Атырау, 24 қараша 01:58
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қыстық шөп: байлар мен кедейлер

Сурет Бейнежазба
5 494 просмотра


Биыл да жаз ыстық болып, қуаңшылық етек алды. Бұл мал шаруашылығымен айналысатын фермерлерге қыстық азық жинауда қиыншылық әкелді. «АЖ» тілшісі аудандардағы мал азығын дайындау барысына шолу жасады.

- Биыл қуаңшылық тағы орын алды, жерасты суы да тартыла бастаған. Каналдар арқылы берілетін су шабындық жерге жетпейді. Биыл Махамбет, Исатай, Индер, Жылыой аудандарында шабындық жер азайып, шаруалар көршілес Құрманғазы, Қызылқоға аудандарынан шөп алды, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат НҰРЛЫБАЕВ. - Бұрын асыл тұқымды мал өсіретіндерге көмек ретінде мал азығын дайындағаны үшін облыстық бюджеттен субсидия берілетін. Бұл биыл тоқтатылды.


Индер ауданы Батыс Қазақстан облысымен қоныстас болғандықтан мал азығының басым бөлігі сол жақтан келеді. Әкімдіктегілердің дерегінше, ауданға қажетті 65 мың тонна шөп түгел түсірілген.

Қызылқоға ауданындағы 286 шаруа қожалығы өз күштерімен жем-шөпті дайындаған, былтырғы қалдықты есептегенде жеткілікті мал азығы қыстақ басына тасылып алынған. Қанша құрғақшылық болса да, шабындық және жайылымдық жерге бай ауданда шөп бағасы да аса қымбат емес, өткен жылмен деңгейлес, бір орамы 3,5-4 мың теңге шамасындай. Аудан әкімінің орынбасары Жәнібек  ТУРДАҒАЛИЕВТІҢ айтуынша, 1 мың тонна жем-шөп резерв есебінде дайындалған. Артылған шөп көршілес Жылыой, Мақат, Доссорға, тіпті Атырауға да сатылып жатыр.



Жылыой ауданы бойынша 17550 ірі қара, 71725 қой-ешкі, 8430 жылқы, 8010 түйе 156 қыстаққа түседі деп күтілуде. Биыл 51353 тонна мал азығын дайындау керек болса, былтырдан 5802 тонна қалдық шөп бар. Күзден бері қамыс, құрақ, Каспий теңізі маңындағы Асанкеткен, Тоқтарал, Бейбіт жерлерінде жусан мен ащы шөптерді мал азығы ретінде пайдалану үшін дайындауда. Жалпы, мал азығының 50,7 пайызы Ақтөбе облысының Ойыл, Байғанин аудандарынан сатып алынуда. «ДостанАта», «Ащысай», «Талап», «Бейбарыс» ШҚ Қызылқоға ауданының 15-20 га жерінен дайындауда. Аудан шөп дайындау жоспарын 98 пайызға орындап отыр.  

Қуаңшылық биыл Махамбет ауданын да айналып өтпеді. Шабындық түгілі жайылымдық жерлердің өзі тоз-тозы шығып, қызыл топыраққа айналған. Әсіресе, ауылдар айналасынан малды сирек көруге болады. Сол себептен бір орамның өзі 7 мың теңге тұрады. Қысқа қарай бұл баға одан әрі өседі дейді шаруалар. Бүгінде аудан бойынша 56 984 тонна мал азығы қажет болса, соның 53300 тоннасы дайындалып, жоспар 93 пайызға орындалған. 10 пішен бригадасы Батыс Қазақстан мен Қызылқоғаның Тайсойған өңірінен шөп дайындау қамында жүр. Ал суармалы лимандық алқаптан «Первомайский» ЖШС мен «Б. Жарасов» ШҚ жем-шөп дайындап алған.  

Құрманғазы ауданы шаруалары қажетті мал азығын дайындау жоспарын 102 пайызға орындап отыр. Бүгінде ауданда 630 шаруа қожалығы жұмыс жасайды.  Ауыл шаруашылығы бөлімінен алынған дерек бойынша, аз қамтылған, көп балалы отбасылар мен зейнеткерлерге тегін және төмен бағамен шөп беруді округ әкімдері ұйымдастырыпты. Басқа ауданға қарағанда пішен бағасы төмен, шөп орамы 3 мың теңге шамасындай. Шамамен 4 мың тоннадай мал азығы Махамбет, Исатай аудандарына жеткізілген.

Исатай ауданы бойынша 20864 ірі қара, 39602 қой-ешкі, 18 714 жылқы, 8 554 түйе қыстаққа түседі деп күтілуде. Жалпы алғанда 215 шаруа қожалығы бар. Биылға 71 543 тонна шөп, 2 340 тонна құрама жем қажет. Шөп шығымының нашарлығынан мал азығының 40 пайызы жергілікті, ал 60 пайызы көршілес аудан мен облыстардан алынуда. Ауданда жүздеген техника науқандық іске жұмылдырылып, шаруалар қырдан, көлтабандардан шөп дайындау қамында. Исатай, Забурын ауылдық округ тұрғындары қыр бойынан ақ шөп, теңіз бойынан құрақты қол орақпен шауып алуда. Ауданда бір орам шөп қазірдің өзінде 8 мың теңгеге жеткен. Соған қарамастан ауданда қажетті мал азығы 103 пайызға орындалған.

МАҚАТ ауданының шаруалары шөпті негізінен Ақтөбе облысынан алады. Жылдан-жылға мал азығының бағасы көтеріліп келеді. Қыс пен көктемде бұл баға аспандайтыны сөзсіз. Зейнеткерлер зейнетақысының біраз бөлігін малға азыққа кететінін айтып, мұң шағады. Кейбір ауыл тұрғындары күзгі салым біраз малын саттыққа қоятынын жасырмайды. 



Ләззат ҚАРАЖАНОВА    

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор

30 қазан 2019, 15:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.