Атырау, 24 қараша 03:26
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Өлі төбеттен алтын шынжырға дейін

Сурет
3 881 просмотра


«Атырау Су Арнасы» КСС қызметінің инженері Магомед АЛИШАЕВ үшін 15 жыл еңбек еткен кезде кәріз люктерінен табылған нәрселердің ішіндегі ең өзгешесі (әрі жағымсызы) - кілемге оралған алып өлі алабай екен.

Кілемге орауына қарағанда, иесінің әуелі итті құрметпен жерлемек ниеті болған, бірақ соңғы сәтте қабір қазумен әуреленбей-ақ, өлген ит осылай да өлілер патшалығына жетер дегендей, кәріз шұңқырына лақтырып жіберген секілді.  

Шамамен бір айдан кейін ол СМП-136-дағы бітелген кәріз желісін тазарту кезінде табылды. Қызмет ардагерлері бұрын кәріз желісінде бұдан да қорқыныштысы - өлі нәрестелердің табылғандығын еске алады. Тазалаушылардың кейде жолдары болып, кездейсоқ раковина мен ваннада сумен шайылып кететін зергерлік бұйымдар - алтын сақиналар, сырғалар, алқалы әшекейлер де табыла кетеді екен. Бірақ мұндай жайттар сирек кездеседі.

Бітелген кез-келген кәріз құдықтарынан көбінесе шүберектер, май және тұрмыстық қалдықтар көп табылады, соның ішінде памперстер мен әйелдердің гигиена құралдары да бар. Түрлі өлшемдегі баклажкалар, жануарлардың сүйектері, қой терілері және құрылыс қоқыстары да кездеседі. Айтпақшы, соның салдарынан Нұрсаядағы бүкіл үйдің кәріз жүйесін жөндеуге тура келген еді. Пәтерлерде жөндеу жұмыстарын жүргізген жаңа қоныстанушылар бүкіл қоқысты кәріз жүйесіне шайып төккен, нәтижесінде ол цементтеліп бітеліп қалған.




АСФАЛЬТТЫ НЕГЕ БҰЗАДЫ

Күн сайын диспетчерлік қызметке бітелген кәрізге қатысты шағымданған қоңыраулар түседі. Ал қолқаны қабатын қоқысты айына 80-100 мың теңге алатын АҚЖ (авариялық-қалпына келтіру жұмыстары) слесарьлары тазалайды. Атыраудағы кәріз жүйесінің басым бөлігі кеңес заманында салынған және асбест-цемент құбырлардан тұрады. Олардың қызмет ету мерзімі - 40 жыл, бұл оларды ауыстыратын уақыт келді дегенді білдіреді.

- Мұны жасау оңай емес. Құбырлар 3-4 метр тереңдікте орналасқан, олардың үстіне көп жерлерде асфальт төселген. Бұл көшені жауып, асфальт төсемін бұзып, содан кейін қайтадан асфальттау керек дегенді білдіреді, - дейді Магомед Алишаев. - Материалдық тұрғыдан алғанда да құбырларды ауыстыруға көп қаржы керек. Бірақ қажет болған жағдайда, мысалы, құбыр «отырып кетсе», яғни тозып тесілсе, мұны жасаймыз. Құбырлар көбінесе жоғарыдан бүлінеді - бүкіл қоқыс түбіне шөгеді, сондықтан оны шөгінділер жақсы қорғайды. Ал құбырдың жоғарғы жағы түрлі қоқыспен араласып, үнемі су қысымына ұшырайды. Ол «құм ағынымен өңдеу әсері» бойынша қағаздай болып жұқарады, содан кейін түгел жарылады. Тесілген жерге топырақ шөгеді де, бүкіл желі бітеліп қалады.


АУЫСТЫРМАУҒА ДА БОЛАДЫ

Әрине, менде «2013 жылдың желтоқсанынан бастап тарифтерді көтеруден түскен ақша қайда кетті?» деген сұрақ пайда болды. Сөйтсек, жаңа сорғы жабдықтарын сатып алуға және энергияны үнемдейтін технологияларды енгізуге жұмсалған екен.

Қазіргі уақытта жолдарды ауқымды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын пайдаланған «Су Арнасының» қызметкерлері өздерінің проблемалы учаскелеріндегі құбырларды ауыстыруға тырысты. Атап айтқанда, Уәлиханов көшесіндегі 60 метр құбыр жаңартылды, Авангард 4-ықшам аудандағы өздігімен ағатын коллекторда жұмыстар жүргізілді.

Енді құбырларды ауыстырмай-ақ жаңартуға мүмкіндік беретін санациялаудың жаңа технологиясы пайда болды. Мұнда ескі құбырды тазартып, оған эпоксидті шайыр сіңген киіз шұлық түріндегі түтікті кигізеді. Ол әрі қарай ыстық судың әсерінен кеңейіп, ескі құбырды ішінен орап алады. Мұндай технологияларды Азаттық даңғылында - «Ақ Жайық» қонақ үйінен №40 үйге дейінгі; Құрманғазы көшесінде - Құрманғазы-Ғұмаров қиылысынан «Голден роуз» қонақ үйіне дейінгі; Абай көшесінде - бұрынғы кеден басқармасы ғимараты орналасқан жерден Абай-Махамбет көшелерінің қиылысына дейін, содан кейін Махамбет көшесінің бойымен «Атырау Жарық» кеңсесіне қарай кететін учаскеде қолдану жоспарлануда.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді түсірген автор

3 қазан 2019, 15:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.