ТШО өкілдерінің жергілікті жұртшылықпен жуырдағы кездесуінде өндірістік және қаржылық көрсеткіштерден басқа, қатысушылар, атап айтқанда, Теңізде қызметкерлердің бойынан алкогольді анықтау үшін өзіндік «лотерея» өткізілетінін, сондай-ақ «Теңізшевройл» өңірде көптеген пайдалы іс атқарып жатқанын және осы тұрғыда оған «қысым» көрсетудің қажеті жоқ екенін білді. Толығырақ – «АЖ» материалында.
Алдымен ТШО бас менеджерінің орынбасары Нұртас КЕНҒАНОВ кейбір көрсеткіштерді келтірді.
- 2018 жылы біз өндіру бойынша жоспарымызды асыра орындап, 28,6 млн тоннаға қол жеткіздік, - деді Кенғанов. - 1993 жылдан бастап 2019 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін ТШО-ның Қазақстан Республикасына тікелей қаржылық төлемдері 141 млрд долларды құрады, оның ішінде биылғы жылдың басынан бергісі - 5,6 млрд доллар. Бұл төлемдер қазақстандық қызметкерлердің жалақысын, отандық тауар өндірушілердің тауарлары мен қызметтерін сатып алуды, мемлекеттік кәсіпорындарға төлейтін төлемдерді, қазақстандық серіктестікке дивидендтер төлеуді, сондай-ақ мемлекеттік бюджетке аударылатын салықтар мен роялтиді қамтиды. Бүгінде Қазақстандағы ТШО нысандарында ҚР-ның 48 мыңнан астам азаматы жұмыс істейді – бұл қызметкерлердің жалпы санының 91%-ы.
Оның айтуынша, Болашақ кеңейту жобасы үшін Авенца қаласындағы (Италия) өндірістік алаңнан барлығы 5 газтурбиналық генератор қауіпсіз жөнелтілді. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Оңтүстік Кореядағы өндірістік алаңнан 34 модуль тиелген, онда модульдерді дайындау жұмыстары әлі де жалғасуда.
Мұнда және бұдан әрі – «АЖ» сұрақтары:
- Бұл молдульдерді дайындауды Қазақстандық өндірушілерге тапсыруға болмай ма? Әңгіме қомақты қаражат жөнінде. Әлде бізде ондайды жасамай ма?
- Рас, қаражаты қомақты, бірақ, өкінішке орай, бізге қажет нәрселердің барлығы Қазақстанда өндірілмейді, - деп жауап берді ТШО-ның жұртшылықпен және үкіметпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВ. - Дегенмен, модульдердің бір бөлігі Маңғыстау облысында орналасқан «ЕРСАЙ» және «Қазақстан Каспиан Оффшор Индастриз» өндірістік алаңдарында дайындалады.
- Баяндамада экология туралы сөз айтылған жоқ. Ашық ақпарат көздерінде де бұл туралы мәліметтер жоқ. Тек 2017 жылы ТШО экологиялық зиян үшін екі рет - 4 млрд 845 млн теңге және 278 млн. теңге айыппұл төлегені ғана белгілі. Бұдан кейін басқа қандай төлемдер болды?
Сұраққа экологиялық есептілік және төлемдер жөніндегі кеңесші Аида АҚТАНОВА жауап берді:
- Менің білетінім, өткен жылы бізде екі экологиялық жағдай орын алды, олар үшін біз маусым айында 37 млн және мамыр айында сәл артық экологиялық шығын өтедік. Бұл ретте біз эмиссияға рұқсат пен төлемдерді жүзеге асыратын тиісті лимиттерді алатынымызды да ескерген жөн.
Теңіздегі маусым айында болған тәртіпсіздіктердің салдары туралы сұраққа Рзабек Артығалиев «қазір бәрі жақсы» деген бағытта қысқаша жауап берді.
- 2017 жылы «Теңізшевройл» қызметкерлердің ағзасындағы алкоголь құрамын анықтау үшін адамдарды іріктеп тестілеуге кірісті. Ұмытпасам, сол кезде көпшілігі ашуланды. Тексерулер әлі де жалғасып жатыр ма?
-Иә, біз іріктемелі алкотесттерді өткіземіз, лотерея ойыны секілді. Ол былай: арнайы қапта үш шарик болады - жасыл, қызыл және сары. Күзетші вахталық автобустағы жолаушылардың бірінен кез-келген біреуін таңдауын өтінеді. Егер қызыл болса – автобустағылардың бәрі алкотест өтуі керек, егер жасыл болса - ешкім тексерілмейді (сары шариктің мақсаты белгісіз болып қалды, онда «ойыншының» өзін тексереді ме? – Ф.Ә.).
КІМ КІМГЕ БЕРЕЖАҚ
Осындай кездесулердің тұрақты қатысушысы, «Глобус» экологиялық-құқықтық бастама орталығының жетекшісі Галина ЧЕРНОВА Теңіз кенішіндегі санитарлық-қорғау аймағының шекарасын кеңейту туралы ұсыныс жасады. Оның пікірінше, ТШО құзыретті органдарға экологиялық мәліметтерді қате береді.
- Міне, сіз эмоцияға беріліп, бізді үнемі бірдеңеге айыптап отырсыз, - деп өз кезегінде Рзабек Артығалиев уәж айтты. - Санитарлық-қорғау аймағы бойынша бізде өз уақытында тыңдаулар өткізілді. КСРО кезінде СҚА өндірістік нысандардан кем дегенде 10 шақырым радиусты қамтуы тиіс екендігін белгіледі. Қазір бұл аймақта ешқандай елді мекен жоқ - барлығын көшіріп жіберді. Экологиялық деректердің де жүз пайызы нақты берілген мәлімет. ТШО-ның санитарлық-қорғау аймағында және шекарасында қоршаған ортаны бақылайтын 12 автоматтандырылған стационарлық станция бар. Мониторинг станциялары ТШО қалашығында және ең жақын дегенде кен орнынан 95 км қашықтықта орналасқан Жаңа Қаратон кентінде орналасқан. Біз ауаны да, жер асты суларын да бақылаймыз. Нормадан асып кеткені байқалмайды.
Г.Чернова Құлсары тақырыбын да қозғады:
- Бұл елді мекен қала мәртебесіне сай емес және сол үшін сіздер ұялуларыңыз керек.
Бұған кездесуге қатысушы Дәулет ӨТЕГЕНҰЛЫ да қосыла кетті. Оның айтуынша, Құлсары қаласында заманауи автобустарды да, өрт сөндіру машиналарын да, саябақтарды да көрген жоқ. Ал ТШО кеніш орналасқан ауданның әкімшілік орталығына көмектесуі тиіс емес пе?
- Біріншіден, ТШО Жылыой ауданына арналған автобустарға және арнайы техникаларды алуға қаражат бөлді. Кезінде Құлсары қаласында саябақ та салдық, енді балабақшаны тапсырамыз, - деп Артығалиев жауап берді де іле эмоцияға беріп өз ойын айтты:
- «Теңізшевройл» ананы-мынаны салу керек деп жиі айтады. Алайда ол ешкімге міндетті емес, ал жергілікті әлеуметтік қажеттілікке салынып жатқан қомақты қаржылар ерікті түрде бөлінеді. Біздің бірнеше бағдарламамыз бар, сол бойынша түрлі нысандар саламыз. Біз миллиардтаған салық төлеп жатырмыз, қайда кетіп жатқанын мемлекеттік органдардан сұраңдар.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор