Жылдағыша күз ортасынан асқанда шалғайда отырған шаруалар қыстақтарына көшкен. «АЖ» тілшісі соңдарынан еріп, жәй-күйлерін біліп қайтты.
Жүріске ыңғайлы күрең «Нива» іркілместен еркін жүріп келеді. Етектегі (қатқылдағы) малшылардың біразымен таныспыз, не болса да көптен ат ізін салмаған құм өңіріне бет алуды ұйғардық. Есбол ауылынан 20 шақырым ұзағанда алыстан малшы қыстағы көрінді. Жақындағанда үйден отыз жасты алқымдаған жігітті кезіктірдік.
-Қош келдіңіздер, үйге кіріңіздер, - дейді ол күлімсірей.
Бұл «Жартөбе» қыстағын қоныстап отырған «Алихан» ШҚ басшысы Сәкен ҚАЛИЕВ екен. Ашық-жарқын жігіт шаруа жайын әңгімелей:
- Осы Сізден басқа қыр аралап, малшылардың жағдайын біліп жүрген журналисті көрмеппін (Біз ығайсыздана күлдік, иә, расында да осы жылдарда Атырау далалығында мыңдаған шақырымдарды еңсердік қой). Біз өз жағдайымызды өзіміз жасап жүрген жандармыз. Ешкімнен көмек күтпейміз, сұрап та көрмеппіз. Жеті жылдан бері үзбей осы мал шаруашылығымен айналысып келемін. Көп көңіл бөле қарасаң, малың көбейеді. Түлік төлден өседі дегендей, науқан кездерін қалт жібермеуге тырысамыз.
Үй алдындағы күн сәулесінен энергия қуатын алатын аппаратқа көзіміз түскенін байқап:
- Қаншама жылдан жарықсыз отыр едік. Ал бұл келгелі жарыққа қол жеткіздік. Күн батареяларын билік су сорғысымен бірге бізге тегін беріп, өздері орнатып берді. Бұл бізге зор көмек болды. Біраз қыстақта осындай аппараттар қойыла бастапты деп естіп отырмын.
Сәкеннің айтуынша, қолда шөп шабатын техника болғанымен ораққа ілінер шөп аз болып, амалсыздан Батыс Қазақстан облысынан бір орамы 6,5-7 мың теңге болатын шөпті сатып алуға тура келген. Жерасты суы да құрғақшылықтан тартыла бастаған. Мұндай қиындыққа қарамастан ол мал шаруашылығымен айналысуды тоқтатпақ емес.
ӘКЕ ЖОЛЫМЕН
Келесі барған қыстағымыз иесіз болып шықты. Үй-қорасы жартылай құлап жатыр. Одан әрі ұзағаннан кейін есігі құлыпталған үйдің қасынан өттік. Ешқандай тіршілік нышаны жоқ ауылдан әрмен қарай ұзай бердік. Біраз жүргеннен кейін үйдің сырты әктелген, аула басы жинақы үйге келіп түстік. Бұл «Теректідегі» Кенжебек АМАНТУРЛИННІҢ қыстағы екен. Бұдан бірнеше жыл бұрын осы үйде марқұм, атақты шопан болған Ислямғали Амантурлинмен сұхбаттасқаным есіме түсті. Енді ата кәсіпті оның ұлдары жалғастырып отырған көрінеді. Қыстақ басындағы малшының ортаншы ұлы Сатыбалды кезігіп, біраз жайттың басын қозғады.
- Әкем мал шаруашылығы саласына еңбегі сіңген болатын, енді оның ісін әрі қарай дамыту ойымызда тұр. Шабындық жер аса бір керім болмағанымен сай-саладан барынша шөп шауып, дайындап алдық. Мал азығын жылда өзіміз дайындаймыз. Отын ретінде жазғытұрым ауладан қи ойып, оны кептіріп аламыз. Ауыз суды 27 шақырым жердегі Елтай ауылынан құдыққа құйдыртып алып отырмыз, - дейді Сатыбалды.
Уақыт та біраз болып, жолай тағы бір қыстаққа соғып, ауылға қарай қайттық. Малшылардың айтуынша, қысқа дайындық күн суытып, алғашқы қар түскенше жалғаса береді екен...
Әкімдіктің дерегінше, аудан бойынша 271 шаруа қожалығы бар. Барлығы да тұрақты жұмыс істеп жатыр. Биыл «Жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру және мал өсіруші шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша 32 қожалыққа әрқайсысы 2,5 млн теңге тұратын күн сәулесі батареясымен істейтін су сорғысы тегін берілген. Тағы да 30 бар.
Индер аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәулет ЕСЕТОВ:
- Шаруалар өз қамдарын өздері жасап келеді. Дегенмен құрама жем жайын шешу үшін Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарымен келісімге келіп, қазір тасып жатырмыз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор