Жуырда Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде облыстағы пробация қызметі бөлімінің қызметкерлері «Шапағат» деструктивті діни ағымнан жапа шеккендерге көмек орталығының теологы Сұлтан САРИЕВПЕН кездесті. Шара барысында ол радикалдық діни ағымдарға, экстремизмге қарсы тұруда иммунитет қалыптастыру жөнінде өз тәжірибесімен бөлісті.
- Облыста діни экстремизм бойынша сотталып, пробация есебінде тұрған 27 азамат бар. Олардың тәртібін қадағалап, қоғамға бейімдеу пробация қызметі жеке құрамының жұмысына кіреді. Бұл бағытта жеке құрам қызметкерлерінің де діни сауатты болғаны жөн деп атап өтті, - Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаменті Пробация қызметіне басшылық жасау бөлімшесінің бастығы, әділет майоры Нұрлан ҚАБДОЛОВ.
Теологтың айтуынша, облыста теріс ағым жетегінде жүргендердің көпшілігі 18-25 жас аралығындағы жігіттер.
Көп кездесулерден байқайтынымыз теріс ағым жетегіне кетудің бір себебі - балаға отбасында тәрбиенің жетіспеуі. Балаға әке-шешенің аса назар аудармауы оның интернеттен ізденуіне алып келеді, - дейді С. Сариев. - Діннен, тарихтан хабары жоқ жастар жат ілімдерді санасына құйып, ата-анасымен, қоғаммен араласудан қалады.
Орталыққа өз сұрақтарына жауап іздеп, кеңес сұрай келетіндер бар ма?
- Иә, хабарласады. Жақында бір тұрмыс құрмаған қыз келді. Әңгімелесе келе оның жақын күндері Сирияға кетпекші ойы барын анықтадық. Оған біз Сириядан елге әрең қашып шыққан атыраулық келіншекті көздестірдік. Алайда қыз бірден бас тартқан жоқ, әлі де түсінік жұмыстары жүріп, бақылауда жүр.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор