Жедел жәрдем қызметкерлерінде мынадай ырым бар - егер тілші олармен бірге кезекшілікке шықса, ауысым тыныш өтеді екен. Алайда менің жағдайымда олай болмады. Бірнеше сағат ішінде бригадамен бірге жерлеу рәсіміне қатысып, инсульт алған егде әйелді ауруханаға жатқызып, «өңкей жалқаулар, қайда жүрсіңдер, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан бастап бәріңді қуып жіберу керек» деген сарындағы балағат сөздерді естуге тура келді.
Шынын айту керек, балағатқа дайын емес едім. Біріншіден, балаларыммен бірге өзім де жедел жәрдем қызметін пайдаландым. Олардың қызметкерлеріне осындай өкпе-наз айту ешқашан ойыма келген емес. Екіншіден, 4-санаттағы шақыртулар (созылмалы аурулардың асқынуы) емханалардың мобильдік бригадаларының қызметіне берілгеннен кейін облыстық жедел жәрдем қызметі анағұрлым жылдам жұмыс істей бастады. Қалай дегенмен де, тұрғындар редакцияға шағымдарын айтып, қоңырау соқпайтын болды.
- Біздің өз стандарттарымыз бар, біз соларды ұстануымыз керек. Бірақ жыл басынан бері 6213 қоңырауға кешігіп қызмет көрсетілді, бұл жалпы қоңыраулардың 3 пайызы. Бұл орталық көшелердегі жолдарды қайта жөндеуге байланысты туындаған кептелістердің салдарынан орын алған, өйткені қоңыраулардың көпшілігі кешкі сағат 18-ден, яғни қарбалас уақытта басталады. Үшінші себеп - жедел жәрдем көліктерінің жиі жөнделуіне байланысты қаладағы бригадалар санының ауысымда 30-дан 25-ке дейін азаюы болды, - дейді жедел медициналық жәрдем қызметі бас дәрігерінің орынбасары Наргиза БАЙМОЛДАЕВА.
Жедел жәрдем машиналары жиі жаңартылмайды деп айтуға болмас, бірақ мәселе мынада - бұл қызмет әртүрлі жолдарда қарқынды пайдалануға төтеп бере алмайтын ресейлік немесе кореялық маркалармен жабдықталады. 2-3 жылдан соң қираған бұл көліктер есептен шығарылады. Бірақ жапондық және неміс машиналары мықтырақ, олар сирек бұзылады және ұзақ пайдаланылады. Қазір бүкіл облыстағы 91 санитарлық көліктің 24-і есептен шығарылуы керек, 26-сы жөндеуде тұр, 41 көлік қана жүріп тұр. 9 ай ішінде «103» нөміріне 248 мыңнан астам шақырту келіп түскен, олардың 3584-і нәтижесіз. Яғни, келген кезде үйде ешкім болмаған, адамдар мекенжайын дұрыс атамаған немесе қаралудан бас тартқан (егер дәрігер ер адам болса, кейбір әйелдер мұны діни себептермен жасайды), мас күйде қоңырау шалатындар да бар. Тағы 3433 шақырту емханаларға жіберілген. Жедел жәрдем қызметкерлері талдау жүргізіп, өздерін көбінесе тыныс алу ағзаларының аурулары бойынша шақыратынын айтты (65 831 жағдай), содан кейінгі кезекте - қан айналымы жүйесінің аурулары (32291), неврологиялық (22 мыңға жуық), жедел хирургиялық (шамамен 14 мың), акушерлік-гинекологиялық (11 мыңнан астам), инфекциялық (8730), зәр шығару жолдарының аурулары (5525). Жедел жәрдем үлгермей, пациент ол келгенше қайтыс болатын да жағдайлар бар. Облыс бойынша жыл басынан бастап осындай жағдайда 727 адам қайтыс болған. Кенеттен жүрегі қысылып, онкологиядан, жол апаттары мен құрылыс нысандарындағы жазатайым оқиғалардан көз жұмады. Жедел жәрдем қызметкерлері барғаннан кейін қайтыс болған 16 жағдай тіркелген. Бұлар жүрек талмасы бар, онкологияға, өкпенің созылмалы обструктивті ауруларына шалдыққан, ауыр жарақат алған адамдар.
"МАМА, МАМА!"
Біз Наргиза Баймолдаевамен әңгімелесіп тұрғанда, дәрігер Лаура ЖАНЫСБАЕВА, фельдшер Құралай БЕКМҰХАМБЕТ және жүргізуші Серік ДОСҚАЗИЕВТАН құралған реанимация бригадасына шақырту түсті.
Егде әйелдің жағдайы нашарлап, қайта шақырту түскен екен. Ол ағасын жерлеуге басқа қаладан келіпті. Күйзеліс, уайым сыр беріп, жол шаршатқан... Пациент бұрын микроинсульт алған, қан қысымын қалыпқа келтіретін препараттарды жүйелі қабылдайды екен. Дәрігер қан қысымын өлшеді, қалыпты мөлшерде екен. ЭКГ жасап, мүгедектігі, дәрілерге аллергиясы бар ма, соңғы рет қашан және қандай сырқатпен ауруханада жатқанын, қант мөлшері қалыпты ма деп сұрады. ЭКГ-де өміріне қауіп төндіретін белгілер жоқ, бірақ дәрігерді мазалаған блокада байқалады. Ол ауырсыну мен бас айналудың сипаты туралы сұрастыруды жалғастыра береді, өйткені кейбір жағдайларда олар елеулі қауіп бар екенін білдіруі мүмкін. Пациентке қабынуға қарсы стероидті емес препарат егіп, ауруханаға жатқызу ұсынылды. Бірақ таңертең ағасын соңғы сапарға шығарып салуы керек болғандықтан, ол ауруханаға жатудан бас тартты. Сигнал парағын қалдырып, жағдайы нашарласа жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жату туралы қатаң нұсқау бергеннен кейін келесі шақыртуға кеттік.
... «Көкарна» ықшамауданында егде әйелдің жүрегі қысылған. GPS-навигатор жолды көрсетті, әйтпесе жаңа ғимараттардан керек үйді табу оңай емес. Жол жақын емес, меніңше, ұзақ секілді. Серік «жыпылықтағышын» қосқанмен, кейбір жерлердің жолы өте тар және ыңғайсыз болғандықтан, көліктерге жедел жәрдем көлігін өткізіп жіберу қиынға соқты. Ақыры діттеген жерге жеттік. Қақпа алдында жүкті жас келіншек жүгіріп жүр, ол әжесінің ес-түссіз жатқанын айтты. Бұдан бұрын ол есі шығып жүріп, бұл туралы диспетчерге айтуға ұмытып кетіпті. Ал медиктер үшін бұл өте маңызды және дабыл қағарлық белгі. Жолай жүргізушіге зембілді шығару туралы нұсқау берген дәрігер мен фельдшер үйге асықты. Кішкентай тар асүйдің еденінде толық егде әйел жатыр, баласы басын сүйеп отыр, «мама, мама, мама!» деп қояды. Бірақ әйел селт етпейді. Жиһазға толы ас үйге үшінші адам сыймайды. Бригада дәлізде чемоданды ашып, жансақтау шараларын бастады: тамырына препараттар егіп, дәрі тамызғыш салып қойды, оттегі маскасын қосты. Дәрігер туыстарынан әйелдің қалай есінен танып құлағанын сұрастырып жатыр. Баласы, сірә, шошып қалған болуы керек, сұрақтарға немересі жауап беріп отыр. Әжей ас үйде кенеттен өзін нашар сезінген, қан қысымы 220-ға көтеріліпті. Жүргізушінің, пациенттің ұлының және көршілерінің күшімен әйелді зембілмен реанимобильге жеткізді. Дәрігер фельдшермен бірге жабдықтарды тасып, дәрі тамызғыш пен оттегіні ұстап жүр. Мен дәрі-дәрмек салынған чемоданды алып, көлікке қарай жүгірдім. Облыстық ауруханаға сиренаны қосып зымырадық. Жолда науқасқа ЭКГ жасап, жедел әдіспен қандағы қант мөлшерін өлшеді, дәрі тамызғышты ауыстырып, монитордан қысым мен басқа да көрсеткіштерге бақылау жасап отырды.
- Мен айтқан кезде бір минутқа тоқтай тұр! – деді дәрігер бұйырып.
Кідіргенін пайдаланып, біздің соңымыздан еріп жүрген пациенттің баласы реанимобильдің есігін тартқылады. Оны сабырға шақырып, өз көлігіне қайтуын сұрадық. Ауруханада бізді күтіп отырған еді, әйелді жедел жансақтау бөліміне жатқызды.
ЖОҒАРЫ ҚАБАТТАН ТҮСІРУ
Осы кезде Серік зембілді орнына қойып, Құралай дөңгелекті реанимацияны ретке келтіре бастады. Портативті құрылғыларды орындарына кері қойып, дәрі-дәрмек салынған чемоданды жинастырып, реттеді. Біз дәрігерді күтіп, әңгімелесіп отырмыз. Құралайдың жедел жәрдем қызметіне келгеніне бір ай ғана болыпты. Бірақ мұндай жағдайды көп көрген. Әйелдің жанында туыстары болып, көршілері жедел жәрдем көлігіне жеткізуге көмектескені жақсы болған. Жақында ауруханаға жалғыз басты ер адамды апарғандарын есіне түсірді. Ол «103» нөмірін ғана теріп үлгеріп, есінен танып қалған. 4-қабатта тұрады екен, үйде көршілерінің ешқайсысы болмады. Кілең пәтер жалдаушылар тұрады екен. Олар медиктерге қол ұшын бермеген. Бригадаға пәтердің есігін өздері жауып, үшеулеп пациентті төмен түсіруге тура келген. Бұл көріністі көз алдыма елестеттім: Лаура мен Құралай өте нәзік жандар, әрқайсысының салмағы 50 келіден болатын шығар. Біздегі подъездердің баспалдақ алаңдары өте тар, бұл пациенттерді төменге түсіруді қиындатады.
- Әр қабатқа аялдап, күшімізді жинап жалғастырамыз, әрі асығуымыз керек, әр секундымыз санаулы, - деп әңгімелейді Серік. Оның өзінің жедел жәрдемде жұмыс істегеніне 5 жыл болыпты. Өзінің мойындауынша, осы қызметтің дамылсыз ырғағынан бір жыл демалған. Бірақ шыдай алмай, оралыпты:
- Үйреніп қаласың, ұжымымыз да жақсы, үлкен. Үнемі әртүрлі бригадалармен шығып тұрамын.
ТАБЫС ТАБУ
Біздің облыста әр ауысымға 47 бригада шығады: бір қарқынды терапия, бір педиатрия, бір психиатрия және 44 фельдшерлік бригада бар. Қызметкерлер жұмыстан жиі шығып кетеді екен, жұмыс қиын, жүйкеге әсер етеді, ауысымдық жұмыс.
Бұл жерге кез-келген адам шыдай алмайды. Жалақысы аз. Тіпті санаты бар тәжірибелі дәрігер де үстемеақымен 130 мың теңгеге дейін алады. Өтілі жоқ дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлер, сәйкесінше, аз алады. Сондықтан олар мүмкін болса, демалуға берілген уақытта басқа медициналық мекемелерде жұмыс істеуге тырысады.
Емханаларда жедел жәрдем қызметі ашылған кезде, станциядағылардың көпшілігі сол жаққа ауысқан - ол жақта анағұрлым тыныш екен. Бұдан басқа, «103»-те жұмыс тәжірибесі бар мамандарды жеке емханалар қуана-қуана қабылдайды, олар вахталық жұмысқа орналасады, шетелдік және жергілікті фирмалардың қызметкерлеріне қызмет көрсетеді. Айтпақшы, ауысым арасында кейбіреулер біліктілігін жоғалтпау үшін жедел жәрдемде қосымша табыс табады. Бұл қызметте ондаған жылдар бойы жұмыс істеген қызметкерлер де бар.
Лаура Жанысбаеваның 16 жылдық дәрігерлік тәжірибесі бар, 2007 жылы жедел жәрдемге келген - әуелі туған қаласы Шымкентте болған, ал 2011 жылы Атырауда болғанда біздің станцияға келген. Бұдан басқа, ол облыстық кардиоорталықта жұмыс істейді және медицина колледжінде сабақ береді.
Мен Серіктен көлік туралы сұрадым. «Форд» маркасының реанимобилі - өте сенімді, толықтай автоматтандырылған, барлық көрсеткіштер борттық компьютер экранында бейнеленеді. Жүргізушілер оны мұқият бақылап отырады, ақаулыққа шамалы күмән болса, көлік жөндеу орнына жүгінеді.
Осы кезде дәрігер қажетті құжаттарды рәсімдеп, жанымызға келді. Геморрагиялық инсульт деген диагноз қойыпты. Бұл өмірге айтарлықтай қауіп төндіретін қауіпті патология. Тіпті, дағдарыс жағдайы өтіп кетсе де, ауру із-түзсіз кетпейді, оның ағза үшін келеңсіз салдары бар.
«ЗИЯЛЫНЫҢ» АШУЫ
Планшетте Махамбет көшесінен жаңа шақырту түскені көрінді. Тағы да бір әйелдің қан қысымы көтеріліпті. Бізге ұзақ уақыт есік ашпады, содан соң есікті ер адам ашып, айғайлап, тілдеп-қарғай бастады. Ешкімге риза емес: диспетчер, оның пікірінше, мұқият тыңдамаған, біз ұзақ жүргенбіз. Жалпы, дәрігерлердің бәрі арамтамақтар, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан бастап, бәрін жұмыстан шығару керек. «Сендерге ақша бөледі, көліктер әпереді, жұмысты жақсы атқарсаңдаршы. Күні бойы шай ішіп отырасыңдар, ұятсыздар! Әне, комиссия келді, сендерді әлі-ақ сабаларыңа түсіреді». Біз мұның алдында ауыр халдегі әйелді ауруханаға жатқызғанымызды түсіндіруге тырысқанымызбен, одан сайын неше түрлі жаман сөздерді естіп алдық.
- Ол әйелге де, сендерге де түкіргенім бар! Мен, мен, мен өліп қалуым мүмкін, түсінесіңдер ме! Міне, екеуміз екі бөлмеде өлейін деп жатырмыз (ол әйелін нұсқады). Менің жоғары білімім бар, өмірімде көп нәрсені көрген адаммын, сендердің арқаларыңда осылай арам қатып қалғым келмейді, - деді біздің «әңгімелесушіміз» түкірігін шашыратып.
Шынымен де жағдайы нашарлап кетер деп қорқып, үнсіз әйелінің жанына бардық, шақырту әйеліне рәсімделген екен. Ол қолын сермеп, күйеуіне басқа бөлмеге кетуін сұрады, оның айқайынан басы ауырған екен.
Әдеттегіше сұрақтар қойылып, әйелді тексере бастады. Әйелдің қан қысымы жоғары, әдетте ол 160-қа көтеріледі екен, соңғы аптада 170-ке дейін көтерілетін болған. Дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмектерді қабылдамайды, оларды өзіне сәйкес келмейді деп санайды. Арасында күйеуінің дәрі-дәрмектерін ішеді екен, оның да қан қысымы жоғары. Әйелге таблетка беріп, қысымын қайта өлшеді, ол біртіндеп төмендей бастады.
Ал мен Наргиза Баймолдаевамен болған әңгімемізді есіме түсірдім. Кей жағдайда пациенттер уақытында дәрігерлер тағайындаған дәрі-дәрмектерді ішіп, күтінсе, өз өздеріне көмектесе алады екен.
Басқа бөлмеде пациенттің күйеуі әлі ашулануда. Оны да тексереді, бірақ алдымен станцияға қоңырау шалып, пациент екеу екенін тіркеу керек. Дәрігер қажетті құжаттарды толтырып, әйелінен күйеуі өзін қашан жайсыз сезінгенін сұрады.
- Ой, білмеймін, өзім ауырып тұрмын, оған қарайтын шамам жоқ. Әдетте әркім өз бөлмемізде отырамыз, теледидар көреміз. Бүгін түскі астан кейін мүлдем қосқан да жоқпыз, - деді ол.
Сөйтсек, ер адам екі жыл бұрын инфаркт алған екен, бір қолында қысым 160, екінші жағында 180 көрсетіп тұр. Оған ЭКГ жасап, магнезия екті. Ол осы уақыт бойы дәрігерлерге ренішін білдірумен болды: инфаркт алар алдында қолында талоны болмаған соң емханаға қабылдауға кіре алмаған. Ал жақында оны ауруханаға жатқызудан бас тартқан, жатуға ешқандай негіз жоқ депті. Оның да жағдайы тұрақталып, біз кетіп қалдық.
- Жұдырығын ала жүгірмегеніне шүкір, кейбір қариялар өздері сүйеніп жүрген таяқтарымен сабамақ та болған. Не болмайды дейсіз, - деді Лаура ренішпен.
Шақыртулар жоқ кезде станцияға барамыз - реанимобиль салонын әйелді шұғыл ауруханаға жатқызғаннан кейін тазалау керек, бітіп жатқан дәрі-дәрмектерді алу қажет. Әдетте жедел жәрдемнің ең қауырт уақыты - түнгі сағат 3-ке дейін, содан кейін сәл тыныштық орнайды. Қызметкерлер таңға дейін кезекшілікте болады, ал мен үйіме кеттім. Бригадаға тыныш кезекшілік тілегім келіп, өзімді әзер ұстадым: олардың ырымдары бойынша, мүлдем олай тілеуге болмайды, нәтижесі керісінше болады екен.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суреттерді түсірген автор