Атырау, 10 желтоқсан 22:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Мұрагерлер сауалы

8 322 просмотра

Мұраны рәсімдеу - өте күрделі мәселелердің бірі. Бұл процедура көп уақытты және зор ықыласты қажет етеді. Құжаттар жинау, өтініштер мен арыздар толтыру, кезекке тұру, қателіктерді түзеу, мұрагерлер арасындағы келіспеушіліктер және басқа да мәселелер сот процесінің ұзарып кетуіне соқтыруы мүмкін. Біз адвокат Гүлсім САБИРОВАДАН оқырмандарымыздың көкейінде жүрген өзекті сұрақтарына жауап беруін өтінген едік.

– Заң баршаға бірдей. Мұраға ие болу құқығы мұрагерлердің материалдық жағдайы мен олардың жеке қарым-қатынастарына байланысты емес. Белгілі бір жағдайда туыстар арасында дау туындап, оны сот арқылы шешуге тура келетінін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, қалай дегенмен де, істі сотқа жеткізу керек пе, жоқ па, оны тек құқық негізінде ғана емес, адамгершілік ережелеріне сай және өз ар-ұятына жүгіне отырып, әркім өзі шешеді. Әр азамат мұраны қабылдау және оны сауатты түрде рәсімдеу – көптеген заңды ерекшеліктері бар күрделі процесс екенін түсінуі тиіс.

– Мұра қалдырушының қайтыс болған күні мен мұра қабылдау күні – екеуі бір нәрсе ме?

– Жоқ, елеулі айырмашылықтар бар. Мұра қалдырушының қайтыс болған күні мұраның ашылу уақыты боп табылады. Мұра қалдырушының қайтыс болған уақытына қарамастан, ол қайтыс болған уақытта қолданыста болған заңнама қолданылады. Егер азамат 1964 жылдың 1 шілдесінен бастап 1999 жылғы 1 шілдеге дейінгі уақыт аралығында  қайтыс болған болса, мұраны алу үшін мұрагер мұра ашылған күннен бастап алты ай ішінде мұраның ашылу орны бойынша нотариалдық кеңсеге өтініш беру арқылы мұраны қабылдауға немесе мұралық мүлікті нақты басқаруға кірісуге міндетті.

Егер ол мерзімді өткізіп алса, мерзімді ұзарту туралы өтінішпен сотқа жүгінуі тиіс. Егер сот мерзімді өткізіп алу себебін дәлелді деп таныса, ол бұл мерзімді ұзартады.

Егер мұра қалдырушы 1999 жылдың 1 шілдесінен бастап 2007 жылдың 12 қаңтары аралығында қайтыс болған болса, мұрагерге нотариусқа барып, мұраны қабылдау туралы өтініш берудің қажеті жоқ. Егер ол нотариусқа мұрадан бас тарту туралы өтініш бермеген болса немесе заңда қарастырылған негіз бойынша мұра алу құқығынан айырылмаған болса, ол сол сәтте өзіне тиесілі мұрагерлік құқығына ие болады. Егер мұра қалдырушы 2007 жылдың 12 қаңтарынан бастап қазірге дейінгі уақыт аралығында қайтыс болған болса, мұрагер міндетті түрде мұра қалдырушы қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде нотариусқа мұраны қабылдау туралы өтініш беруі тиіс.

– Ал егер мұрагер алты айлық өтініш беру мерзімін өткізіп алса ше?

– Заңда қарастырылған мерзім қалыпты жағдайда жеткілікті боп табылады. Алайда көбінесе өмірде мұрагерлік құқыққа дер кезінде ие болуға кедергі болатын төтенше жағдайлар кездесіп жатады. Бұларға ұзақ іссапарлар, басқа қалада немесе елде тұруы, сырқаттылығы немесе мұраның ашылғандығы туралы білмеуі сияқты жағдайлар жатады. Осы және басқа да себептер бойынша мұрагерлер көбінесе мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алады.

Сол кезде сотқа мұра қабылдау уақытын қалпына келтіру туралы талап арыз беру қажет. Егер бұл мерзiмдi дәлелді себептермен өткізіп алса және өткiзу себептерi жойылғаннан кейiн алты айдың iшiнде сотқа жүгiнген жағдайда сот бұл мерзiмдi қалпына келтiре алады және мұрагер мұраны қабылдады деп тани алады.

Алайда, қолданыстағы заңға сәйкес, мына жағдайларда мерзімді қалпына келтірудің қажеті жоқ және мұрагер мұраны қабылдады деп есептеледі: 1) ол мұралық мүлікке иелік етуге немесе басқаруға кіріскен болса; 2) оны сақтау шараларын алған болса; 3) өз есебінен мұралық мүлікті ұстау шығындарын жүргізген болса; 4) өз есебінен мұра қалдырушының қарызын төлеген болса.

Мәселен, егер мұрагер мұра қалдырушы тұрған пәтерде тұрған болса және ол қайтыс болғаннан кейін сол жерде тұруды жалғастырса (үй кітабына тіркелген болса), коммуналдық қызметтер мен осы мүліктің басқа төлемдерін төлесе, оған мерзімді қалпына келтіру үшін сотқа жүгінудің қажеті жоқ. Туысы қайтыс болған күннен бастап алты ай өткен-өтпегендігіне қарамастан, бірден нотариусқа мұраны қабылдау өтінішімен шыға алады.

Мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру үшін мұрагерге не істеу керек?

– Алдымен мұрагерлер шеңберін анықтап алу керек. Бірінші кезекте заң бойынша мұра қалдырушының балалары, сондай-ақ, ол қайтыс болғаннан кейін тiрi туған балалары, мұра қалдырушының жұбайы (зайыбы) мен ата-анасы тең үлеспен мұрагерлік құқығына ие болады. Егер бірінші кезектегі мұрагерлер болмаса, мұрагер болу құқығын екінші кезекте мұра қалдырушының бір әке, бір шешеден туған және әкесі немесе шешесі бөлек аға-інілері мен апа-қарындастары (сіңлілері), сондай-ақ, оның әкесі жағынан да, анасы жағынан да атасы мен әжесі тең үлеспен алады. Егер бірінші және екінші кезектегі мұрагерлер болмаса, заң бойынша мұрагер болу құқығын үшінші кезекте мұра қалдырушының әкесімен бірге туған ағалары мен апалары, нағашы ағалары мен нағашы апалары тең үлеспен алады.

Егер бірінші, екінші және үшінші кезектегі мұрагерлер болмаса, заң бойынша мұрагерлік құқығын мұра қалдырушының алдыңғы кезектердегі мұрагерлеріне жатпайтын, үшінші, төртінші және бесінші туыстық дәрежесіндегі туыстары алады.

Егер мұра қалдырушымен бірге тұрғандығына немесе тұрмағандығына қарамастан, мұра қалдырушы қайтыс болғанға дейін кемінде бір жыл оның асырауында болса, заң бойынша екінші, үшінші және одан кейінгі кезектегі мұрагерлерге жататын, мұраның ашылу күніне дейін еңбекке жарамсыз болған, бірақ мұрагерлікке шақырылатын кезектегі мұрагерлердің тобына кірмейтін азаматтар заң бойынша осы кезектегі мұрагерлермен бірге және тең мұра алады.

Мұра қалдырушының кәмелетке толмаған немесе еңбекке жарамсыз балалары, сондай-ақ, оның еңбекке жарамсыз жұбайы мен ата-анасы өсиеттiң мазмұнына қарамастан, заң бойынша мұрагерлiк кезiнде олардың әрқайсысына тиесiлi болатын үлестiң (мiндеттi үлес) кемінде жартысын мұраға алады.

Талап арыз берушілер ретінде барлық мұрагерлер, жауапкер ретінде жергілікті атқарушы орган көрсетілуі тиіс. Егер басқа мұрагерлер процеске талап арыз беруші ретінде кірісуден бас тартса, оларды дауға қатысты жауапкер тарапқа дербес талап қоймайтын үшінші тұлға ретінде көрсету керек, өйткені олардың да мүдделері қозғалады. Талап арыз мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру туралы талап деп аталады. Талап арызда істің егжей-тегжейін толық баяндап, туыстық дәрежесін, туысқаны қайтыс болғаннан кейін қалған мүлкін санамалап көрсету  қажет. Арызға талапта көрсетілген жағдайды растайтын барлық құжаттардың көшірмелерін тіркеу керек. Мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру талаптарынан айлық есептік көрсеткіштің 50 пайызы мөлшерінде мемлекеттік баж салығы алынады (қазіргі уақытта 809 теңге).

Сот ісінен кейін сот шешімі оның заңды күшіне енгендігі туралы белгімен нотариусқа мұраны қабылдау туралы өтінішпен бірге ұсынылады. Әрі қарай нотариус мұраның салмақ құрамы мен белгілі бір мүлікке әрбір мұрагердің үлесін анықтап, әрбіреуіне үлесі көрсетілген мұрагерлік құқығы туралы куәлік  береді. Куәлік тиісті тіркеу органына (ХҚО, ІІД ЖПБ және т.б.) тіркелуі тиіс, тек содан кейін ғана мұрагер қабылдаған мүлкінің меншік иесі боп есептеледі және оған өз қалауынша билік етуге құқылы.

– Өсиет деген не және өсиет бойынша мұрагер болудың заң бойынша мұрагер болудан айырмашылығы қандай?

– Азаматтың ол қайтыс болған жағдайда өзiне тиесiлi мүлiкке билiк ету жөнiнде өз ықтиярын бiлдiруi өсиет болып танылады. Өсиетті толық әрекет қабілеттілігі бар азамат қалдырады. Азамат өзінің барлық мүлкiн немесе оның бiр бөлігін заң бойынша мұрагерлер тобына кiретiн де, кiрмейтiн де бiр не бiрнеше адамға, сондай-ақ, заңды тұлғаларға және мемлекетке өсиет етiп қалдыра алады. Өсиеттi өзi жасауға тиiс. Өкiл арқылы өсиет жасауға жол берiлмейдi. Өсиет қалдырушы себебiн түсiндiрместен заң бойынша мұрагерлердiң бiреуiн, бiрнешеуiн немесе барлығын мұрадан айыруға құқылы. Мұра қалдырушы жасалған өсиеттiң оны жасағаннан кейiн кез-келген уақытта күшiн жоюға және өзгертуге ерiктi және күшiн жоюдың немесе өзгертудiң себебiн көрсетуге мiндеттi емес.

– Ал сот тәртібі бойынша қандай жағдайда өсиетке дауласуға болады?

– Мәмiлелердiң жарамсыздығы туралы ережелердің негiзінде де,заң талаптарына негізделген арнайы нысанда, мазмұнда жасалмаған, өсиеттi жасаудың, оған қол қоюдың және оны куәландыру талаптарының бұзылуы салдарынан да өсиет жарамсыз деп танылуы мүмкiн. Қалай болғанда да кез-келген мәміле секілді, заңның белгілі бір нормаларының бұзылуы өсиетті жарамсыз деп тануға негіз болады. Мәселен, нысан бойынша сәйкес болмауы: оны жасауда, қол қоюда, куәландыруда заң талаптарының сақталмауы; сот тәртібі бойынша еңбекке жарамсыз немесе еңбекке жарамдылығы шектеулі деп танылған тұлғалардың өсиет қалдыруы; кәмелетке толмағандардың өсиет қалдыруы; өз әрекетінің мәнісін түсінуге және игеруге қабілетті емес азаматтың өсиет қалдыруы. Өзі дауласып отырған өсиет бойынша заңды  құқығы мен мүддесіне нұқсан келген және өсиеттi жарамсыз деп танудан мүлiктiк зардап шеккен тұлға осындай талаптар бойынша талап арыз беруші болуы мүмкін. 

Жауапкер (жауапкерлер) өсиет өз пайдасына жасалған тұлғалар болуы мүмкін. Мұраны қабылдаған басқа мұрагерлер, нотариус немесе өсиетті куәландырған басқа лауазымды тұлға үшінші тұлғалар болуы мүмкін. Сот ісі барысында өсиетті жарамсыз деп тануға дәлелдердің жеткілікті болуы тексеріледі. Жоғарыда аталған талаптар және өсиет жасау, қол қою, куәландыру кезінде шарттар бұзылған жағдайда, сондай-ақ, өсиет қалдыру  нысанының талаптары сақталмаса, өсиет қалдырушының ықтиярынан тыс жасалса, ол жарамсыз деп танылуы мүмкін.   

– Ал басқа тұлғалардың пайдасына мұрадан бас тартуға бола ма және бұл процедура қалай жасалады?

– Мұрадан бас тарту – бұл заң немесе өсиет бойынша мұрагер ерікті түрде жүзеге асыратын біржақты келісім. Мұрадан бас тарту туралы өтінішті мұраның ашылу орны бойынша нотариусқа мұрагердің өзі барып та, пошта арқылы да, мұрагер өзінің мұрагерлік құқығын білген немесе білуі тиіс күннен бастап алты ай ішінде бере алады. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері олардың мүддесі үшін сенімхатсыз әрекет етеді. Алайда мұрадан бас тарту үшін қамқорлық және қорғаншылық органдарынан келісім алуы қажет. Еңбекке жарамдылығы шектеулі тұлғалар сот шешімі арқылы қамқоршыларының келісімімен мұрадан бас тарта алады. Ал қамқоршылар, өз кезегінде, мұндай келісімді қамқорлық пен қорғаншылық органдарының рұқсатымен береді.

Басқа тұлғалардың мәжбүрлеуі, адастыруы, алдауы, қорқытуы, қоқан-лоққы көрсетуі арқылы мұрагер мұрадан бас тартқан жағдайда, яғни, ерікті түрде бас тартпаса, нотариус арқылы мұрадан бас тарту туралы өтінішке қол қойған тұлға немесе кәмелетке толмағандардың және еңбекке жарамсыз мұрагерлердің заңды өкілдері, қамқоршылары, қорғаншылары (соңғылардың мұрагерлік құқықтарына нұқсан келген жағдайда) оны сот тәртібімен даулай алады.

Дайындаған Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Саша ДЕНИСОВТЫҢ коллажы

31 қазан 2012, 18:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.