Атырау, 24 қараша 02:59
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

90-жылдары ММСҚ басшысы ақшамен қашып кетті. Бұл жолы қалай болар екен?

Бейнежазба
3 804 просмотра


Атырау облысындағы медициналық ұйымдардың «СК-Фармация» ЖШС-не дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдар үшін 658 миллион теңгеден астам қарызы бар. Мен ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВТАН Атырау жоғары медициналық колледжінің ғимаратында БАҚ өкілдерімен болған бейресми кездесуде осы жағдайға қатысты түсініктеме беруін өтіндім.

Кездесудің негізгі тақырыбы - келер 2020 жылы МӘМС жүйесін енгізу болды. Бұл бүкіл ел үшін өте маңызды оқиға. 2000 жылдары жұмыс істей бастағандар Қазақстанда 1996-1998 жылдары міндетті медициналық сақтандыру енгізуге талпыныс болғанын білмеуі де мүмкін. Айту керек, ол сәтсіз аяқталды. ММСҚ (Міндетті медициналық сақтандыру қоры) басшысы 1998 жылы Қазақстаннан тыс жерде жасырынып жүрді, кейін оны қордың қаражатын ұрлады деп айыптап, сырттай бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Енді екінші әрекет анағұрлым сәтті болады деп үміттенеміз.

Бүгінгі таңда қордың түсімі шамамен 215 млрд теңге болады, оның ішінде Атырау облысынан - 13 млрд теңге. Министр мемлекет те шетте қалмайтынын және денсаулық сақтау саласына қаржы салуды жалғастыра беретіндігін айтты. Егер биыл медицина саласына 1 трлн теңге бөлінсе, келесі жылы 988 млрд теңге бөлу жоспарланған, яғни, сәл ғана аз. Мемлекет есебінен азаматтардың 15 санатына - мүгедектерге, зейнеткерлерге, жүкті әйелдерге, балаларға, әскери қызметкерлерге және т.б. медициналық қызмет көрсетіледі, ел бойынша бұл 11 млн адам.

Жұмыс берушілерден түсетін қосымша табыс медицина ұсынатын қызметтер спектрін кеңейтуге мүмкіндік береді. Сақтандырудың стандартты пакетіне қымбат КТ және МРТ процедуралары, салалық мамандардың кеңестері кіреді; тегін дәрі-дәрмектер тізімі кеңейеді.

Медициналық қызметтерге тарифтер өседі, бұл МӘМС-ке жеке емханаларды тартуға мүмкіндік береді. Дәрігерлердің жалақысын да бастапқыда 30 пайызға, ал 2025 жылға қарай үш есеге көбейту жоспарлануда. Пилоттық режимде жоба Қарағанды облысында іске қосылды, соған қарап жаңа жүйенің осал тұстарын алдын-ала байқауға болады.

Министрдің айтуынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 пакет қатар жұмыс істейді: МӘМС және ТМККК (Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі). Рас, тегін пакет «жұқарады», ондағы қызметтердің бір бөлігі, мысалы, жоспарланған операциялар МӘМС пакетіне ауысады.

Ең бастысы – пациент еш жерде сақтандырылмаса да, ол бәрібір белгілі бір қызметтер тізімін тегін алады - бұл алғашқы медициналық-санитарлық көмек, жолдама бойынша салалық мамандар кеңесі, жедел медициналық жәрдем және санитарлық авиация, стационарлық көмек, екпелер және т.б.

МӘМС жеке емханалар үшін ашық, олар қалаған жағдайда сақтандыру қорының аясында қызмет көрсете алады. Ал пациент қай емханаға жүгіну керектігін өзі таңдауға құқылы. Бұл ретте, ел бойынша әр қызмет үшін бірыңғай және белгіленген баға болады. Бәлкім, жеке емханалар кей жерінде баға бойынша ұтылатын шығар, өйткені олардың қызметі жоғары болуы мүмкін, бірақ есесіне оларда пациенттер ағымы көп болады.


АЗ БОЛСА ДА, ІРІЛЕНГЕНІ ЖАҚСЫ

Біртанов министрліктің стационарларды біріктіріп, ірілендіруді қалайтындығын тағы да түсіндіріп өтті. Ірі ауруханалардың табыстылығы әлдеқайда жоғары.

Кез-келген стационардағы ең қымбаты – операция жасау, жансақтау және зертхана бөлімдері. Ал кереуеттер - бұл кез-келген мөлшерде болатын орындар. Қазақстанда бүгінде ауруханалар саны дамыған елдермен салыстырғанда жан басына шаққанда 2-3 есе көп. Біздің стационарлардың орташа көлемі - 140 кереует, 2 жыл бұрын 110 кереует болған, ал Түркияда - 700 кереует, сонымен қатар 2-3 мың кереует-орынды ауруханалар да бар. Оларда облыс орталығында бір ғана аурухана болады, онда барлық бөлімшелер қамтылған: педиатрия, психиатрия, онкология, жұқпалы аурулар және т.б. Барлығы жеке инвестициялар есебімен жұмыс істейді. Бір бас дәрігері бар. Біздің ауруханаларда әр бас дәрігердің үш орынбасары, бөлек бухгалтериясы бар.

- Әкімшілік шығындарды азайту үшін ауруханаларды ірілендіру керек. Мамандар ауруханаларға бөлінгендіктен олар жеткіліксіз болады. Бірақ ең бастысы, бейінді ауруханалар бір бағдарға шоғырландырылған, олар жанамалас патологияны емдемейді. Перзентханаға көп қаражат бөлінді, мамандар даярлықтан өткен, бірақ олар босандыру ісінің кәсіпқой мамандары. Ал егер босану кезінде бүйрек қызметі тоқтап қалса немесе тромбоэмболия туындаса, анестезиологтар мен реаниматологтар абыржып қалады, сол кезде басқа бағыттағы хирургтар қажет. Гемодиализ де басқа стационарда болады, науқасты сол жерге апаруға тура келеді, - дейді Е. Біртанов.

Сол күні ол облыстық кардиоорталыққа барғанда алған әсерлері туралы айтты. Оның айтуынша, кардиохирургия үшін мемлекет бүкіл ел бойынша артық төлем жасайды. Кардиоорталықтар операциялардың өзіндік құнын шарықтатып жібереді, өйткені кардиохирургия есебінен бас дәрігерлер басқа блоктарды ұстайды. Бәрінің жоғары технологиямен неліктен айналысқысы келетіні түсінікті – ол жердің шығындары жоғары, соның есебінен олар басқа бөлімшелерді көтереді. Бұл жүйені жаппай цифрландыру және стационарларды ірілендіру арқылы шешуге болатын жалпы проблема.



ТІЗБЕКТІ ҚАРЫЗДАР

Медициналық мекемелердің дәрі-дәрмектер үшін «СК-Фармация» алдындағы бережағы туралы:

- Олардың ақшаны қайда жұмсайтынын бақылау керек. Процесс былай: медициналық мекемелер науқастарды емдейді, қор оларға алдын-ала ақша береді. Шамамен айтқанда, біз оларға 100 миллион береміз, оның 40 млн-ы дәрі-дәрмекке арналған. Олар «СК-Фармация» алдындағы бережағын өтеуі тиіс. Түрлі себептермен кешіктіріліп, бережақ болып қалатыны түсінікті: біреулері бұл ақшаны коммуналдық төлемдерге жұмсауды ұйғарса, енді бірі стендтерге тапсырыс береді. Нәтижесінде дәрі-дәрмектер төленбей қалады. Біз дәрі-дәрмектерді үнемі төлеп отыру керек дейміз, өйткені ақша тізбекпен жүреді: қор ауруханаларға ай сайын төлейді, олар «СК-Фармацияға» бережақ, ал ол зауыттарға қарыз. Ең қауіптісі, медициналық мекемелер кейде артық дәрі-дәрмектерге тапсырыс береді. Содан кейін олармен ештеңе жасай алмайсыз. Қазір медициналық мекемелерде 20 миллиард теңгеге дәрі-дәрмектер артық. Бұл нашар жоспарлаудың нәтижесі. Өткен жылы 26 миллиардтан бас тартылды: алдымен медициналық мекемелер тапсырыс берді, облыс әкімінің орынбасарлары қол қойған өтініштер келді, содан кейін олар бас тарта бастады. Біз 14,5 миллиард теңгеге дәрі-дәрмектер сатып алудан бас тартып үлгердік, ал қалған 12 миллиард ауыспалы қалдық болып қалды. Процесті цифрландырудың арқасында жақын арада осы мәселені жоямыз деп ойлаймын.

Ол мемлекет бұрынғыша туберкулез, онкология, психиатрия, қант диабеті және т.б. әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді сатып алу төлемін жалғастыратынын айтты. Қазір шамамен 200 миллиард теңге жұмсалуда – 100 млрд-ы стационарларға дәрі-дәрмектер сатып алуға, 100 млрд-ы тегін дәрі-дәрмектерді амбулаторияларда беруге. Енді 300 миллиард теңгедей жұмсалады: 100 млрд-ы бұрынғыша ауруханаларға, 200 млрд-ы амбулаториялық деңгейге. Яғни, ақысыз бөлінетін дәрі-дәрмектердің тізімі кеңейеді. Мақсат – осылайша, дәрігерлер тағайындаған барлық дәрі-дәрмектердің 100%-ы болмаса да, кем дегенде 80%-ын қамту.


АРЗАННЫҢ ТҰЗЫ ТАТЫМАС

Берілген дәрі-дәрмек сапасына пациенттер наразылық білдіруде, көбі оларға сәйкес келмейді. Нәтижесінде үкіметтің ақшасы ысырап болып, пациенттер қажетті дәрі-дәрмекті өз ақшаларына сатып алуға мәжбүр болады.

- Дәрі-дәрмектің барлық түрін алғың келеді, бір «Ибупрофеннің» 12 түрі шығарылады. Ең арзанын алатынымыз түсінікті. Келесі жылдан бастап жаңа жүйе енгізіледі: егер сізге біз жеткізетін ибупрофен ұнамаса, дәріханаға барып, баға айырмашылығын төлеп, басқасын ала аласыз. Бұл өте күрделі жүйе, ол байыпты есепке алуды талап етеді, біз осы бойынша жұмыс істеп жатырмыз, - дейді Е.Біртанов.

Журналистер Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің өкілеттіктері жеткіліксіз екені туралы мәселені көтерді. Аты дырдай болса да, комитеттің бақылау функциялары жеткіліксіз.

- Келісемін. Сол облыстық перинаталды орталықты олар жылына екі-ақ рет тексере алады. Парламентке мемлекеттік бақылау функциясын күшейту, соның ішінде санитарлық қауіпсіздік нысандарын жоспардан тыс бақылауға рұқсат беру туралы ұсыныстар енгізілген заң жобасы жіберілді, - деп жауап берді министр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

15 қазан 2019, 12:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.