Атырау, 23 қараша 21:17
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мүмкіндігі шексіз орталықтар

7 238 просмотра

Атырауда Астанадағы секілді мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін шағын жиынтықты әлеуметтік қолдау орталығын ашу көзделіп отыр. Бұл туралы «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында өткен  баспасөз конференциясында айтылды.

АСТАНАЛЫҚ ЖОБА БІЗГЕ ҮЛГІ

Мұндай орталықты алғашқы рет «Астана қаласы мүгедек балалар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің орталығы жасақтап, енгізген болатын.

– Біздің жұмыс жасағанымызға 14 жыл болды, түрлі акциялар өткіздік, қаржы жинап балаларды алыс, жақын шетелдерге операцияларға  жіберіп отырдық, - дейді қоғам төрайымы Қамқа ЖАСАНОВА.– Бірақ, нақты мәселелер көптеген жылдар бойына шешусіз қалды. Отбасында мүмкіндігі шектеулі балалары бар аналардың жұмысқа шығу, тіпті, өз жұмыстарымен дүкенге баратындай, басқа балаларына  көп көңіл бөлетіндей уақыттары жоқ.  Астанада балалар церебральды сал ауруымен сырқат мүгедек 145 балаға арналған балабақша ашылды. Бірақ, онда барлығын бірдей қабылдай бермейді. Егер айталық, қояншық ауруы секілді ұстамалары болса, қабылдаудан бас тартады.

Осындай жағдайлардан шығудың жолын іздестіру барысында шағын орталықтарды ашу бағдарламасы ойлап табылды. Үш жыл бұрын астаналық қоғам «Бота» қорына қолдау танытты. Алдымен ата-аналар өз балаларын жарты күнге, кейін олардың сұрауы бойынша толық бір жұмыс күніне ұзартты. Көптеген аналар жұмысқа орналасты, өздеріне  және отбасындағы басқа балаларына да көңіл бөле бастады. Енді ата-аналар осындай тағы да бірнеше орталықтар ашуды сұрайды.

Бүгінгі күні астаналық орталыққа 2 жастан 10 жасқа дейінгі БЦС, Даун сырқаты, аутизм, психо-тілдік дамуында кешеуілдеу  диагнозы бар 25 бала келеді. Сондай-ақ, жастары 18-ден асқан жүйке-неврологиялық сырқаттары бар 20 мүгедек бар. Кішкентай  балалар үшін орталық балабақша ретінде таңертеңгі сағат 8-ден кешкі сағат 6-ға дейін аптасына 5 күн жұмыс жасайды. Тамақтану және ұйықтау тәртібі кәдімгі балабақшадағыдай. Бөбектермен психиатр-дәрігер, әлеуметтік педагогтар, логопед, Монтессори жүйесі бойынша жұмыс жасайтын педогогтар, емдік дене шынықтыру (ЛФК) нұсқаушысы және оған қосымша медбикелер, тәрбиеші және күтуші ретінде (орталыққа ауыр сырқаттары бар үнемі дәрігердің қарауында болатын  және көмекке мұқтаж, тіпті, төсек тартып жатқан балалар да келеді) 3 әлеуметтік қызметкер жұмыс жасайды.

Жасы үлкен балалар түстен кейін арнайы ұйымдастырылған көлікпен келеді. Олар еңбек терапиясымен, арт-терапиямен айналысады, актерлік шеберлік сабағы беріледі, олармен бірге психологтар және әлеуметтік педагогтар жұмыс жасайды.

– Орталық қызметі балалардың дамуына, олардың мінез-құлықтарын түзету және әлеуметтендіруіне бағытталған. Орталық базасында үш жоба жүзеге асырылуда. «Бота» қоғамдық қоры кіші жастағы балаларға арналған жобаға қолдау танытса, алғашқы президент қоры жоғары топтағы балаларды қолдайды. Бұдан басқа, біз жүйке-неврологиялық сырқаты бар 18 жастан асқан мүгедектерге арнайы әлеуметтік қызметті ұсынамыз, - дейді «Балам-ай» мүмкіндіктері шектеулі балаларға әлеуметтік қолдау көрсететін күндізгі орталықтың директоры Әсел ЕСМАҒАМБЕТОВА.

 

ШАТЫРДАН БОЛСА  ДА ЖАРАЙДЫ

Атырау облысында 17 мың  мүгедек, оның ішінде 16 жасқа дейінгі 1 988 бала бар. Атырау қаласында мүмкіндігі шектеулі 7 634 адам бар, оның 850-і бала. 

- Біздің аймақта отбасымен тұратын мүгедек балалар үшін барлық жағдай жасалған деп айтуға болмайды. Сондықтан да Атырауда мұндай жобалардың қажеттілігі бар және осы тұрғыдағы Астана қаласының тәжірибесі бізге үлгі боларлықтай,- деп есептейді «Мүгедек әлемі» ҚБ төрайымы Күлбаршын НҰРЖІГІТОВА.

Астаналық жобаның бағдарламалық менеджері Айгүл БОЛАТОВА Атырауда мұндай бағдарламаны енгізу идеясының қалай пайда болғаны туралы айтып берді. Өйткені, Астанада орталықты спорттық қайырымдылық «Би Джи ЭнерджиЧаллендж-2012 – Казахстан» жобасына қатысушы мұнай компаниялары қолдап отыр. Міне, солардың өзі Атырау, Ақтау және Оралда осындай орталықтар құру жөніндегі ұсыныстарын берді. Аймақтарда бағдарламаны енгізу үшін ҮЕҰ өте мұқият таңдалды. Атырауда жобаны жүзеге асыру «Мүгедек әлеміне» сеніп тапсырылды. Қазір бірлестік дайындық үстінде. Мемлекеттік органдармен және бағдарламаны қолдауға дайын бизнес-серіктестермен келісімге келу үшін кездесулер өткізу жоспары бар. Орталық үшін орын әлі белгілене қойған жоқ. Күлбаршын Нұржігітованың пікірінше, оны облыстық оңалту орталығының шатырындағы жайдан ашуға болады екен. Бүгінгі күні «Мүгедек әлемі» ҮЕҰ да сол жерде орналасқан. Бірақ, бұл жерде жеделсаты үшінші қабаттан әрі көтерілмейді, алайда, оны көтеру қондырғысының көмегімен шешуге болады.

Қысқасы, бір сөзбен айтқанда, әлі де шешілмеген ұйымдастыру жұмыстары баршылық, алайда, жобаны жасақтаушылардың уәде етіп отырған жұмыс нәтижесі соған лайықты.  Біріншіден, орталық жұмысы жылына бір балаға 3 млн теңге бөлінетін мемлекеттік интернат-үйлерін іске қосқаннан айтарлықтай арзанға түседі. Екіншіден, облыстық оңалту орталығынан ем алуға мүгедектер жылына бір рет қана мүмкіндікке ие бола алады, ал, республикалық орталыққа үш жылда бір рет қол жеткізеді. Ал бұл үнемі оңалту бағдарламасын талап етіп отыратын балаларға жағдай туғызады.  Үшіншіден, табанды жаттығулардың нәтижесінде балалар барынша жақсы жетістіктерге қол жеткізе алады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

31 қазан 2012, 18:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.