Атырауда қоғамдық көліктерге енгізілген дифференциалдық тарифтердің алғашқы 10 күнінің қорытындысы шығарылды. Электрондық билет жүйесі операторы - «Smart Qala» ЖШС мәліметінше, қазіргі кезде 120 мыңнан астам жол жүру карталары өткізілген, оның ішінде 3 240 мүгедек, 10 710 зейнеткер, 1765 көп балалы аналар, 15 мың мектеп оқушылары және 11 мың студенттер алған. 70 мыңдай стандартты карталар жасалған.
ТАРМАҚТАР БОЙЫНША ТҮСІНДІРМЕ
Брифингте «Smart Qala» ЖШС директоры Болат ЖАМАШОВ қала тұрғындарының жол жүру карталарын толтырудағы проблемалар мен олардың ішіндегі қаражаттың кенеттен жоғалып кетуіне қатысты шағымдарға түсінік берді. Оның айтуынша, атыраулықтар соңғы күні карталарына жаппай ақша салуға кіріскен кезде жүйе төлемдерді өңдеп үлгермей, ақша келесі күні кешігіп түскен. Бірақ қазір, оның айтуынша, жағдай реттеліп, жүйе қалыпты жұмыс істеп тұр. Көп ұзамай екінші деңгейлі банктердің бірімен ынтымақтаса жұмыс жасауды бастау жоспарлануда, олардың карталары арқылы да жолаушылар жол жүру карталарының балансын толтыра алады.
Жамашов жол жүру карталарындағы ақшаның «жоғалуына» қатысты шағымдарды бірнеше тармаққа бөлді. Біріншісінде - жүйенің істен шығуына байланысты екі рет төлем алынған. Мұндай транзакциялар 5 мыңға жуық болған. Қазіргі уақытта бұл проблемалар шешіліп, қаражат картаға қайтарылды. Екінші тармақ - 21-27 қыркүйек аралығында жүйеде іркілістер болған, бірақ басқа сипатта: ол жол жүру фактісін және валидатор арқылы төлеу әрекеттері туралы тіркеп алған, бірақ қаражат алынбаған. Мұндай транзакциялар 17 мыңға жуық болған. Бұл проблема анықталып, түзетілген кезде, жүйе бұрын картадан алынбаған қаражатты ұстап қалған. Бұл сенбі, 19 қазаннан жексенбіге қараған түні орын алды. Пайдаланушылардың көпшілігі мұны дүйсенбіде анықтап, наразылық туындаған.
- Біз мұны өз мойнымызға алып, сол кезең үшін алынған қаражатты жолаушыларға қайтарамыз деп шештік, - деді Жамашов. - Өздеріңіз білесіздер, түске дейін облыс әкімінің қатысуымен жиналыс өткізіліп, дифференциалдық тарифтің енгізілуін талқылау мәселесі қаралды. Ол әлеуметтік желілерде, әкімдіктің Telegram чат-каналында шағымдардың көп екенін атап өтті. Сонымен қатар, біз белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, барлық әлеуметтік желілерде қатысып, барлық шағымдарға жауап беруіміз керек екендігіне назар аударды. Бірақ дифференциалдық тариф енгізілер алдында және ол алғаш енгізілген күндерде біз қауырт режимде жұмыс істедік. Енді тұрғындармен жұмыс нүктелерін ашуды жоспарлап отырмыз.
«БҰЛ БҮКІЛ ИДЕЯҒА НҰҚСАН КЕЛТІРЕДІ»
Бұған дейін облыс әкімдігінің баспасөз қызметі тасымалдаушылар, «Smart Qala» ЖШС және «Smart Атырау» басшылығы, сонымен қатар барлық жауапты тұлғалар қатысқан аппараттық жиналыс туралы ақпарат таратқан болатын.
- Сіздердің олқылықтарыңыз үшін адамдар қолайсыздық сезінбеуі тиіс, - деп атап өтті Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ. – ТКШ саласындағы және қалалық әкімдіктегі барлық жауапты тұлғалар жағдайды өз көздерімен көру үшін автобустармен жүретін болады. Әлеуметтік желілерде шағымдарын жазатын тұрғындарды естімейсіздер. Адамдар қайда шағымдану керектігін білмейді, сіздердің call-орталықтарыңыз жауаптарды өте баяу береді, сондықтан қызметкерлер санын көбейту керек. Электрондық билет алу жүйесі маңызды - соның арқасында сіз тасымалдаушылардың табысы туралы нақты түсінікке ие боласыз, автопаркті уақытылы жаңартасыз, т.б. Бірақ мұндай көрініс бүкіл идеяға нұқсан келтіреді.
Азаматтардың жеңілдетілген санаттарының - зейнеткерлердің, көп балалы аналардың және т.б. карталарындағы қаражаттың қате алынуы да көп наразылық туғызды. Олар бір жүру ақысы үшін 40 теңге төлеуі тиіс, ал олардан стандартты төлем - 80 теңге алынған.
- Бұған тұрғындар белсенділігінің күрт өсуі себеп болды. Өздеріңіз ойлап қараңыздар, тарифті енгізу үш рет кейінге шегерілді, біз дайын болуға, жол жүру билеттерін рәсімдеуге уақыт бердік. Бірақ бүкіл дайындық кезеңінде бар болғаны 4 мың зейнеткер жол жүру картасын рәсімдеді. Ал 11 қазаннан кейін 11 мың өтініш келіп түсті. Бұл тек зейнеткерлер, бірақ басқа санаттар да бар. Біздің қызметкерлер қауырт режимде жұмыс істеуге мәжбүр болды, сондықтан мұндай олқылықтар туындады, адамдар тарифтерді дұрыс қойып үлгермеді, - деді «Smart Qala» ЖШС директорының техникалық мәселелер орынбасары Қанат НҰРЕКЕНОВ.
Журналистерді бұл жүйе толығымен автоматтандырылған және картадағы тарифті өзгерту үшін жол жүру картасын ұстаушыларға кеңсеге барып, ондағы кезекке тұрудың қажеті жоқ деп сендірді. Қызметкерлердің өздері жүйедегі олқылықтарды анықтап, оларды түзетіп, артық алынған қаражатты қайтарады екен.
Оқушыларды көлік карталарымен қамту бұрынғыша төмен деңгейде қалып отыр. «Smart Qala» ЖШС өкілдері балалар үшін карталарды тезірек жасауға тырысатындықтарын мәлімдеді. Ал Атырау әкімінің орынбасары Жұмабек ҚАРАЖАНОВ оқушыларды жол жүру билеттерін алғанға дейін сабақ уақытында тегін алып жүру туралы тасымалдаушылармен келісім жасалғанын хабарлады.
ҚАТАЛ ТӘЖІРИБЕ
Соған қарамастан, қала тұрғындарының өздері бұл мәселеде белсенді болулары керек, дейді Болат Жамашов. Ол демалыс күндері әріптестерімен бірге қоғамдық көліктің жұмысын тексеріп, кондуктордың жолаушылардан 80 теңге алып жатқанын, бірақ билеттерін бермегенін айтты. Сол кезде дауыс зорайтқышпен билет алмаған жолаушылар кондуктордан ақшаларын ала алатындықтарын хабарлаған. Бірақ бір де бір жолаушы алмапты. Нәтижесінде кондуктор жұмысынан қуылған.
- Тұрғындардың көмегінсіз біз бұл мәселені шеше алмаймыз, - деп брифингті қорытындылады «SmartQala» ЖШС директоры.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор