Табиғи монополияларды реттеу департаменті ұйымдастырған баспасөз туры барысында «Атырау су Арнасы» КМК директорының орынбасары Нұрлан МҰХТАРОВ «АЖ» сұрақтарына жауап берді. Ол жерде бізге тікелей қатысы бар көптеген жайттар қозғалды.
- Жақында тендерге сәйкес «Атырау су Арнасы» КМК сенімгерлік басқаруға берілді. Қазір басқарушы осал тұстарын анықтап, қаржылық және техникалық аудит жүргізуде. Осыған байланысты монополияға қарсы департаментке инвестициялық жоспардың құрылымын өзгерту туралы өтінішпен шықпақпыз, - деп сөз бастады Мұхтаров. - Егер алда тұрған ірі жобаларды атайтын болсақ, бұл - ең алдымен Береке ауылындағы (бұрынғы Память Ильича) 5-ші сүзгі станциясының іске қосылуы.
Білетіндер оның 2010 жылдан бері тоқтатылғанынан хабардар. Ал оны іске қоспай, өткен ғасырдың 40-жылдарында салынған 1-ші және 2-ші су тазарту қондырғыларының негізгі тораптарын жөндей алмаймыз. Біздің қазіргі инвесторымыз жұмысты дәл осы нысандардан бастамақ. Ол кәсіпорынның толық жұмыс істеуі үшін өз қаражатын салуға дайын.
Бізде 107 мың абонент бар. Біз Атырау қаласы мен Мақат ауданына қызмет көрсетеміз. Биыл Махамбет ауданындағы Береке мен Алмалы ауылдарының сумен қамту нысандарын да сенімгерлік басқаруға алдық. Береке қалалық сумен жабдықтау желілеріне қосылған, ал Алмалының өзінде жергілікті су тазарту қондырғылары бар. Бүгінгі таңда осы ауылдардың тұрғындары судың сапасына дән риза.
- Ал Береке мен қаладағы су тарифтері бірдей ме?
- Берекеде бір текше метрі - 87 теңге, ал қалада - 92,63 теңге.
- Қысқа дайындық кезінде сіздер қаладағы суды жиі ажыратып тастадыңыздар. Су құбыры жүйесінің шынымен шұрқ тесік болғаны ма?
- Шұрқ тесік емес. Технология былай: су үнемі ағып тұруы керек, бірақ құбырларды жөндеу үшін оны ажыратуға тура келеді.
Әсіресе, күзде - қыс маусымына дайындық кезінде. Қыста су тоқтап қалмау керек екенін өздеріңіз де түсінесіздер. Егер тоқтаса - қатып қалады. Сондықтан, салыстырмалы түрде күн жылы болған кезде, осал жерлерді жөндеу керек.
- Сіздің мамандарыңыз 5-ші сүзгі станциясын бірнеше рет тексеріп шықты. Оны іске қосу құны нақты қанша болатыны белгілі ме?
- Жобалау жұмыстарына тапсырыс беруші - қалалық ТКШ бөлімі. Бірақ жаңа инвестор осы жобаның аяқталуын, мемлекеттік сатып алу арқылы тендердің жариялануын күтпестен (бұл ұзақ әңгіме), нысанды өз қаражаты есебінен іске қоспақшы. Қайталап айтамын, бұл қолданыстағы су тазарту қондырғыларын жөндеу процесін жеделдету үшін қажет.
- 5-ші сүзгі станциясын іске қосу мүмкін емес деседі...
«АСА» КМК техникалық директоры Михаил СИДОРОВ әңгімеге араласты:
- Дұрыс емес, мұның бәрін жөндеуге болады. Жобалаушылар мен мердігер мекемелер тарапынан олқылықтар болды. Кемшіліктер көп, атап айтқанда, таза су резервуарларында ақаулар анықталды. Бұдан басқа, жабын плиталары дұрыс маркада болмады, олар төзімсіз болып, қирай бастады. Қазір Павлодар энергетикалық институты осы станцияны қалпына келтіру жобасын түзетуді аяқтап жатыр. Күні кеше ғана оның өкілімен сол жерге бардық. Сараптамадан кейін жұмыстар басталады.
