Атырау, 24 қараша 03:41
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

"Кезінде біз шетелдік номерлі көліктерге бөлек картотека ашатын едік"

Сурет
4 037 просмотра


Жыл басынан  бері Атырау облысы автожолдарында жол-көлік оқиғаларынан 41 адам қаза тапқан. Жараланғандар жүздеп артылады. Осы қайғылы статистиканы қалай азайтуға болады? Бұл жерде тәжірибелі адамдардың да пікірі тыс қалмауы керек. «АЖ» тілшісі бұл тақырыпта  Атырау облысының жол полициясы ардагерлері кеңесінің төрағасы Дүйсенбек ГАЙСИНМЕН әңгімелесті. Ол 80-жылдары МАИ-де жұмыс істеп, кейін жол-патруль батальонының командирі болған.

- Қазіргі мезгілде жол апаттарының тоқтайтын түрі көрінбейді.  Қазақстанның автокөлік жолдарында жыл сайын үш мыңға жуық адам қаза тауып, жиырма екі мыңнан астам адам әр түрлі дене жарақатын алады екен. Бұл біздің ел үшін қарусыз соғыспен тең. Жасалып жатырған жұмыстар көп, бірақ жол апаты толастамайды, - дейді ардагер. – Бұл істе барлығы маңызды. Мысалы, бір бейнежазбадан қала шетіндегі бір елді мекеннің автокөлік жолына «Жаяу жүргіншілер» белгісін тізіп орнатып қойылғанын көрдіңіздер. Мен бұл жөнінде Полиция департаментіне соқтым, олар әкімдікке, ал әкімдік мердігерге сілтеді. Кінәлі жоқ. Сондай-ақ, Құрманғазы көшесінде «Мерей» базары жанындағы жол қиылысында кері айналуды (разворот) жаяу жүргіншілер өтетін жолақтың үстіне ұйымдастырылған. Бұл, Жол ережесінің 8.12;12.5; баптарына тікелей қайшы келеді. Мұндай кемшіліктер көп-ақ. Жалпы бұл салаға үлкен өзгерістер керек.

- Мәселен?

- Біздің елде жол қозғалысына жауапкершілік және осы саладағы басқа да құзіреттіліктер әкімшілік және жергілікті полиция қызметіне бөліп берілген. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Бір құрылым болып, сол нақты жауапты органға жоғары техникалық немесе арнаулы жоғары кәсіби білімді, «Жол қозғалысы туралы» Заңды, Жол ережесін және Жол қозғалысына қатынасты техникалық стандарттарды, жол қозғалысын реттеу әдістерін жақсы меңгерген мамандарды іріктеп тағайындауы тиіс. Сондай-ақ, жол қозғалысына қатысатын әрбір адам өзінің міндеті мен құқын нақты біліп, есте сақтауына мүмкіндік беру үшін Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» заңына және Жол ережесіне сараптамалар жасап, мемлекетаралық стандарттармен нақты қажет баптардан басқа жол қозғалысына қатынасымен пайдасы аз, жұмыс жасамайтын баптарын қысқартылуы керек деп есептеймін.


Сонымен қатар, автокөлік жүргізушілерін дайындау бағдарламасына, жүргізушінің автокөлікті басқару кезіндегі өзін ұстауы, көлікті, соның ішінде қазіргі жүрдек машиналарды басқару әдісі, кенет жағдайларда жасалатын әрекеттер туралы психологтар, тәжірибелі мамандардың қатынасуымен қосымша бағдарлама дайындап, енгізіп берілу керек.

- Қолданыстағы заңнама сәйкес, жолда адам қаққан жүргізушіге берілетін ең жеңіл жаза - 40 күнге қамау, абайсызда денсаулығына ауыр зиян әкелсе – 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы, адам өліміне әкеліп соқса – 5 жылға, екі немесе одан да көп адам өліміне әкеліп соқса – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған. Заңнаманы қатайту қажет пе?

- Жаза қатайғаннан жол-көлік апаттары азаймайды. Басты мәселе халыққа жолда жүру мәдениетін қалыптастыру. Халқымызда жолда жүру мәдениетін қалыптастыра алсақ, қылмыс та, қоғамдық орында тәртіп бұзу да азаяды. Ал полиция қызметкерлерінің мәртебесін кері қарау керек. Олардың заңды әрекеттерін заңмен қорғауды, яғни олардың қызметтік міндеттерін атқаруына кесел келтірген, заңды талаптарына бағынбай қарсылық білдірген, өмірлері мен денсаулықтарына зиян келтірген және ар-намыстарын таптаған адамдардың жауапкершілігін заңмен қатайту керек.


- Атырау қаласында соңғы уақытта түрлі фото-бейнебақылау камералары орнатылды. Бұлар жол апаттарының алдын алуға көмектесіп жатыр ма?

- Әрине, техникалық құралдар жол-көлік апаттарының алдын-алу үшін пайдасы бар. Алайда халық арасында «бейнебақылау камераларын қазынаға ақша түсіру үшін қолданатын сияқты» деген ұғым бар. Ереже бұзушы айыппұл парағын бірнеше күннен кейін ғана алады, дұрысында сол сәтте жазаланса, тиімді болар еді.

Шет елден әкелініп жатырған автокөліктерді есепке алу жөніндегі пікіріңіз қалай?

Әрине, облыс халқының пайдаланымындағы автокөліктер санының көбейгені қуанарлық жағдай. Дегенмен егер олардың қатынасуымен қылмыс, жол апаты жасалып, немесе жол ережесін бұзып орнынан кетіп қалса, іздеп табу қиындық тудырады. Біздің кезімізде ондай автокөліктерге бөлек картотека ашып, қарапайым есебін жүргіздік. Бұл ешкімнің құқын бұзбайды, халыққа материалдық тұрғыдан зиян келмейді. Менің ойымша мұны жергілікті билік деңгейінде шешуге болады.  

Фархат ӘБІЛОВ 

Суретті түсірген автор

12 қазан 2019, 16:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.