Атырау, 24 қараша 01:49
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Шелл» мен НКОК - Қаламқас-теңіз және Хазар жобасынан бас тартты

3 005 просмотра


Каспий теңізінің солтүстік қайраңындағы зор үміт артып отырған Қаламқас-теңіз және Хазар кен орындары игерілмейтін болды. Мұны бірге игергісі келген NCOC және Shell операторлары жобадан бас тартты.

Естеріңізге салсақ, NCOC 2018 жылдың желтоқсанында Солтүстік Каспий бойынша ӨБК аясында («ҚазМұнайГаз» 16,88%, Shell, ExxonMobil, Total және итальяндық Eni әрқайсысы 16,81%, сондай-ақ қытайлық CNPC 8,33% және жапондық Inpex 7,56%) басқа кен орнына - Хазарға өте жақын орналасқан Қаламқас-теңіз кен орнын игеру туралы келісімге қол қойды. Операторы - Каспий Меруерті Оперейтинг Компани Б.В. (Shell (55%), «Қазмұнайгаз» (25%), «Оман Ойл» (20%).

Сол кезде тараптар, егер игеру жоспары белгіленген уақытта бекітуге ұсынылмаса, «Қаламқас-теңіз» ерікті түрде республикаға қайтарылады деп келісті.

Осыған байланысты министрлік пен жоба инвесторлары ең оңтайлы және экономикалық тиімді нұсқаны анықтау үшін игерудің әртүрлі нұсқаларын бірге қарастырды. Бұған дейін екі кен орнынан өндірілетін мұнайдың жалпы қоры шамамен 70 миллион тонна болады деп хабарланған болатын.

Бірақ жақында Shell Қазақстан билігіне күрделі шығындары көп, ал табыстылығы төмен болуына байланысты кенішті игеру жобасынан шығатындықтары туралы хабарлады.

NCOC N.V. да жауап жолдады - ол Консорциумның Қаламқас-теңіз кен орнын игеруді жалғастырмауға шешім қабылдағанын хабардар етті. Шешім жобаның күрделі экономикасына байланысты қабылданған.

Бұл шешім NCOC N.V. компаниясының ағымдағы операциялық қызметтері мен басқа да жүзеге асырылып жатқан жобаларына әсер етпейді. Оператор Қашаған кен орнындағы қауіпсіз және тұрақты өндірісті қамтамасыз етуді жалғастыра береді.

Ал Энергетика министрлігі Қаламқас-теңіздегі жер қойнауын пайдалану құқығын мемлекет меншігіне қайтару рәсімі аяқталғаннан кейін басқа инвесторларды тарту мәселесі қарастырылуы мүмкін екенін және жаңа келісімшарттар өнімді бөлу туралы келісімнің (ӨБК) шарттарына емес, қолданыстағы салық заңнамасына негізделетінін хабарлайды.

Естеріңізге салсақ, жыл басында NCOC компаниясы Қаламқас-Теңіз және Хазарды игеру жобалары үшін алдын-ала ҚОӘБ ұсынды. Сол кезде консорциум өкілдері 90-жылдары сейсмикалық зерттеулер нәтижелері бойынша Қаламқас-теңіз кен орнының құрылымы анықталғанын хабарлады. 2002 жылы сол жерде бұрғыланған іздеу-барлау ұңғымасы көмірсутектердің бар екендігін растады.

Алдын ала ҚОӘБ жобасы бойынша, «технологиялық көрсеткіштердің есептік кезеңі - 51 жыл - 2027 жылдың наурызынан 2077 жылға дейін. Ұңғымалардың максималды қорына (35) 2030 жылға қарай жетеді. Техникалық-экономикалық есептеулерге сәйкес, 4-нұсқа бойынша табыстылық кезеңі 39 жылды құрайды, мұнайдың жинақталған өндірісі 43,6 млн тоннаға жетеді. Тәуліктік өндірістің жобалық деңгейі - 105 мың баррель, оның 60 мың баррелі Қаламқас-теңізге, 45 мыңы - Хазарға тиесілі».

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

22 қазан 2019, 12:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.