернеуіндегі қысымды басқару жобасының оқыту бөлімінің басшысы Асылбек НҰҒЫМАНОВ:

- Атырау облысындағы жұмыссыз азаматтарды оқытуға арналған жоба биыл ТШО компаниясының әлеуметтік бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Биыл құрылысқа ең қажетті 6 мамандықты таңдап алып, Атырау облысындағы жұмыспен қамту орталықтарына тіркелген 350 жұмыссызды оқытуды жоспарладық. Оқудың тиімділігі сабақтың 70 пайызы практика, 30 пайызы теория жүзінде өтеді. Сонымен бірге олардың қолдарын үйрету үшін практика кезінде өндірісте пайдаланатын құралдар қолданудамыз. Алайда бұрын бұл жұмыстармен ешқандай хабары жоқ адамға үш ай білім аздық етеді. Сондықтан мұнда студенттер базалық деңгейдегі білім мен тәжірибені алып шығады. Қалғанын жұмыс жасау кезінде тәжірибемен үйренеді.

Тестіден өткеннен кейін бірқатар азаматтар шәкіртақы берілмейді деп оқуға келмей қалған. Айта кету керек, біз шәкіртақы туралы және жұмысқа тұрғызуға кепілдік бермейтініміз жөнінде ең басында ескерттік. Мұнда қазір бұл кәсіптерді нағыз үйренгісі келетін азаматтар дәріс алып жатыр. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Суреттерді түсірген автор

7 қараша 2019, 09:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.