Жергілікті ҮЕҰ мен тәжірибелі көгалдандырушылар Қарабатанда орман жолағын құру жобасының таныстырылуына шүбәмен қараған еді ( «АЖ» №50 , 15.12.11, «Орман емес, шағын тоғай болуы мүмкін» мақаласын қараңыз). Жақында өткен баспасөз турында журналистер сол күмәннің бекерге шықпағанына көз жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы NCOC БАҚ-рын 14 гектар алаңға созылатын болашақ орман жолағының жобасымен таныстырған болатын. Сол кезде 2012 жылдың 1 тоқсанының аяғына дейін жергілікті климатқа төзімді деген шетен, ақ терек, қара ағаш, сырға тал және үйеңкі секілді 137 мың ағаш отырғызылуы тиісті болды. Сондай-ақ, бұталар мен шөп қабаттарын отырғызу жоспарланған болатын.
«Болашақ» зауыты мен «Самал» вахталық поселкесі арасында жасыл жолақ жасау идеясына ешкімнің күдік келтірмегендігін түсіну керек. ҮЕҰ мүшелері мен көгалдандырушылардың көңілін күпті қылған көшеттердің отырғызылу технологиясы болды. Бұл технология бойынша көшеттер отырғызылатын траншея геотекстильмен және БҚО-нан әкелінген қарашірікпен толтырылған, жергілікті топырақ мүлдем салынбаған. Барлығы 30 мыңнан аса текше метр болатын қарашірік әкелінген.
Біздің алғашқы осы технология жөнінде жарық көрген мақаламыздан соң тәжірибелі көгалдандырушылар, оның біріншіден, қымбат тұратынын, екіншіден, аса тиімді еместігін мәлімдеген еді. Олардың пікірінше, бұл тәлімбақтар мен жылыжайлар үшін қолайлы, яғни, өсімдіктің тамыр жүйесі толығымен жасанды түрде құрылған қоректік ортамен шектелген, демек, ағаш көшеттері толығымен табиғи жағдайдан оқшауланған жағдайда қалады екен. Көшеттер үлкен ағаштарға айналған кезде қалай болады деген сауал туындады. Өйткені, олардың тамыр жүйесі сырттан әкелінген топырақ және геотекстильмен шектелген ғой. ҮЕҰ мүшелері жобаны жасақтаушыларға Ескенедегі теміржолшылардың көп салым салмастан, сырттан топырақ тасымай-ақ, жайқалып өскен орман жолағын мысалға алды.
12 қазанда, таныстырудан соңғы бір жылдан кейін журналистер бұл нысанда тағы да бас қосты. Біз бір жылдың ішінде өсіп жетіліп, бой түзеген бірде-бір көшетті көрген жоқпыз. Траншеяны бойлай бұталар көптеп отырғызылды. Бірнеше жылдан соң бұл көшеттердің тамыры жайылған кезде ағаштарды не істейді деген сұраққа NCOC өкілдері оларды қазып алып басқа жерге отырғызатындығын айтты. Бірақ, қай жерге екендігін нақты айтпады.
Естеріңізге сала кетейік, осы жобаның аясында 300 мыңдай көшет отырғызылған тәлімбақ салынып үлгерді. Дегенмен, бұл түсініксіз болып қалды: ұзындығы ең көп дегендегі 2-ден 3 метрге дейінгі 6 қатарға отырғызылған бұталар вахталық қала мен Атырау қаласын қалайша қорғамақ? Бұл сұрақ жауапсыз қалды.
Дегенмен, қазақстандық менеджерлердің бірі журналистерге көргендерін жетістік деп не болмаса өз қалауларынша есептеулерін ұсынды.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА