Атырау, 24 қараша 01:49
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қарабатанның қымбат ауасы

Сурет
3 289 просмотра


Қарабатандағы «Болашақ» зауытында Қашағанның шикі мұнайын экспортқа шығару үшін түрлі қоспалардан тазартылады. Зауытқа жасалған баспасөз туры барысында «АЖ» тілшісіне әзіл-шыны аралас осы жердің иісіне мұрын тыржитпауды ұсынып, мұнай құйылған колбаны тарту етті.

Медиа-тур Солтүстік Каспий жобасының операторы - North Caspian Operating Company B.V. (NCOC) консорциумының мұражайы орналасқан Атыраудан басталды.

NCOC оқу орталығының үш залы әлемдегі ең ірі теңіз кенішін игерудің 20 жылдық тарихын паш ететін, сонымен қатар, геологиялық барлау, бұрғылау және өндірудің әртүрлі өндірістік аспектілерін көрсететін жәдігерлерге толы екен.

Осы экскурсиядан кейін NCOC-тің басқарушы директоры Ричард ХОУВПЕН кездесу өтті. Ол бұл лауазымға осы жылдың ақпан айында тағайындалған болатын. Хоув бүгінде қызметкерлердің 80%-ы қазақстандықтар екендігін ерекше атап өтті. Бұл жерде көптеген факторларды ескеріп, күрделілігі жағынан бірегей техникалық міндеттерді шешу керек екенін тағы да еске салды. Мысалы, минералдану деңгейі төмен болғандықтан және судың таяздығына (3-4 метр) байланысты Солтүстік Каспий жылына бес ай бойы мұз астында қалады екен. Ал мұздың жылжуы инновациялық шешімдерді қажет ететін құрылыс жұмыстары, өндірістік операциялар және логистика үшін айтарлықтай шектеулер тудырады.

Қашаған кен орнының өнімді қойнауқаттары теңіз түбінен 4200 метр тереңдікте жатыр және жоғары қысымға ие, ал мұнай құрамында күкіртсутегі (H2S) мен көмірқышқыл газы (СО2) көп.


«ЕШҚАНДАЙ БОЯМАСЫЗ!»

NCOC басшылығымен кездесуден кейін біз Қарабатанға «Болашақ» зауытына аттандық. Алдымен журналистерге NCOC қызметкерлері тұратын «Самал» вахталық поселкесін таныстырды. Спорт алаңдары мен жаттығу залы, заманауи медициналық жабдықтармен жарақталған емханасы бар екен. Вахталық поселкенің аумағын көгалдандыру бойынша көп жұмыстар атқарылған. Қазір ол шөл даладағы оазиске ұқсайды. Журналистер жұмысшылар асханасынан да дәм татты.

- Осы жерде жергілікті және шетелдік жұмысшылар бірге тамақтанады. Асхана 300 орынға есептелген, күніне ауысыммен 1300-ге жуық адам тамақ ішеді, мұнда дайындалған тамақ бәріне ұнайды, - деп сендірді вахталық ауыл жұмысшылары.

- Күнде осындай тамақ бере ме, әлде БАҚ өкілдері келген күндерде ме?

- Жоқ, күн сайын. Бізге көзбояушылық неге керек? – деп менің сұрағыма ренжіп қалды асханадағылар. - Қазір әлеуметтік желілер бар, ештеңені жасыра алмайсың. Тағам түрлері әр алуан, ас мәзірі ағзаның энергетикалық қажеттіліктерін ескере отырып жасалады.

Асхана жанында «бүгін ешқандай оқиғасыз өткен 21-ші күн» дегенді көрсеткен арнайы есептегішті байқадым. Ал 21 күн бұрын не болды екен? Сөйтсек, мердігер ұйымдардың бірінің қызметкері аяқ буынын шығарып алыпты, сөйтіп есептегіш нөлге түскен.


«ӘЗІРГЕ КҮКІРТ ТАУЫ БОЛМАЙДЫ»

Қауіпсіздік техникасынан өткеннен кейін тікелей «Болашақ» зауытына бет алдық. Ең алдымен тау болып үйілген сары күкірттерге назарымыз ауды.

- Күкіртті экспорттауға және өткізуге дейін өндірістік алаңдарда сақтау қарастырылған. 2016 жылы өндірісті қайта жандандырғаннан кейін NCOC 1,5 млн тоннадан астам күкіртті экспорттады, соның ішінде, ауылшаруашылық тыңайтқыштарын өндіру үшін шикізат ретінде қолданатын Қытай мен Марокко бар, - деп түсіндірді NCOC баспасөз қызметі.

Әрине, жұмыс істеп тұрған алау қондырғыларын байқамасқа болмайды. Консорциумдағылар оның мұнай нысандарының ажырамас бөлігі екендігіне, олардан экологияға келтірілетін залал аз екендігін айтады.

- Алау қондырғысы сақтандырғыш клапанының қызметін атқарады. Кішкентай ғана тұтандырушы жалын жағуға әзір  болу үшін үнемі жанып тұрады. Қондырғылардың биіктігі жану өнімдерінің атмосферада барынша тарап кетуін қамтамасыз ететіндей есептеліп жасалған.

Қызықты факт: зауыттың өзінде жұмысшылар саны 800-ден аспауы тиіс. Өйткені «Болашақ» аумағындағы сары аймақта әрқайсысының сыйымдылығы 400 адамға дейін болатын 2 панажай бар.

...«Болашақтың» барлық технологиялық процестері бақыланатын Control room-нен шыққаннан кейін, мұрныма күкіртті сутектің өткір иісі келді.

- Иісі қаншалықты жағымсыз болса да, қымбат тұрады. Бойыңызды еркін ұстап, рахаттана иіскеуге тырысыңыз, - деп әзілдеді Control room қызметкерлерінің бірі. Иә, бұл жердің адамдары әзілқой екен.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген автор

25 қазан 2019, 10:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.