Желтоқсан жақындап, кәсіпкерлер жер салығын төлейтін кезде өте жағымсыз тосынсыйға тап болады. Дүкендер мен мейрамханалар маңындағы орынтұрақтар үшін оларға бұрынғыдан 10 есе көп төлеуге тура келеді.
Жұлдыз ықшамауданында асханасы бар Мырзабек ЖАНБОЛАТҰЛЫ бірінші болып дабыл қақты. Асхананың жанынан келушілерге көліктерін қоятын орын жасау үшін ғимаратқа іргелес жерді 2 жылға жалға алған. Келісім шарттарына сәйкес, қазіргі уақытта төлем жылына 1 192 444 теңге болады екен.
- Кез келген кәсіпкер кеңсесінің, сауда орталығының, кафесінің жанындағы жерді жалға алады. Мерзімі, әдетте, 5 жылға дейін, содан кейін ол ұзартылады. Қала әкімдігі оны көркейтуге, ағаш отырғызуға, асфальт төсеуге, орынтұрақ ұйымдастыруға жер телімін береді. Бұған дейін Атырауда жерге салынатын базалық салық мөлшерлемелері 1 шаршы метр үшін 8,20 теңге болатын (үй жанындағы телімдерді қоспағанда). Бұл бизнес үшін қолайлы төлем болды. Бірақ қалалық мәслихаттың 2018 жылғы 28 желтоқсандағы шешімімен автотұраққа (паркингтерге) алынған жерлерге салынатын базалық салық мөлшерлемелері 10 есеге көбейтілді, - дейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВ. – Егер кәсіпкерлер, бұл жағдайда ақылы автотұрақтардың иелері көбірек төлейтін болса, бұл қалыпты жағдай, өйткені олар осыдан кіріс алады. Алайда, жалдау ақысын белгілеген кезде жер қатынастары бөлімі «автотұрақ» (паркинг) және «орынтұрақ» ұғымдарының арасындағы айырмашылыққа құқықтық баға бермеген, нәтижесінде мекемелерінің жанында келушілерге арналған кішігірім тұрақтары бар кәсіпкерлердің барлығы зардап шегуі мүмкін.
Жолдыбаевтың пікірінше, бұл мәселе жүйелі сипатқа ие болып, көп адамдар тобының мүдделеріне әсер етуі мүмкін. Өйткені Атырауда мыңдаған кәсіпкерлік субъектілер бар және олардың барлығы көп ұзамай салық төлеуі тиіс. Осыған байланысты мәселе талқылауға шығарылды, оған қалалық әкімдіктің, салық органдарының және прокуратураның өкілдері қатысты.
- Мен жалға алу төлемінің мөлшерімен келіспеймін, өйткені бұл жер паркинг емес, - дейді Мырзабек Жанболатұлы. - Менің асханамның жанында ақылы түрде кіретін жер жоқ, адамдар осы жерде ақысына көліктерін сақтауға қалдырмайды. Олар келіп, көліктерін қойып, тамақ ішеді де кетеді. Көліктерді ғимараттың жанына қойғаны үшін ақы алып отырған қосымша табысым жоқ. Осыған байланысты салық мөлшерлемесін он есе өсіру заңсыз деп санаймын.
Түрлі ведомстволардың өкілдері өз уәждерін айтты. Облыстық прокуратура басқармасының прокуроры Әділет НҰРБАЕВ 2014 жылғы 17 сәуірдегі «Жол жүрісі туралы» ҚР Заңының 1-бабының 44-ші және 45-тармақтарына сәйкес, орынтұрақ – ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген нормативтік құқықтық актілерге сәйкес ұйымдастырылған жол учаскесі болып табылатын, көлік құралы қойылатын орын; ал паркинг – көлік құралдарын сақтауға (қоюға) арналған және нормативтік құқықтық актілерге сәйкес ұйымдастырылған, бір немесе көп деңгейлі инженерлік құрылысты немесе арнайы ашық алаңды қоса алғанда, арнайы жабдықталған ғимаратты (ғимараттың бір бөлігін), құрылысты (құрылыстың бір бөлігін) білдіретін аумақ екенін атап өтті.
Мәслихаттың шешімінде орынтұрақ үшін емес, паркинг үшін бөлінген жерлерге жаңа салық мөлшерлемелері қарастырылған.
Прокуратураны бұл шешімді паркингке емес, орынтұрақ үшін жерді жалға алатын қарапайым кәсіпкерлерге қолдану қаншалықты заңды екені қызықтырды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суреттерді түсірген автор