Келер жылдың 1 қаңтарында кейбір баптары күшіне енетін жаңа заң әскери қызметкерлердің мәртебесін едәуір көтермек. Әскерилер енді тұрақты баспанамен қамтылатын болады.
Биылғы жылдың 16 ақпанында қабылданған «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңда әскери қызметшілерді мемлекет есебінен тұрғын үймен қамтамасыз ету немесе олардың тұрғын жайды жалдаған шығындарын өтеудің жаңа жүйесі қарастырылған.
Егер бұрын әскери қызметшілер ай сайынғы жәрдемақыны немесе коммуналдық төлемдер деп аталатын 3 700 теңгені алып тұрған болса, енді 2013 жылдан бастап әскери қызметтегі өтілі 10 жылға жетпеген келісім-шарт бойынша қызмет етіп жүрген әскери қызметшілерге тұрғын үйді жалдағаны үшін мақсатты өтемақы төленеді. Күнтізбемен есептегенде 2013 жылғы 1 қаңтарда әскери қызметте он және одан да көп жылдық өтілі бар әскери қызметшілерге жергілікті атқарушы органдар арқылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан қызметтік тұрғын үй берілетін болады. Олар оны ҚР тұрғын үй заңнамасында көзделген шарттарда және тәртіппен жекешелендіруге құқылы. Заңда қабылданған нормалар (қызметте 10 жылдан аз болған) әскери қызметшіге өтемақы алып, мемлекеттік қордан баспана алу кезегіне тұруға мүмкіндік береді. Оны алған жағдайда ол әскери қызмет өтілі 10 жылдан асқаннан кейін, ал еңбек сіңірген жылдарына, сырқатына немесе штаттың қысқаруына байланысты жұмыстан босатылған жағдайда, қызмет еткен мерзіміне қарамастан оны жекешелендіруге құқылы.
– Қазір бюджет қаржыларын бөлу және оларды бекіту шаралары жүргізіліп жатыр, - деп өзгерістерге комментарий берді Батыс өңірі әскери прокурорының орынбасары, әділет майоры Руслан АЛМАХАНОВ. – Аймақтар бойынша төлемдер мөлшерін белгілейтін ережелер бекітілді. Өйткені пәтерді жалға алу құны әр аймақта әртүрлі. Төлем сомасы әзірге белгісіз, ол орташа нарық құнына байланысты есептеледі деп ойлаймын.
–Баспананы кім таңдайды?
– Таңдау жасау әскери қызметшілердің өздеріне қалдырылды. Егер таңдалған баспана қымбатқа түсетін болса, айырмашылықты олардың өздері төлейтін болады. Өтемақы олардың қызметі аяқталғанша тиесілі. Яғни, кез-келген әскери қызметшінің міндеті – осы уақыт ішінде өз баспанасын сатып алуға ақша жинау немесе тұрғын үй кезегінен мемлекеттік баспананы күту.
Естеріңізге салсақ, полковник шенінен төмен әскерилер зейнеткерлікке 47 жаста шығады (жаңа заң бойынша, ал бұрын 45 жас болатын). Полковниктер 55 жасқа дейін, ал генералдар 63 жасқа дейін қызмет етеді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА