Ш. Сариев атындағы өнер мұражайында өткен қолөнершілер көрмесінде түрлі суретті түксіз кілемдер назарымды аударды. Гобелен әдісімен тоқылған, көркімен көз тартатын бұйымдарды атыраулық қолөнерші, суретші-безендіруші Талғат ҚИСМЕТОВ әкелген екен. Орайы келген сәтті пайдаланып, біз оған бірнеше сұрақтар қойдық.
- Сіз суретшісіз, бұл өнерге қалай келдіңіз?
- 2015 жылы шәкірттерімді Бурабай кентіндегі республикалық сурет байқауына алып барғанмын. Бұл байқау жергілікті оқушылар сарайында өткен. Сол оқушылар орталығын аралап жүріп қабырғада ілулі тұрған әдемі кілемшелерге көзім түсті. Атырауға келгеннен кейін осы өнер туралы ізденіп, керек құрал-жабдықтарын алып, технологиясын үйрене бастадым. Ғаламтор желісінен Ресей және Армениялық шеберлердің әдістерін үйрендім. Төрт жылда біраз нәрсе үйрендім.
- Қалай жасалатынын айтыңызшы.
Кез келген жұмысты бастаған кезде бәрі сызбадан басталады. Эскиз дайын болғаннан кейін матаны жасап жатқан туындының ішкі жақтауына көшіреміз. Әрі қарай арнайы имек инені пайдаланып, екі жіппен тоқылады.
Кілемге бейнелеген суреттер қандай мағына береді?
- Менің ең алғаш кілемге бейнелеген суретім қобыз болды. Көбіне ұлттық нақышта және салт-дәстүріміздің мән-мағынасын ашатын бейнелерді, әр түрлі аспаптарды тоқуға тырысамын. Туындыларымның әрқайсысының өзіндік атауы мен мағынасы бар. «Дала әуені», «Атамекен», «Наурыз» атты туындыларымды тоқыған кезде мен еліміздің байлығын көрсеткім келді.
- Туындыларыңызға сұраныс бар ма?
- Мен арнайы туындыларымды сатылымға шығармаймын, ең басты өз шығармашылығымды халыққа таныстырып, үйренем дегендерге шеберлік сағатын жүргеземін. Дәрістеріме мектеп оқушыларынан бастап орта жастағы жандарға дейін қатысады. Жасқа қарамаймын, үйренем деген адамға есік қашан да ашық. Ал енді біреулерге қатты ұнап жатса, тапсырыс беруіне болады.
Әсем БОЛАТҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген автор