Атырау, 24 қараша 01:39
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ерекше балалардың қарапайым мектепте оқығаны қалыпты жағдай

Сурет
7 034 просмотра


Атырау облысында инклюзивтік білім берудегі өзекті мәселелердің бірі – даму ерекшеліктері бар балаларға жеке көмектесетін тьютор-педагогтардың жетіспеуі. Ал мұндай балалар саны 6 мыңнан асады, олардың көпшілігі облыс орталығында.

Қалалық білім беру бөліміне жолдаған редакциялық сауалымызға Атырау мектептерінің 224 сыныбында 308 ерекше бала оқитынын айтты. Психикалық дамуы тежелген 280 бала үшін 61 сыныпта жағдай жасалған. 6 қосалқы сыныпта жеңіл және орташа дәрежеде ақыл-ойы кем 24 бала арнайы оқу бағдарламалары бойынша білім алады. Қарапайым сыныптарда ПМПК (психологиялық, медициналық-педагогикалық кеңес беру) жолдамасымен әр түрлі, негізінен ақыл-ой және физикалық дамуы, ой-өрісі, көру, есту, сөйлеу қабілеті, тірек-қимыл аппараты және эмоционалды-ерік шеңбері бұзылған балалар өздерінің типтік бағдарламасы бойынша оқиды.

Мұнай компанияларының демеушілігімен «Инклюзия Болашак Атырау» ҚБ №3, 5, 6, 24 мектептерден инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттерін ашты. Олар арнайы құрылғылармен: ерекше парталармен, шкафтармен, дидактикалық материалдармен, дамытатын ойыншықтармен және жабдықтармен жарақталған.

Мұнда тек түзету сабақтары өткізіледі. Жоғары білімді дефектологтар, логопедтер, психологтар тәлімгер бола алады. Бірақ бұл мамандар жетіспейтіндіктен олардың қамқорлығындағы балалар саны да шектеулі.

- Былтыр ерекше аутист балам дайындық сыныбына баратын кезде инклюзивті білім беру проблемаларымен алғаш рет бетпе-бет келдім. Неден бастауды, қайда бару керектігін білмедім. Қалалық білім бөлімінен, облыстық басқармадан кеңес алдым - аутизм және басқа даму ерекшеліктері бар балаларға қолдау көрсететін «Болашақ» республикалық корпоративті қорына жүгіндім. Биыл бұл қор бастауыш сыныптарға арналған «Әр бала мектепке лайық» жобасымен бірнеше өңірге шықты, солардың бірі - біздің облысымыз болды. Алайда «Болашақ» аутист балалары бар отбасыларға ақпараттық, әдістемелік және материалдық қолдау көрсетсе де, бұл жобаның негізгі қозғаушы күші - ата-аналар. Тьюторларды, бірегей педагогикалық әдістемемен оқыту ақысын төлеуге келісетін демеушілерді өзіміз табуға тиіс болдық және т.б. Біздің ата-аналар одағы осылай пайда болды, - дейді «Инклюзия Болашақ Атырау» ҚБ жетекшісі Арайлым НҰҒЫМАНОВА.


ӘЗІРГЕ 15 МИНУТ ЖЕТКІЛІКТІ


Ерекше балалар қарапайым сыныптарда 15 минуттан оқиды. Тьюторлар үнемі олардың жанында болуы тиіс. Олар балаға бағдарламаны игеруге, сыныптастарымен және мұғалімдерімен өзара байланыс жасауына көмектеседі. Егер ерекше бала ауырып қалса немесе ол өз іс-әрекетімен басқаларға кедергі жасай бастаса, тьютор оны инклюзивтік қолдау кабинетіне алып кете алады.

Бәз біреулер балалар 15 минутта не үйреніп үлгереді дейтін шығар. Олар үшін қарапайым балалармен, мұғаліммен үнемі қарым-қатынаста болудың өзі маңызды. Ал олардың өз бағдарламалары бар.

«Болашақ» қорының мамандары ПМПК өкілдерімен бірге жобаға қатысу үшін балаларды белгілі бір критерийлер бойынша таңдады: бала кемінде 30 сөз білуі және түсінуі керек, өзіне қызмет ете алуы, агрессивті болмауы керек. Олар әрқайсысына жеке бағдарлама жазды және үш айда бір рет келіп, балалардың жетістіктерімен танысып, қажет болған жағдайда бағдарламаны түзетуі керек.

Егер №5 және №6 мектептерде инклюзивтік қолдау кабинеттері сәл ертерек ашылса, №3 және №24 мектептерде жақында ғана ашылған. Оларға орынжайды мемлекет бөлді, құрал-жабдықтармен демеуші көмектесті, ал ата-аналар жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сыныпты сабаққа дайындады.

