Атырау, 24 қараша 02:02
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мостовой өзегінің тағдырын тұрғындар шешпек

2 656 просмотра
"АЖ" мұрағатынан алынған сурет

Атырауда жалпы ұзындығы 71 км болатын 141 көшенің көлік жүретін бөлігін салу және күрделі жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттама жасалды, ол қазір мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Атырау-Индер трассасының 0-20 шақырымында да жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы жол бөлігі қалаға қарайды. Бұл туралы Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бастығының міндетін атқарушы Эдуард ОСПАНОВ брифингте мәлімдеді.

4 алаңда - Привокзальныйдағы С.Мұқашев, Академия аялдамасындағы Д.Нұрпейісова, Азаттық даңғылындағы Смағұлов пен Құрманғазы атындағы алаңдарда абаттандыру жұмыстары жоспарланған. Олардың екеуінде - Мұқашев пен Нұрпейісова алаңдарында жұмыстар басталып кетті. Атырау мен ауылдық округтер аумағында 27 зират бар, олардың 13-і өткен жылы қоршалған, тағы 6-уын осы жылдың аяғына дейін қоршау жоспарланған.

МЖӘ аясында 5 жыл бойы қаланы көгалдандырумен айналысатын мердігер ұйым 12 мың шаршы метр аумақтағы көгалдарға күтім жасап, 2 мың ағашқа санитарлық кесу жұмыстарын жүргізуі керек. Оған қоса, осы жылдар ішінде олар 25 мың жаңа ағаш отырғызуы тиіс.

Сарыөзектен ұзындығы 3,8 шақырым су құбыры желісі мен ұзындығы 14,3 шақырым болатын поселкеішілік су құбыры жүйесі тартылуда.

Тұрғын үй мәселесіне келетін болсақ, қала билігі Нұрсая және Береке ықшамаудандарындағы апаттық жағдайда тұрған 12 жатақхана тұрғындарын жаңа үйлерге бірінші кезекте қоныстандырады.

 

ҮЛКЕН ҚАТЕЛІК

Мостовой өзегінің тағдыры туралы сұраққа жауап бере отырып, Э.Оспанов қазір «Атырау цифрлық қабылдау» мобильді қосымшасында қала тұрғындары арасында үш нұсқамен: арнаны сол күйінде қалдыру; сол жерде жаяужолдар мен велосипед жолдарын салу; көлік жолын салу бойынша дауыс беріліп жатқанын атап өтті.

Бұрын Мостовой өзегі су тасқыны кезінде суға толып қалатын табиғи канал болды. 2001 жылы қала билігі оны қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Басты мақсат - қаланың солтүстік бөлігінде қолайлы микроклимат құру, ал каналдың өзі дренаж қызметін атқарар еді. Сол кезде оны салуға бюджеттен 1,5 миллиард теңге, кейінірек тағы 170 миллион теңге бөлінді. Мостовой өзегі Атырау ықшамауданындағы Жайық өзенінен бастау алып, теңізге дейін жалғасуы керек еді.

Бірақ кейінірек өзекті Еркінқала арқылы бұрып, содан соң оны Жайықпен жалғау туралы шешім қабылданды. «Дренаж» КМК экс-директоры Ибрагим ӘМІРОВ сол кезде теңізге дейін 5-6 шақырым жер қазу ғана қалғанын, бірақ арнаны ауыстырып, өзекті Жайыққа шығаруға тура келгенін айтқан болатын.

Бұл үлкен қателік болды. Өйткені, Жайықтағы су деңгейі теңіз деңгейінен әлдеқайда жоғары. Егер Мостовой өзегін теңізге табиғи жолмен әкелсе, онда су өздігімен ағар еді. Ал Жайықпен қосқан кезде суды каналға сорғылардың көмегімен айдауға тура келді.

Бүгінде дауыс беру бойынша жаяужолдар мен велосипед жолдарын салу нұсқасы көш бастап тұр.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

22 қазан 2019, 10:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.