«КәсіпҚор» холдингі 2013 жылдың қаңтарында мұнай-газ саласы үшін кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру кәсіптік өңіраралық орталығын ашып, студенттер қабылдай бастауға уәде етіп отыр.
ПРЕЗИДЕНТТІҢ СҮЙІКТІ ЖОБАСЫ
Ал нысанды құрылыс салушы әлі тапсырған жоқ. Мердігер – астаналық «Құлагер» құрылыс корпорациясы» ЖШС кестеден қалыс қалды. Республикалық маңыздағы нысанға (тапсырыс беруші – ҚР білім министрлігі) премьер-министр боп тұрған кезде Кәрім МӘСІМОВ те, тіпті, елбасының өзі де аяқ басқан болатын. Әлемдік деңгейдегі колледждер торабы – оның соңғы уақыттағы ойға алған сүйікті істерінің бірі еді. Атырау оқу орнын алғаш боп ашуға асыққан еді, бірақ мердігер жұмысты аяқтамағандықтан процесс созылып кетті.
– Қараша-желтоқсан айында нысанды қабылдаймыз. Негізгі инстанциялардың қойылған қолдары бар, қазір ауқымды кемшіліктер жоқ. Мердігер тек қалған ұсақ-түйек жұмыстарды жасап жатыр, - дейді оқу орны директорының міндетін атқарушы Қуанғали ҚОЖАНТАЕВ. - Білім министрлігі нысанды қабылдаған бойда өткен жылдың шілдесінде арнайы құрылған «КәсіпҚор» холдингіне басқаруға беріледі.
ТЕК АҒЫЛШЫН ТІЛІ
Редакция сұранысы бойынша холдинг оқыту форматы, АРЕС Petrotechnic (Atyrau Petroleum Education Center Petrotechnic) мұнай-газ саласы үшін кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру кәсіптік өңіраралық орталығына қабылдау шарттары мен бағдарламалары туралы ақпарат ұсынды. АРЕС Petrotechnic оқу орнына орта мектеп түлектері (11-сынып оқушылары), сондай-ақ, бұрын игерген теориялық білімдерін нығайтып, практикалық дағдыларын дамытуға ниет білдірген колледждер мен жоғары оқу орындарының оқушылары мен түлектері оқуға түсе алады. Оқуға түскісі келетіндердің барлығы үшін оқу тегін, бірақ орын саны шектеулі. Басқа қаладан келген және мұқтаж студенттер АРЕС Petrotechnic аумағындағы жатақханаға орналастырылатын болады.
Сабақ ағылшын тілінде жүргізіледі. Алғашқы түлектер 2014 жылы бітіріп шықпақ. АРЕС Petrotechnic-те сабақ ағылшын тілінде оқытылатындықтан, Foundation (2013 жылдың тамызына дейін) даярлық бағдарламасымен сабақ 2013 жылдың қаңтарында басталады.
Foundation-ның негізгі мақсаты ағылшын тілі дағдыларын дамыту, сондай-ақ, жалпы кәсіптік пәндер: математика, физика және химия бойынша оқыту боп табылады. Бұдан басқа, Foundation-де «Мұнай-газ ісіне кіріспе»: мұнай-газ ісінің негізі, саладағы мұнай-газ нысандарын пайдалану, сервистік қызмет көрсету секілді негізгі ұғымдар оқытылады.
Foundation даярлық бағдарла-масын табысты аяқтаған студенттер әрі қарай 2013 жылдың қыркүйегінен бастап негізгі техникалық бағдарлама аясында таңдаған мамандық бойынша оқуға көшеді. Оқу сипаты бойынша студенттерді алдымен теорияға емес, практикалық машықтарға үйрететін болады. Сондықтан түлектер өндірістегі жұмысқа бірден кірісіп кете алады. Ол үшін АРЕС Petrotechnic Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік және отандық компаниялар қолданатын заманауи жабдықтармен жарақталатын болады. Ал шеберханаларда саладағы нақты жағдайларға сай келетін өндірістік процестер жасалады.
ТОРАПТАР ТОҒЫСЫНДА
Қазірдің өзінде талапкерлер үш мамандықтың бірін таңдай алады.
«Мұнай және газ өндіру технологиясы». Бұл бүкіл мұнай-газ операцияларын қамтыған ауқымды бағдарлама. Екі жыл ішінде студенттер мұнай және газ қорларын барлау, бағалау, бұрғылау, сондай-ақ, өндіру, ұңғыларды игеру және оларды пайдалану, мұнай-газ өнімдерін тасымалдау мен өңдеу, өндірістік процестерді жалпы басқару саласында машықтанады және білім алады.
Осы мамандықтың алғашқы түлектері 2015 жылы бітіріп, халықаралық және қазақстандық үлгідегі қос дипломға ие болады.
Екінші мамандық – «Кенішті пайдалану» мұнай ұңғыларын игеру саласындағы машықтарды, мұнай кендеріне әсер ету технологиясын дамытуға, ұңғыларды зерттеу және оларды пайдалануға даярлауға, пайдалану техникасы мен ұңғыларды жөндеу бағытына арналған бағдарлама боп табылады. Оқуды табысты аяқтаған түлектер халықаралық және қазақстандық үлгідегі сертификатқа ие болады.
«Бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматтандыру технологиясы» мамандығы КИГТиЛ бөлігінде мұнай-газ нысандарына қызмет көрсетуге бағытталған. Студент тек мұнай-газ саласында қолданылатын ғана емес, автомобиль, металлургия, атом және басқа салалардағы бақылау-өлшеу аспаптарының барлық түрлерін таңдау және айрықшалау, қондыру және монтаждау, жарамсыздықты анықтау, жөндеу және ауыстыру машықтарын меңгереді. Оқу мерзімі бір жыл. Оны аяқтағаннан кейін түлек халықаралық және қазақстандық үлгідегі сертификатқа ие болады.
САЙТТЫ КҮТІҢІЗДЕР
– АРЕС Petrotechnicозық әлемдік тәжірибелер, сондай-ақ, шетелдік және қазақстандық мұнай-газ компанияларының талаптары ескеріліп жасақталған білім беру бағдарламасын қолданады. Олардың барлығы Канададағы Оңтүстік Альберта технологиялық институтымен (SAIT Polytechnic) бірлесіп дайындалды, - дейді «КәсіпҚор» холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы басқармасының төрайымы Аяна МАНАСОВА. – SAIT Polytechnic – мұнай-газ саласы үшін кадрлар даярлайтын және халықаралық мұнай-газ компаниясы ретінде жұмыс берушілермен тығыз байланыс жасайтын бұрыннан келе жатқан оқу орны. АРЕС Petrotechnic түлектері қос сертификат пен канадалық үлгідегі дүние жүзіндегі жұмыс берушілер мойындайтын SAIT Polytechnic дипломын және Қазақстанға жарамды қазақстандық үлгідегі дипломға ие болады.
– Осынау ғажайып колледжге қабылдану шарты қандай?
– Қарашаның бірінші аптасында біз www.tvet.kz сайтын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ол жерден АРЕС Petrotechnic оқу орнына түсу ережелерімен таныса аласыздар.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