Бүгінде №3 мектепте ерекше алты бала, №24 мектепте бес бала 4 сағаттан оқиды. Мектептегі сабақтардан басқа, олар моториканы, сенсорлық дамыту дәрістерін алады.

- Тьюторды тауып, үйрету қиын емес, содан соң оны бағдарламада ұстау керек. Аутистерге арналған терапия көп қаржыны қажет етеді, жеке орталықтарға осындай дағдылары бар мамандар қажет. Біздің бағдарламада олар мектеп штатына кіреді және соған сәйкес олардың еңбегін мемлекет төлейді. Оларды оқу орындарының штатына қосу үшін біраз еңбектенуге тура келді, - дейді Арайлым Нұғыманова. - «Тьютор» ұғымы білім туралы заңда жоқ, демек, олардың құқықтары мен міндеттері, жалақылары жазылмаған. Кеңес алу үшін Астанаға жүгінуге тура келді. Ол жақта тьюторлар бірінші жыл жұмыс істеп тұрған жоқ, оларды жай педагог-тәрбиешілер деп атайды.

Жергілікті педагогикалық университетті бітірген жас қыздар бүгінде мектепте тьютор болып жұмыс істейді. Олар ерекше балалар бір адамға үйреніп кетпей, жаңа адамдармен араласуы үшін қамқорлығындағы балаларды әр тоқсан сайын ауыстырып тұрады. Бұл олар үшін тағы бір пайдалы дағды. Инклюзивті қолдау кабинеттерінде бейнекамералар жұмыс істейді. Олар арқылы ата-аналар балаларының қазіргі уақытта не істеп жатқанын бақылай алады. Сыныптарында осындай балалар білім алатын мұғалімдерге «Білім туралы» ҚР Заңының 52-бабының 4-тармағына сәйкес, базалық лауазымдық жалақысына 40% үстеме ақы тиесілі.

 

БЕЛСЕНДІ БОЛУ КЕРЕК


Кәдімгі мектепке қалай баруға болатындығы және бір сыныпта қанша ерекше бала бірге оқи алатындығы туралы сұраған ерекше балалардың ата-аналары «АЖ»-ға үнемі хабарласып тұрады.

Белгілі болғандай, жалпы білім беретін мектептің қарапайым сыныбында мұндай балалар екеуден, ал дамуында ауытқуы бар балаларға арналған арнайы сыныптарда кемінде 3-6 баладан оқи алады. Ата-аналар сараптамалық кеңестің (медициналық-кеңес беру комиссиясының) шешімімен ПМПК-ға жүгінуі керек.

Олар өз кезегінде қорытынды шығарады және ата-аналарының өтінішін қосып мектепке жолдайды. Ауыр дәрежеде ақыл-ойы тежелген және әртүрлі деңгейдегі психикалық аурулары бар балалар мектепке қабылданбайды.

- Мен №6 мектепте инклюзивті білім береді екен деп оқыдым, бірақ олар "аутизм" диагнозы бар немеремді мектепке қабылдаудан бас тартты, - деп бізге шағымданды Мария апай.

- Қазіргі уақытта №6 мектеп тьюторлар тапшы болғандықтан «аутизм» диагнозы бар балаларды қабылдамайды, - деді қалалық білім беру бөліміндегілер.

Осындай шағымдар эпилепсиямен ауыратын балалардың ата-аналарынан да келіп түседі. Осындай диагнозы бар, үнемі дәрі-дәрмек қабылдайтын және ұзақ уақыт бойы ұстамасы ұстамаған бала инклюзивті сыныпта оқи ала ма? Өкінішке орай, қалалық білім беру бөліміндегілер де олардың тек үйде оқытылатынын айтты.

- Егер балаңыздың кәдімгі мектепте білім алғанын қаласаңыз, онда өзіңіз бар күшіңізді салуыңыз керек. Қызымның №6 мектепте оқып жатқанына екінші жыл, мұнда осындай 10 ерекше бала оқиды. Өткен жылы бұл сыныпты бөлген кезде бізде тек «Болашақ» қорынан бөлінген жиһаздар ғана болды, қалғанының бәрі - сыныпты жөндеуден бастап, кеңсе тауарларын сатып алуға және Интернетті төлеуге дейін ата-аналардың құлшынысымен жасалған. Сізге келіп, бәрін әкеп береді екен деп күтіп отырмаңыздар, белсенді болыңыздар! - деп кеңес береді Арайлым Нұғманова.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді түсірген автор

25 қазан 2019, 13:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.