Жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелеріне арналған селекторлық кеңес барысында Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ Полиция департаментінің басшылығына қатаң сын айтты. ПД бастығының орынбасары Берік АМАНГЕЛДІНІҢ дәстүрлі баяндамасы осыған түрткі болды. Шынымен де, кісі өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғаларының саны өте көп. Ал жақында Баймұханов көшесінің бойында орын алған қайғылы жағдай мұнайлы астананы ғана емес, бүкіл жұртшылықты дүр сілкіндірді.
Алдымен Б.Амангелді, әдеттегідей, бірнеше цифрларды атады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жазатайым оқиғалардың саны үштен бір есеге артқан, зардап шеккендер саны жартысынан көп. Бірақ есесіне, баяндаушының айтуынша, қаза болғандар саны 51-ден 47-ге – 7,8%-ға азайған. Ірі көлік апаттарының басым бөлігі республикалық маңыздағы қалааралық трассаларда орын алған.
– Негізгі себептері – жылдамдықты арттыру, қарсы жолаққа шығып кету және жалпы жүргізушілердің біліктіліктерінің төмен болуы. Жыл басынан бері өңірімізде жылдамдық режимін арттырғаны үшін 41 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылды.
Ол көп ұзамай Атырауда қосымша 4 мың қума метр жасанды кедергілер пайда болатынын айтып, слайдтан жаңа ресейлік жасанды жол кедергісін көрсетті. Ол қазіргісімен салыстырғанда технологиялық тұрғыда жақсы жасалған және одан өтіп кету мүмкін емес.
Жасанды кедергінің бұл нұсқасы әкімге ұнаған секілді. Ол мұның қай жерде екенін таңғала сұрады. Амангелді оның Атырауда еместігін айтып, баяндамасын жалғастырды. Баяндама соңында облыс орталығы мен аудандарда қазір жаяу жүргіншілер өткелінде прожекторлар, қосымша жылдамдық өлшегіштер мен жасанды жол кедергілері белсенді түрде орнатылып жатқандығын айтты. Атырауда орталық көшелерді кеңейту, белгілерді орнату және жаңа жол белгілерін жасау жұмыстары жүргізілуде.
- Жол бойында кісі өлімінің азайғаны, әрине, жақсы. Бірақ осыны жоюға тырысу үшін не істеп жатырсыздар? – деді әкім. – Ақша керек пе? Бөліп отырмыз! Көлік, жабдықтар, жиынтықтар – бәрін беріп отырмыз, бірақ бәрібір лайықты нәтиже болмай отыр. Айтпақшы, сіз 360 градусқа дейін түсіретін арнайы көліктерге арналған камералар сұрадыңыз. Бірақ, менің білуімше, бұл жаңа жабдық қазір қолданылмай отыр. Хамза Бақтығалиұлы (полиция департаментінің бастығы Хамза ҮМБЕТҚАЛИЕВ), егер ол жұмыс жасамаса, онда біз неге көп ақша жұмсадық? Сұрағымды қайталаймын: адамдар өліп, мүгедек болып қалатын жол-көлік оқиғалары неге көп?
Бос сұрақ болды, оған Амангелді де, Үмбетқалиев та еш жауап бермеді.
Облыс әкімінің орынбасары Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВА әйелдерге тән эмоциясын қосты:
- Жолдағы әрбір кісі өлімі үшін біз жауаптымыз. Адамдар таңертең жолға емес, соғысқа аттанатындай шығады. Атырауда қандай жазатайым оқиғалардың орын алып жатқанын бәріміз көріп отырмыз - әлеуметтік желілерде бәрі бар.
Осы жерде Ноғаев жол полициясының өзіне назар аударғаны есіне түсіп, қайтадан әңгімеге кірісті:
- Мен бір жаққа шықсам, бірнеше полиция көлігі еріп жүреді. Не үшін? Одан да жолды қадағалаңыздар.
Әкімнің бірінші орынбасары Серік ШАПКЕНОВ те үнсіз қалмады:
- Баймұхановтың бойында қаза болған жасөспірімнің қандай кінәсі бар еді? Тапа-тал түсте, жаяу жүргіншілер өткелінде оны жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік қағып кетті. Ал бұған дейін сол желікпе жүргізушінің әуежай трассасында жарыстар ұйымдастырғаны туралы ақпарат бар. Сіздер қайда қарап отырсыздар?
Полиция басшылары опық жеген күйде үнсіз отырды.
ЖҮРДІМ-БАРДЫМ ОҚЫТАДЫ
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының директоры Муса ХАЙРУЛЛИЕВ кейбір автомектептерде курсанттарға заманауи жабдықтар сатып алуға мүмкіндік болмағандықтан олардың жабылуға мәжбүр екенін айтты. Жалпы, олардағы оқу сапасы өте төмен екен:
- Мәселен, егер 2018 жылы 9 671 жүргізуші куәлігі берілсе, өткен жылдың желтоқсан айынан бастап мамандандырылған ХҚКО ашылғалы бері автомектеп түлектерінен 4419 құжат қабылданды. Олардың ішінде тек 419 адам теорияны тапсырып, 93-і жүргізудің практикалық дағдыларынан өткен. Бұл масқара ғой!
Бұған жауап ретінде облыс әкімі жүргізушілерді оқыту орталықтарының бәрін аттестациядан өткізуді тапсырды.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор