Атырау, 24 қараша 01:51
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Кестелі орамал – қазақтың хаты

Сурет
7 950 просмотра


Жуырда болған «Көрпе Fest» фестивалі өңірімізге әйгілі көптеген қолөнершілердің басын қосты. «АЖ» тілшісі шара ұйымдастырушыларының бірі, «Алтын сапа» Президенттік сыйлығының лауреаты Ырза ТҰРЗЫНЗАДАМЕН әңгімелесіп, қазақ оюларының мән-мағыналары туралы қызықты деректер білді.

- Қазір адамдар қыз жасауын жасар кезде көрпедегі ою-өрнекке ерекше мән бермейді. Бұл дұрыс емес, мұнда үлкен мән-мағына бар,- дейді Ырза апай. - Кезінде қазақ даласында қыз бала тұрмысқа шыққанда бірнеше күннен кейін ақ орамалға кестелеп ою салып, төркініне жіберетін болған. Ал хатты күтіп отырған ата-ана қыздың салған оюының түсіне, иіріміне қарап, оның көңіл күйін көрген.


Сонымен қатар қыз бала ұзатылатын кезде оның әр заты өзіндік мағынаға ие болуы қажет.  Мысалы, мен сізге көрпеге тапсырыс берген кезде «қошқар мүйіз» оюын салуға кеңес берер едім. Неге десеңіз, кезінде қазақта малдың өрісте жайылып,аулада тұруы өте бай, ауқатты адам екеніңді білдіретін. Қазақта «қой қоздап, мамыражай мал молайды» деген сөз бекер айтылмаған. Сондықтан «қошқар мүйіз» оюын  көрпеге салса, өте мағыналы қыз жасауы болады. Ал "қырықмүйіз" — ою-өрнегі біріне-бірі жалғаса, тармақтала қосылған  көп мүйізден құралған ою-өрнектің бір түрі. Ол көбінесе дөңгелек не төрт бұрыш ішінде бейнеленеді, кейде ағаш бұтағы тәрізді тармақталып, жайылып бейнеленеді. Бір-бірімен қосылған бірнеше тармақты көп мүйізді оюлардан құралады.

Бүгінде қыз жасауының арасынан мен құдағай көрпе туралы мүлде естімеймін. Көбісі оны білмейтін секілді. Ертеректе қазақ әйелдері отбасының берекесін, әйел бақыты мен баланың амандығын сұрап, Ұмай анаға сыйынған екен. 

Мен осы тарихты оқып, оны оюға бейнелеп салып, құдағай көрпе деп атадым. Әр ана қызын ұзатарда осы құдағай көрпені өзінің болашақ құдағайына қызын аманаттап, тілегін білдіріп ұсынады. Оны мен шығармадым, ол сонау ықылым заманнан бері бар ырым.

- Қазақ атамыздан қалған осы өнер туралы көп білесіз, өзіңіз де бабалар рухы сіңген бұйымдар жасайсыз. Осы өнер жолына қалай түстіңіз?

- Шындығына келгенде бұл өнерді мен ауылдағы апа-әжелерімнен үйрендім. Олар жаз болса сәкіде, қыс болса пештің түбінде отырып іс тігетін. Ою-өрнекті әсемдеп, түп-түзу қылып тігіп шығатын. Сол кезде апамның қолының ептілігіне таң қалатынмын. Ер баланың арасында өскен ер мінезді қыз болсам да, осы іске қатты қызығатынмын. Кейіннен өсе келе, апамнан іс тігуді үйрендім. Бертін келе «неге осы өнерді қазақ қыздарының арасында кеңінен таратпасқа, үйде отырған келіншектерге неге үйретпеске» деген ой келді. Бастапқыда бәрі маған қарсы шықты. Болашағы жоқ кәсіп деді. Кімге керек бұл деген әңгімені жиі еститінмін. Уақыт өте әлеуметтік желіге жариялап көпшілік қыз-келіншектердің қызығушылына ие болдым. 3 жыл  шалғайдағы қыз-келіншектерге ақысыз шеберлік сыныптарын өткіздім. Ине ұстауға кез-келген жаста үйренуге болады. 

- Қазақ қолөнерінің пайдалы кәсіп ретінде даму болашағы қалай?

- Қазіргі таңда бізге ауылды, балалық шақты  еске түсіретін, қазақтың болмысын көрсететін, ата-әжеге деген сағынышты білдіретін дүниелер керек. Ондай дүниелер бүгінгі нарыққа шықты.  Олар осы өзіміздің қазақи туындыларымыз. Біздің қолөнерлер шет елдіктер арасында аса танымал. Өйткені олар қолөнерді бағалайды. Әсіресе этномодерн стиліндегі оюларға сұраныс жоғары.  Сол себепті мен материалдарды Италия елінен алдыртамын. Бір көрпенің бағасы 55 мың теңге болса, ең қымбаты 2000 долларға барады. Ал, өзіміздің қандастарымыздың арасында көбіне қыз жасауы көп сұранысқа ие. Көптеген қазақ әйелдері үйде отырып-ақ кәсіппен шұғылданып, нәпақасын тауып отыр.  Олардың бір көрпесінің бағасы 25-30 мың теңгені құрайды. Толық қыз жасауы 120-150 мың теңге. Бұл істің ең тиімді жері келіншектер үйде отырып-ақ, өз кәсібін жандандыра алады.  

Әсем БОЛАТҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген автор

28 қазан 2019, 11:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.