- Қалалық мәслихатта сөз сөйлеген «АСА» басқарушысы Ерлан АТКИЕВ алдын-ала төлем негізде жұмыс істейтін су есептегіш қондырғылары орнатылатынын айтты. Ол қашан болады?
- Ол жай болашақ жоспарларын мәлімдеген еді. Оған барлығы дүрлігіп кетті. Ол нұсқалардың бірі ғана. Бірақ бұл болмайтын шығар, - деп жауап берді Мұхтаров.
Осы жерде Табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының міндетін атқарушы Наталья ДҮЙСЕМАЛИЕВА әңгімеге кірісті:
- Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану ережелері бар. Онда тұтынушы әр айдың 25-не дейін нақты тұтынылған қызметтерді төлейтіні айқын көрсетілген.
Кезінде «Атырау Энергосату» ЖШС-нің алдын ала төлемін жойдық. Департаменттің арқасында қазір «ҚазТрансГаз Аймақ» коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындардан алдын-ала төлем алуды тоқтатты. Сондықтан қолданыстағы нормаларға сәйкес бұл мүмкін емес.
Мұхтаров: Бұл инвестордың қалауы, бірақ ол заңнамаға өзгертулер енгізілмей жүзеге аспайды. Дегенмен бұл кейбір қалаларда жүзеге асып жатыр, бірақ біз әзір оларға барған жоқпыз және қалай екенін де білмейміз.
Сидоров:
- Бұл жаңсақ айтылған нәрсе. Әңгіме қадағалаушылар пәтерлердің есігін қағып, тұрғындардың мазасын алмау үшін көрсеткіштерді қашықтықтан алу туралы болды.
«РЕНІШ ЖОҚ»
- Қалалық мәслихат сессиясында сіздің кәсіпорынға екі рет өтемдік тариф енгізген монополияға қарсы департаменттің іс-әрекетіне «ренішіңізді» білдірдіңіз...
Мұхтаров: - Мен ренжіген жоқпын, тек фактіні айттым. Депутаттар осы жылдың бірінші жартыжылдығында неліктен бізде еш пайда жоқ екендігін сұрады. Мен себебін айттым. Бұл департаменттің де, біздің де кінәміз емес.
- Егер келесі жылы сіздерде тарифтік сметада тағы да талаптар сақталмаса, департамент тарифті тағы да төмендетуге мәжбүр болады ғой...
- Біз бұған жол бермеуге тырысамыз. Осы мақсатта - дағдарыстан шығу үшін кәсіпорын сенімгерлік басқаруға берілді.
Неліктен бұлай болды? Өйткені ақша болмады. Ақша 2015 жылдан бастап экологиялық айыппұлдар мен салық қарыздары түрінде бюджетке өндіріліп алынды. Шоттардан 800 миллион теңге түсіріліп алынды. Ал біз осы ақшаға ысырмалар мен сорғылар сатып алмақшы болған едік.
- Менің түсінуімше, сіз мұның аяқталатынына сенімді емессіз. Демек, тұрғындар тариф әлі де төмендейді деп үміттене алады ғой.
- Тұрғындар бұған қуанбауы керек, деп ойлаймын. Өйткені кәсіпорын жұмысында тағы да іркілістер болады - жөндеу жүргізілмей, жалпы желілер мен судың жағдайы нашарлайды.
5 теңге үшін қуанудың қажеті жоқ шығар. Біз өз тарапымыздан тарифтер бойынша міндеттемелерімізді орындауға тырысамыз. Осыған байланысты кәсіпорынның сенімгер басқарушысы үлкен жұмыстар атқаруда. Ол өз қаражатын салу мәселесін қарастырып жатыр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